Әке-шешемнің дінін ұстанбағаным үшін отбасымнан алыстадым

0
1216

Таяуда Абай Бегейдің әйелі балаларына құран жаттатып, имани тәрбие беретіндерін және онысын — әрбір ата-ананың міндеті дегенге саятын дүние айтты. Фариза ханымның бұл сөзі, пікірі, ұстанымы — балаға жасалған қастандық емес пе?

Мен де діни отбасыда дүниеге келдім. Әкем — ауылдың үлкен молдасы, ал анам — намазын қаза етпеген мұсылман әйел болатын. Ес білген шағымыздан “мұсылмансың, мұсылманға бұл — парыз, мұсылманға бұл — мәкрүһ” деген сыңайдағы сөздерді естіп өстік.

Өзге балалар секілді асыр салып ойнағымыз келетін. Алайда ата-анамыздан қорыққандықтан амалсыз намаз бөлмесіне сүйретіліп баратынбыз.

Тамағымыз кеуіп, су ішкіміз келетін, алайда ата-анамыздың күштеуімен ораза ұстап, бұратылып жүретінбіз.

Бізбен жасты балалар қалаған киімін киіп, қалаған уақытында ойнап, қалаған нәрсесін жеп жүргенде, біз ата-анамыздан қорыққандықтан тақия киіп, кең шалбармен далақтап, “халал” дейтін тамақ қана жейтінбіз.

Сурет салуды, музыка тыңдауды, шетел әдебиеттерін оқуды керемет жақсы көретінмін. Өкінішке қарай, ата-анамның қаһарынан қорқып, олардың бәрін жайнамазға айырбастап едім.

Әке-шешеміз кәдімгідей өз діни наным-сенімін бізге таңып, діни шарттарды орындауды бізге міндеттейтін. Бала — өскенше әке-шешесіне бағынышты, тәуелді.

Содан болса керек, кей ата-ана өз көзқарасын, пікірін, танымын баласына күштеп таңа отырып, өзінің үлкен билікке ие екенін көрсетуге жанталасатыны бар.

Бала — “мені өмірге әкелші” деп ата-анадан сұрап, өтінбейді. Олай болса, өзіңіз қалап әкелген балаға өз түсінік, көзқарасыңызды күштеп таңу қаншалықты дұрыс? Әлде баланы сондай мақсатпен өмірге әкелесіз бе?

Егер баланы сондай мақсатта әкелген болсаңыз, онда сізден асқан қатыгез болмағаны емес пе? Жалпы, біздің қоғамда баланы не мақсатпен туып жатқанын ойламайтын надани, сауатсыз пенделер аз емес.

Баланы туған мен, демек, мен оның қожайынымын дейтіндер көп. Меніңше, мұндай түсініктегі кісілер балаға елжіреген мейірім берудің орнына, өзінің күштілігін дәлелдегісі келетін топастар сияқты.

Қош, сонымен діни отбасыда өскен мен қазір атеистке айналдым. Себебі, менің наным-сенім көзқарасым ата-анамның түсінігімен қабыспайды.

Осы ойымды алғаш рет 19 жасымда айтқанымда, әке-шешем бұлқан-талқан ашуланды. Дін туралы айтып, о дүниемен, өліммен қорқытпақ болды. Өкінішке қарай, түк шықпады. Алайда әкем «сен сияқты дінсізге біздің үйдің есігі жабық» деп, үйге келуіме тыйым салды.

Өзім шыққан шаңыраққа әке-шешем тіріде 4-5 жылда бір баратынмын. Барсам да, әрі кетсе, 2 күн болып, кері қайтатынмын. Қазір бауырларыммен жиі көрісіп, жақын араласамыз. Ата-анам өмірден өткелі көп болды.

Қазір өзімнің екі балам бар. Екеуіне ата-ана ретінде беретін ең үлкен сыйлығым — махаббат, мейірім. Ал қандай діни сенімді таңдайды, қай жолмен жүреді — оны балаларым ақылы толысқанда, өздері таңдауы керек.

Бала — біздің жеке меншік затымыз емес. Бала — жеке бір тұлға. Екі сөздің басын қосып сөйлеуді толық меңгермеген балаға діни дүниелер айтып, санасына сіңіруді тәрбие дейтіндер — қастандық жасаушылар дер едім.

Тәрбие беру деген — өз діни наным-сеніміңді балаңа сіңіру емес. Тәрбие беру деген — сен қаламаған дүниеден баланы алыстату емес. Тәрбие — баланың жан-жақты білім алып, дамуына жол көрсету, бағыт беру.

Айдархан ЛЕСБЕКҰЛЫ, қоғам белсендісі.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.