40 жасты тойлауға бола ма?
Қазақ халқында қырық саны киелі. «Қызға қырық үйден тыйым», «қырқында қылық шығарды», «сәбиді қырқынан шығару», «марқұмның қырқын беру» сынды сөздер бекер айтылмаса керек?
Сонымен қатар адамның 40 жасқа толған туған күнін атап өтуге байланысты қоғамда әлі күнге талас-тартыс пікір бар. Бірі «40 жасты тойлағанда тұрған ештеңе жоқ» десе, енді біреулер «40 жасты тойлау өте қауіпті» екенін айтады.
Осы мәселеге байланысты «Еуразия-1» арнасының тілшілері арнайы мамандар мен қарапайым халыққа сұрау салып көріпті.
Этнограф Тұрар Шәкен: «Қазақ үшін 40 саны өте қасиетті. Сәбиді қырқынан шығаратыны — оның сүйегіне ет бітіп болатын уақыты дейді. Ал қайтыс болған кісінің сүйегінен еті толық ажырап бітеді деп қырқын береді», — дейді.
Ал әзілкеш Қайрат Әділгерей 40 жасын «не болар екен деп, әдейі думандатып, тойлап өткіздім. Әзірге ештеңе болмады» дейді.
Бұл сұраққа қатысты нумеролог Құралай Бақыт 40 жас адамның тағдыр саны екенін айтады. «40-тың мәні өте үлкен. Адам 40 жаста ақылы толысып, қалыптасады», — деген нумеролог бұл жасқа аса мән беру керегін айтады.
40 жас туралы дінтанушы Кеңшілік Тышқан: «Туған күнді тойлау-тойламау Исламда айтылмаған. Сондай-ақ Исламда 40 жасты тойламау керек деген айтылмаған. Исламда 40 жас туралы тек пайғамбардың жасына қатысты айтылады. Пайғамбарға уахи 40 жасынан бастап келген»,- дейді.
Дайындаған Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.
Democrat.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.