Грант көп, оқитын студент жоқ

0
515

Қазақстан үкіметі кейінгі төрт жылда оқу грантын 51 мыңнан 73 мыңға көбейтті. Төрт жыл бұрын әр 20 оқушының жетеуі жоғары оқу орнына тегін түсе алған. Ал былтыр 20-ның тоғызы ақысыз оқуға мүмкіндік алды.

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, жоғары білімге мүмкіндік көбейгенімен, оны игерген жастар қазір 8 пайызға азайған. KAZ.NUR.KZ тілшісі осы саланы зерттеуші мамандардан оның себебін сұрап білді.

Ұлттық стастистика бюросының мәліметінше, жоғары білімге мүмкіндік көбейгенімен, оны игерген жастар саны осы уақытта 8 пайызға кеміген.

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025 жылға дейін грант санын 75 мыңға дейін көбейтпек. Бірақ бұл халықтың жоғары білімі бар тобын көбейтуге қаншалықты әсер етеді?

Осы саланы зерттеп жүрген экономист Нұржан Әбдіразақ грант санын көбейту – білімнің көрсеткіші емес дейді. Оның сөзінше, басқа елдер де азаматтарының білімін жақсарту үшін тегін оқыту әдісін қолданбайды.

«Жоғары біліммен қамтылмай қалғандар санын «қалыпты тенденция» дер едім. Себебі біраз мемлекеттерде үкімет білім гранттарымен қамтуды міндетті деп санамайды, яғни, грант санын көтеру – білімді, білікті кадр даярлау дегенді білдірмейді» , — дейді зерттеуші.

Нұржан Әбдіразақ жастардың жоғары біліммен қамтылмауына басқа факторлар әсер ететінін айтты. Мәселен қоғамдағы жоғары білімнің маңызы түсуі мүмкін. Немесе ЖОО-да оқу бұрынға қарағанда қиындау.

«Бәлкім қазіргі жастардың сана деңгейі көтерілген шығар. Мектеп бітіре салысымен міндетті түрде ЖОО оқу керек деген стереотиптік түсініктен алшақтап жатқан шығар. АҚШ-та gap year (мектеп бітіргеннен кейінгі біржылдық демалыс — ред.ескерпесі) алады емес пе? ЖОО грантын ұтуға деген талап немесе конкурс күшейтілген шығар. Шекті балға жетпей грант ұта алмаса, ақылы оқиды, ақылы оқи алмаса – жұмыс істеуге кетеді «, — дейді ол.

Ал AIU доценті Жанар Сағалиева мемлекет бөліп отырған гранттардың игерілмей қалып жатқанын айтты. Мысалы былтыр Атырау, Маңғыстау облыстарына берілген 10 мың грант толық игерілмеген. Оған жастардың жеткілікті ақпараттанбауы себеп дейді маман.

«Қазақстан өзіне жетпей жатқан педагог сынды мамандықтарға көптеп білім гранттарын бөліп жатыр. Оған бірнеше бағдарламалар да жасалып, батыс өңірлеріне мүмкіндіктер берілді. Бірақ ол гранттар ойдағыдай игерілмеді. Оған сол жердегі халықтың жергілікті ақпараттанбауы, оларға түсіндіру жұмыстарының болмауы себеп болуы мүмкін», — дейді ол.

Жанар Сағалиеваның сөзінше де жоғары білімге деген көзқарас бұрынғыдай емес. Оған білімнің маңызы төмендеуімен қоса, грант бөлінген мамандықтарға талапкерлердің аса қызықпауы себеп екен. Әрі қазіргі ұрпақ бұрынғы мамандығын дұрыс таңдамаған буыннын қателігін қайталағысы келмейді дейді ол.

«Мемлекет педагогикаға көп грант бөледі, бірақ оған сұраныс аз. Мемлекет мамандықтарға өз генетикалық қорын сақтау үшін гранттар бөледі. Бірақ жастар арасында жоғары білім ұғымының маңызы төмендеп кеткен сияқты. Тіпті қандай да бір мамандықты бітіріп, диплом алғандардың өзі жылдам ақша табу үшін сауда-саттық не кәсіп секілді басқа салаға кетіп жатады. Қазір оқымай-ақ жетістікке жету ұғымы трендте. Меніңше, жоғары білімге деген қызығушылықтың төмендеуіне бірден-бір себеп осы», — деді ол.

Оқытушы талапкерлердің жоғары оқу орнына ата-ана ықпалымен түсетінін айтты. Өйткені жоғары білім солар үшін көбірек маңыздырақ.

«Ата-аналар қайтсе де баласына жоғары білім бергісі келеді. Бала сол мамандық бойынша жұмыс істесін, істемесін, тегін не ақылы болсын, қашықтан оқыса да – диплом алса болғаны. Бірақ жоғары білім шынында да маңызды. Төрт жыл білім бағдарламасында студент әлеуметтенеді, ортамен қарым-қатынасқа түседі. Бірақ жастардың түсінігі мұны мойындағысы келмейтін секілді», — дейді маман.

Сонымен қатар елімізде лицензиясынан айрылып, жабылып қалған университеттер де жыл сайын артып келе жатыр. Төрт жыл бұрын елде 124 жоғары оқу орны болса, қазір олардың саны – 116. Демек сегіз университет жабылып қалған.

Сәйкесінше, білім алушылар да 26 мыңға азайып кетті. Кейінгі төрт жылда жоғары біліммен қамтылған жастар азайса да, осы уақытта Қазақстан БҰҰ әлемдік білім рейтиңінде 40 орыннан 38 орынға көтерілген.

Автор: Ислам АМАНҚОС.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.