Мемлекетке салық төлемеген блогерлер анықталды

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) блогерлерге кірістерін төмендету бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекеттік кіріс органдары салық міндеттемелерінің толық орындалуын қамтамасыз ету мақсатында блогерлерді қоса алғанда, жеке тұлғаларға салықтық әкімшілендіруді тұрақты негізде жүргізіп келеді.
«Бақылау барысында уәкілетті мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимыл жасалып, әртүрлі ақпарат көздерінен алынған деректер ұсынылған салық декларацияларының мәліметтерімен салыстырылды.
Нәтижесінде 594 тұлғаның салықтық есептілігінде 53,3 млрд теңге көлемінде сәйкессіздік анықталды. Осыған байланысты 13-14 ақпан күндері салық төлемдерін төмендету фактілері бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді”, — делінген хабарламада.
Құжатта көрсетілген талаптарды орындау үшін азаматтар қосымша салық есептілігін тапсырып, өз бетінше есептелген салықтарды төлеуі қажет. Егер хабарламамен келіспесе, түсіндірме ұсынуға құқылы. Хабарламаның орындалу мерзімі – 30 жұмыс күні.
Мемлекеттік кірістер комитеті табыс табу кезінде салық төлеу міндетті екенін еске салады. Бұл талап онлайн-жарнама, ақпараттық өнімдерді сату, оқыту курстарын өткізу, ұтыс ойындарын ұйымдастыру сияқты интернет-ресурстар арқылы табыс табатын азаматтарға да қатысты. Салық міндеттемелері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Салық кодексінде белгіленген.