Мәйіттің донор болуы – бизнес пе, адами көмек пе?

0
308

Таяуда қоғамдық талқыға тағы да донорлық тақырыбы түсті. Тағы да дейтініміз, мәйіттің жарамды ағзасын алу, яғни донорлық мәселесі бірнеше жылдан бері толық шешімі табылмаған тақырыптың бірі.

Естеріңізде болса, ең алғаш қайтыс болған кісінің жарамды органын трансплантация жолымен тірі адамға ауыстыру туралы бұрынғы Денсаулық министрі Елжан Біртанов ұсынған болатын. Кейінірек еліміздің әрбір азаматы e-gov арқылы донор болуға келісу, келіспеу туралы мәлімет бере алатын мүмкіндік жасалды. Таяуда «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, марқұмдардың ағзаларын алуға рұқсат сұрау тәртібін өзгертуді үкіметке ұсынатындарын мәлімдеді. Нақтырақ айтсақ, рұқсат сұрау түсінігін жойып, «үнсіз қалғаны – келіскені»  ұғымын енгізу туралы ұсыныс жасамақ екен.

Егер бұл ұсыныс қабылданса, бұдан былай хал үстінде жатқан азаматтың электрондық үкімет порталында дене мүшелерін пайдалануға қатысты пікірі болмаса, органы реципиентке, яғни донорлыққа беріледі. Бұған дейінгі шарт бойынша  науқасқа «ми өлімі» диагнозы қойылса, дәрігерлер «e-gov» порталынан марқұмның донорлыққа қатысты пікірін қарастырылатын. Бірақ көп жағдайда сырқаттың жақындары туыстарының органын беруге қарсы шығады. Алайда бұл дұрыс тәжірибе емес дейді мамандар. Өйткені, донор бола ма, жоқ па, ол – әр адамның жеке таңдауы. Түзетулердің негізгі себебі де сол. Ал өтінішті рәсімдеу үшін электрондық үкімет порталына кіріп, «Дансаулық сақтау» бөліміне, кейін оң жақ бұрыштағы «Трансплантаттау мақсатында ағзалардың және тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» бөліміне өтесіз. Сосын, «онлайн сұрау» батырмасын басып, екі нұсқаның бірін таңдайсыз. Пікіріңізді, электрондық цифрлық қолтаңбамен бекітесіз. Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да трасплантация жасау, яғни бір адамның кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстыруға рұқсат етіледі деп пікір білдіріп отыр.

Қайтыс болған адамның жарамды органын басқа науқасқа алу туралы мәселенің көтерілгеніне аз болмады. Десек те, бұл тақырып қалай сөз болды, сол сәттен-ақ қоғамның қарсылығына тап болғаны есте. Қазір де көзі жұмыла қалса, сау органын өзгеге беруді ойлайтындар арамызда көп емес.

Қазақстанда трансплантологиялық қызмет орталығы 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Елімізде бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе мен ұйқы безін алмастыратын отандық білікті хирургтар бар. Трансплантология орталығының ресми сайтындағы мәлімет бойынша,  дәл бүгінгі күні 3919 азаматымыз донор күтіп жатса, олардың 3574-і бүйректің ауыр науқасына шалдыққандар екен. Донор болатын орган күтіп 113 бала жатқаны тағы бар.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, Қазақстан бойынша қайтыс болған соң жарамды органын өзгеге беруге дайын азаматтардың ең көп саны Солтүстік Қазақстан облысында. Сонымен қатар донор болуды азаматтық борышы санайтындардың келесі бір легі Қостанай, Павлодар, Ақмола облысында екен. Керісінше, өлгеннен кейін сау ағзасын алуға түбегейлі қарсы азаматтардың көбі оңтүстік пен батыс өңірінің тұрғындары көрінеді. 2020 жылы елімізде 20 мәйіттің органы 47 адамға өмір сыйлаған екен. Қазақ қоғамы үшін, әрине, мұндай жағдайлар әлі де түсініксіз болары анық. Оған себеп те жоқ емес. Себептің ең бастысы да – отандық медицинаға деген халықтың сенімсіздігі. Әлеуметтік желілерде талқыға түскен тақырыпқа «біздің дәрігерлер адам ағзасын сату үшін сау адамға ажал құштыруы ғажап емес» деген сарындағы пікір жазғандар көп.

Мәселен, медицина саласында ұзақ жыл қызмет еткен қызылжарлық Марал Зейнел Ғабиқызы Facebook парақшасында: «Қырық жыл дәрігер болдым. Әлі есімнен кетпейді жас қыз но-шпа дәрісін көп ішіп қойып, комаға түсті. Бірнеше күннен кеиін аппараттан ажыратты. Миы өлді, адам болмайды деп қортынды шығарды. Сол баланы әлі ойлап жүремін. Кім біледі, қатарға қосылып кетер ме еді? Адам организмы жұмбақ. Ол барлық қиындықтарды жеңіп шығатын кездері болады. Біреудің өмірін ұзарту үшін әлі жаны шықпаған адамды малша союға түбегейлі қарсымын. Жауыздық. Тірі кезінде қолхат берсе, соңғы демі таусылған соң екі сағаттан кейін алыңдар. Әжетке жараса»,- деп жазды. Ал «өлген соң органыңызды алуға келісесіз бе?» деген қоғам белсендісі Оңғар Қабденнің сауалына жауап жазған жүздеген кісінің пікірі «егер отандық медицинаға сенім болғанда, қайтыс болғанымда, тірі адамның саулығы үшін органымды берер едім. Өкінішке қарай, біздегі медицинаның сиқы белгілі. Сенім жоқ» дегенге саяды. Осынау пікір арасында «Тегін дүние жоқ. Әрбір ағзаның мемлекеттік бағасын шығарып , отбасына төленген соң ғана беруге болады! Олай етпесе , ауруханаға түскен кісі — тірі шықпай кетуі мүмкін» деген Ғалымжан Сәдуақасұлының пайымы қисынға келетіндей. Сіз қалай ойлайсыз, донор болмас бұрын, ең алдымен белгілі бір келісім жасаған дұрыс па?

                                                            Меруерт ХУСАИНОВА,

                                                                                    Democrat.kz

Фотолар ашық дереккөзден алынды.