Газа секторында сұмдық вирус тарап жатыр

0
231

ХАМАС-тың басқаруындағы Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі Палестина анклавында полиомиелит эпидемиясы таралғанын мәлімдеді.

Олар жойқын індеттің таралуына Израильдің қорғаныс күштерін айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 9TV порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәлімдеуінше, Газа және көршілес елдер тұрғындарының денсаулығына қауіп төніп тұр. Жергілікті тұрғындардың тұрмыс жағдайы адам шошырлық күйде болғандықтан індет тез етек жайған көрінеді.

Соғыс салдарынан тұрғындар ауыз судан айырылған. Оған қоса аумақта қоқыс үйінділері жиналып қалған.

Денсаулық сақтау министрлігі соғысты тоқтатып, батыл шешім қабылдауға шақырды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Газа секторына полиомиелитке қарсы 1 миллион вакцина жіберетінін мәлімдеді.

Ұйым қызметкерлерінің айтуынша, Газа секторында полиомиелитті өршітіп алмас үшін тез арада атысты тоқтату керек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдері осылайша, балаларға вакцина салып, індеттің таралуын тоқтатуға болатынын айтады.

Полиомиелит – бұл полиовирус тудыратын жұқпалы ауру, ол негізінен бес жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Вирус жүйке жүйесіне зақымдап, бірнеше сағатта адамды сал етеді.

Вирус адамнан адамға фекальді-оральді жолмен беріледі. Инфекция лас су және тамақ арқылы жұғады. Вирус ішекте дамиды.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.