Қазақ мектебін көбейтудің жалғыз жолы бар

0
1182

Білімімен, тәжірибесімен, біліктілігімен танымал ұстаз Ақмарал Шатемірқызы Қазақстанның әр өңіріндегі қазақ мектептерінің санын анықтап, жоғары билікке сұрау салған еді. Бұл туралы Democrat.kz. ақпараттық порталда ұстаздың жан айқайы тұтас жарияланды.

Ақмарал Шатемірқызының жинақтаған деректеріне қарап, жаға да ұстадық, іштегі ыза да бұрқ еткені мәлім. Аты айтып тұрғанындай, Қазақ деген елде қазақ тілінде оқытатын мектеп саны масқара жағдайда аз екен. Ең болмаса 50/50 де емес-ау, көп жерлерде 30-35 пайыздық межеден аспайды да екен.

“Қазақы өңір” саналатын Шымкенттегі 150 мектептің 60-ы ғана таза қазақ тілінде болса, алып Алматының 215 мектебінің 76-сы мемлекеттік тілде оқытады. Ал басқа аймақтар туралы айтудың өзі қорқынышты. Бұл дегеніміз нені білдіреді?

“Мемлекеттік тілді қолдайық!”, “қазақ тілінде сөйлес!” деген жалаң ұранның жетегінде соңғы ширек ғасырда босқа шапқылаған екен бұл қазақ. Бәрі бос! “Мемлекеттік тілді дамытуға” деген желеумен ел бюджетінен триллиондап қаржы бөлінді. Түк шықпады. Неге?

Себебі,  аралас, орыс мектептерінен  қазақша білім алмаған оқушыны миллиондап шығарып жатқан жоқпыз ба?! “Ойбай, қазақ тілі пәнін дұрыс оқытпайды” деп мұғалімге пәле салдық. “Баласын орыс мектепке береді” деп ата-анаға кінә артып, туладық. Сөйтсек, кінә мен күнә ата-анада да, мұғалімде де емес, жоғары билікте екен.

Өз басымыздан өткен жағдай арқылы әрі мысал, әрі дәлел келтіріп көрейік. Алматының Түрксіб ауданындағы №61 аралас (!) мектепке  1 сыныпта ұлым оқиды. Аралас деген аты ғана. Мектептің 80 пайызы орыс сыныптарынан құралған. Қазақшасы тек бастауышта.

Неге таза қазақша мектепке баламызды бермедік? Өйткені ондай мектеп бұл ауданда санаулы ғана! Бірі сонау алыстағы Жұлдыз, Қайрат ықшамауданы жақта болса, №59 мектепте ине шаншар жер жоқ. Амалсыз ең жақын деген аралас мектепке бардық.

Аралас дегеніміз ашығын айтқанда, мәңгүрттерді “оптом” шығаратын орын деуге болады. Қаланың таза қазақ мектептерінің өзінде қазақша таза сөйлейтін оқушы табу қиын. Ал аралас дегеніміз айтпаса да, түсінікті мәселе ғой.

Кейбіреулер “баласын орыс мектепке берді” деп өзгелерді жазғырып жатады. Орыс мектебіне баласын бергендердің 70-80 пайызы шарасыздықтан осы қадамға барғанын сіз білесіз бе?

Енді біреулер “мектепте қазақ тілін мұғалім дұрыс оқытпайды” дейді. Оқытатын оқушысы мен сабақ өтетін қазақ мектебі болмаса, кім кімді оқытады? Бар қазақ мектебінде иін тіресіп бір сыныпта 35-40 оқушыға дейін отыр. Ал араласта әрі кетсе, 20-25 оқушы.

Кейбіреулер аралас мектептің білімі жақсы деп жатады. Әбден мүмкін! Себебі 20-25 балаға білім беру оңай ма, әлде 35-40 баланы оқыту оңай ма? Осыдан кейін ата-ана мәжбүрлі түрде қай мектепті таңдайды? Ал аралас мектептің баласы болашақта кім болатыны айтпаса да түсінікті.

Ақмарал Шатемірқызы келтірген деректердің барлығы керісінше болғанда, мысалы Шымкенттегі 150 мектептің 60-ғана орыс және аралас, қалған 90-ы таза қазақша, Алматыдағы 215 мектептің 76-сы аралас және орысша, ал қалған 139-ы таза қазақша болса… Қай ата-ана баласын аралас мектепке сүйрер еді? Қай мұғалім оқушысын басқа тілде оқытар еді?

Олай болса, қазақша мектепке қоғам тарапынан табанды түрде сұраныс болмай, ана тілімізге қатысты жақ ашудың қажеті жоқ. Қазақ елінің мемлекеттік тілінің үстем құруы да, қазақ тілінің  мемлекеттік тұғырына шынайы шығуы да халықтың өз қолында.

Бар болғаны биліктен қазақ мектептерін ашуды заңды түрде талап ету. Соңғы ресми мәлімет бойынша Қазақстанда мемлекетті құраушы ұлт қазақтың сан көрсеткіші 60 пайыздан асып жығылғаны мәлім.

Олай болса, өз жерінде өз тілінде білім беретін мектептің көптеп ашылуын талап ету — әрбіріміздің азаматтық құқығымыз емес пе? Азаматтық құқықты пайдаланудың тиімді әрі жалғыз жолы да — петиция жариялап, қол жинау. Қалай ойлайсыз?

Меруерт ХУСАИНОВА,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.