Дәл осы трендті мектеп директорына жасай аласыз ба?

0
148

Сынып жұмысы: Біреуді төмендетпей-ақ жақсылық жасауға, мейірімді болуға бола ма?

Соңғы 2-3 айда қайдан шыққанын білмеймін, бірақ Қазақша әлеуметтік медиада мектеп оқытушысы, мектепте еден жуушы боп еңбек ететін кісі мен оқушылардың оған берген шоколады жайында видеолар көптеп тарай бастады. (Бәлкім осыған ұқсас бейнероликтер өзге елдерде де жасалған шығар, бірақ мен көрмедім).

Бұл бейнероликтердің сценарийі бір-біріне ұқсас: Оқытушы, еден жуушы әйелді сыныпқа шақырып алады да «мына жерді сүрт», «мына жерді жу», «мына жерді сыпыр», «мына жерді сиыр» деп оқушылардың көзінше бұйрық береді. Еден жуушы әйел еш қарсы келместен аласұрып оқытушының айтқанын жасай бастайды. Сонан соң оқытушы әйелдің көзін байлап, қолын жайғызады. Сол кезде оқушылар сөмкелерінен бір-бір шоколад алып, әйелдің жайылған алақанының үстіне қояды. Еден жуушы көзіндегі байлауды шешкен соң жылайды. Осылайша мектеп оқушылары мен оқытушысы еден жуушы әйелге рахметтерін айтып «мәз» қылады. Еден жуушы (кейде жылап отырып) балаларға батасын береді…

Ерсі әрі адамгершілікке сыймайтын контент…

Алғаш көргеннен тіксіндім және осынау ерсі контентті қалыптастырған «ментал әрі психологиялық жағдай не?» деп өзіме қайта-қайта сұрадым.

Менің ойымша бұның себебі – капитализм. Капитализмнің экономика түсінігіндегі аяусыздығын бір жаққа қоя тұрайық, екінші бір маңызды проблемасы адам баласын адам болудан шығаратынында жатыр.

Жоғарыда айтылған бейнероликтегі контентті ойлап тапқан адам болсын, бұл контентті «қызықты», «керемет» деп бағалаған «ақыл» болсын капитализмнің осынау екінші маңызды проблемасына қармалып қалғандық-ау деп ойлаймын.

Контент ерсі әрі адамгершіліке сыймайды, өйткені бұл контентте кемсіту бар.

Бәлкім бұл видеоны түсіргендер «балаларымызға қайырымды болуды үйреттік» деп уәж айтатын шығар, бәлкім «еден жуушыны қуанттық» деп ақталар.

Бірақ, адам болудан шығуды бәске тігіп, игі іс жасау мүмкін емес. Игі істі біреуді төмендету арқылы, оның көзін жауып, алақанын ашқызып жасау мүмкін емес және адамгершілікке сыймайды, айып етпеңіздер.

Балаларға мейірімді болуды үйретудің жолы да бұл емес! Өйткені адам ойлап тапқан құндылық (немесе Құдай берген құндылық) – кез келген адамға, жанға, тіршілік иесіне еш нәрсені бетіне баспастан, еш нәрсені күтпестен жақсылық жасауды (мейірімді болуды) міндеттейді. Мейірімді болу дегеніміз – ешкімнің қадірін түсірмей, шынайы жанашырлық таныту.

«Қойыңызшы, ондай пиғылымыз жоқ еді» дейтіндер шығатын болар. Оларға 1 ғана сұрағым бар: «Дәл осы сценарийді мектеп директорына жасай аласыз ба?

Мектеп директорын шақырып, оқушылардың көзінше мектептің кейбір мәселелерін ашық түрде айтып, бұл мәселелерді шешіп беруін бұйырып, артынша оның көзін байлап, алақанын ашқызып, оқушыларыңызға шоколадтарын ашқан алақанына қойғыза аласыз ба?».

Жауабыңыз «иә» болса, мен қойдым, расында да ондай пиғылыңыз жоқ екен. Ал егер жауабыңыз «жоқ» болса, айып етпеңіз ондай пиғылыңыз болмаса да, капитализмнің құрығына түсіп, адам болудан шыға бастаған болуыңыз мүмкін.

Соншалықты капиталист бола бермеңіз, жаным.

Тым болмаса еден жуушы жылаған болса оның көз жасының қуаныштан болумен қатар, алған стресінен кейін келген психологиялық жағдайынан туындаған болуы мүмкін екенін ойлаңыз.

Балалар мен адамдарға мейірімді болуды үйретудің ең жақсы жолы – оларды шынайы жанашырлық пен құрметке тәрбиелеу деп ойлаймын.

Сіз мейірімділікті не деп түсінесіз және оны қалай үйретер едіңіз?

Молдияр ЕРДЕБЕКОВ, журналист, сыншы.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.