Қазақ тілінің қажеті бар ма?
Facebook әлеуметтік желісінде экономикалық сараптамаларымен жұртшылыққа танымал азамат Сәбит Рысбаев қазақ тіліне байланысты қызықты жазба жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.ақпараттық порталы.
“Қазақ тілі, анау мынау деп қырта бермей орысшаны бәріне міндеттей салу керек қой. Бәрібір қазақшаны ешкім керек қылмайды. Биліктің 90% орысша түс көреді. Ауладағы балалар 95% орысша сөйлеседі. Өз өзімізді алдағанша.
Мысалы, мемлекеттік қызметке жұмысқа қабылдайды. Қазақ тілінен тест тапсырады. Бірақ сол тестті 100% қате істесең де бәрібір. Туалетке кіріп шыққан сияқты. Ешкім оны назарға алмайды. Бір ауыз қазақша білмейтіндер өріп жүр. Бәрі тест тапсырған. Соны құрығанда 50% десе жұрт қазақша оқыр еді.
Қазіргі жағдаймен біз керісінше адамдарды алалап жатырмыз. Ауылдан келгендер орысша білмейді. Орысша білмеген соң дені дұрыс жұмысқа алмайды. Оның құқығын таптаймыз.
Одан да бұл елде басты тіл орысша деп бәрін орысша оқыта салсаң тең мүмкіндік бересің. Ақшасы барлар орысша сөйлейді. Жалаңаяқтар қазақша. Не керек олай? Қазақ тіліне сұраныс тудырмаған соң, заңмен шегелеп қоймаған соң ляляля не керек?” деп жазды Сәбит Рысбаев.
Осы жазбаға қатысты оқырманы “шындығы осы ғой”, “қазақ тілі үшін күреске миллиардтап қаржы бөлінуде, нәтижесі жоқ”, “дәл солай” деген сыңайда пікір білдіруде. Ал кейбірі “тіліміз үшін күресті тоқтатпауымыз керек”, “жоқ, тілімізді қорғау үшін халық жаппай митингіге шығуы керек” деп пікір жазуда.
Жалпы, осы мемлекеттік тіл мәселесінің ширек ғасырдан бері шешімін таппай келе жатқанына не себеп? Біріншіден, Қазақстан атты елде қазақ баласы оқитын мектептің саны өзге тілді мектептен екі есе аз.
Екіншіден, әр қазақ баласының қолында жүрген смартфон олардың тілін орысша шығаруда. Үшіншіден, баламыз көретін, қызығатын ешбір дүние қазақ тілінде емес. Төртіншіден, үлкендер жағы орысша білмегені үшін нанынан қағылғаны үшін еріксіз баласын орыс тілін үйренсін деп көндіккен.
Себебі бізді басқарып отырған биліктің тілі — орысша. Бұл тығырықтан шығатын жалғыз ғана жол бар — биліктің тілі қазақшаланбай, Қазақстанда мемлекеттік тіл туралы айтудың өзі артық.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.