«Ескіден құтылмай, жаңасы орнамайды» дейді саясаткер

0
174

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жаңа билік ескі Қазақстанмен қатты күрес жүргізіп жатқанын айтты, — деп хабарлайды Democrat.kz. Ақпараттық порталы  Dalanews.kz.-ке сілтеме жасап.

«Материалдық тұрғыдан қарағанда жаңа, ескі деп бөлетін ештеңесі жоқ. Бір халық, бір билік, бір мемлекет, бір Қазақстан. Бірақ  саяси сана тұрғысында деградация жасау дұрыс деп санаймын. Себебі ескі жүйеден құтылу керек қой. Соның бір шекарасы болуы керек.

Шекарадан бастап жаңа Қазақстан деп бөліп алғанымыз болмаса, бәрі бір Қазақстан ғой. Ескіден құтылмайынша ешқашан жаңа болмайды. Ескінің өкілдері әлі отыр. Қазір Назарбаевтың адамдары, өкілдері, әлдеқандай олигархтары әсіресе экономика, қаржы, энергетика саласында  әсер етуге ықпал етіп отыр, күшін салып жатыр.

Жаңа билік елге, халыққа жария етпей, үн-түнсіз, астыртын түрде ескі Қазақстанмен қарқынды күресіп жатыр. Тимур Құлыбаевқа қандай әрекеттер жасалып жатқанын білемін, бірақ оны жария ете алмаймын», — дейді депутат «Мүмкін емес» youtube-арнасына берген сұхбатында.

Бапидің сөзінше, Назарбаевтың төңірегінде жүрген басқа да олигархтарға қатысты біраз шаруалар істеліп жатқан көрінеді.

«Менің ойымша, оның бәрі біртіндеп жария болады. Тоқаевтың былтыр қыста «Біз Қазақстанды қадам-қадаммен өзгертеміз» деген сөзі бар ғой. Сол «қадам-қадамына» сенуге тура келеді.

Басқа үміт жоқ. Соған байланысты біртіндеп жария болады деп ойлаймын. Себебі жария болмаса қоғам жаңа биліктің іс-әрекетіне сенбейді. (…) Мысалы Тұрғымбаевтың мәселесі. Оны «ей, ананы қамаңдар» деген жоқ қой. Ол астыртын жүріп келген шаруаның нәтижесі. Жалғасы жүріп жатыр», — дейді Ермұрат Бапи.

Сонымен қатар,  депутат Қаңтар оқиғасынан кейін ұстала бастаған адамдар туралы ойын айтты.

«Самат Әбіштің соты күлкілі болды. Бұл да қоғамның билікке сенімсіздігін тудырады. 8 жыл шартты түрде соттау деген не? Осының бәрі қоғамға кері әсерін тигізеді», — дейді депутат.

Фото ашық дереккөзден алынды.