Қазаққа АЭС керек пе?
Егер көліктер жанармаймен емес уранмен жүретін болса, мұнай дәуірі баяғыда бітер еді. Өйткені екі киллограмм уранмен менің элантрам 17 мың жыл тоқтамай жүреді екен.
Жақында осындай жаңалықты оқып шок болдым. Бірақ бұл ядролық отын өте қауіпті. Сондықтан бұл болмайтын әңгіме деуге болады.
Бірақ қуаты күшті ураннан энергия көзін алуға болады. Мәселен 1 кг уран — 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады. Ал, біздің ел уран өндіруден әлемде көш бастап тұр десек, одан алынатын энергия көзімен бүкіл қазақ даласын жарқыратып тастауға болады.
Бірақ біз шикізатты шетелге сатып, өзіміз екі күннің бірінде свет жоқ деп свечканың жарығына телміріп отырмыз.
Өйткені Қазақстандағы энергетикалық нысандардың 80% әбден тозған. Кеңестік кезеңнен қалған ТЭЦ, ГЭС дегендер мүлде жаңартылмаған. Сондықтан соңғы жылдары АЭС салайық деген әңгімелер айтылып жүр. Бұл ғасыр жобасын жақтайтындар да даттайтындар да бар.
Чернобыль апатын әлі ұмыта қоймаған қазақтың қорқатыны белгілі. Тіпті Семей полигонынан зардап шегіп келген жұрттың жанжарасын бір сәтте жазып жібере алмайсың. Бірақ өткен қателіктерден опық жедік деп отыра беруге тағы болмайды. Бүгінгі заманның нығметін көріп, ғылыми мүмкіндіктерді пайдалану керек шығар?!
Өйткені АЭС салу тек Қазақстан қолдап отырған шешім емес. Қазірдің өзінде әлемнің 32 елінде 440-тан астам ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Тағы
20-ға жуық мемлекет атом электр станциясын салу мүмкіндігін қарастырып жатыр екен. Олардың арасында Чили, Индонезия, Алжир, Филиппин, Эфиопия, Сенегал сияқты дами қоймаған мемлекеттер де бар.
Ал, біздің елде АЭС салу мәселесін халық шешеді. Президент мұндай маңызды сұрақ жалпыұлттық референдум негізінде қабылданатынын айтқан болатын. Күздің тағы бір жексенбісінде дауыс беруге барамыз, бұйырса.
Ал, сіз АЭС құрылысын қолдайсыз ба? Иә немесе жоқ деген жауабыңызды комментке қалдырыңыз. Осы жерде кішігірім референдум жасап көрейік.
Диас НҰРАҚЫН, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін алынды.