Мұғалімді ата-анадан қорғайтын заң керек

0
617

Кеше Democrat.kz. Ақпараттық порталында “Қит етсе, мұғалімді кінәлаймыз” атты мақала жарияланған еді. Осыған орай редакциямызға хабарласқан алматылық оқырманымыз өз ойымен бөлісті.

Өзін Балжан Айтмағамбетқызы деп таныстырған оқырманымыз жоғарыда сөз еткен мақалаға қатысты қолдауын білдіріп, өз басынан өткен жайтты баяндап берді. Балжан Айтмағамбетқызының айтқандарын өзгертпеген күйі назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

“Тұп-тура сегіз жыл мұғалім болып жұмыс істедім. Бала күнімнен армандаған мамандығым еді. Алайда менің сол арманымды оқушы емес, оның ата-анасы буындырып өлтірді десем болады. Бастауыш, орта және жоғары сыныптарда сабақ бердім. Ешбірінің айырмашылығы жоқ.

Бәрінде де ата-ана “миымды қағып”, жұмысыма кедергі келтіріп, титықтатып жіберді. 5 сыныптың жетекшілігін алдым. Сыныбымда оқу үлгерімі төмен оқушы өте көп болды. Үлгерімін қоя берші, тәртіптері тіпті сорақы еді. Ата-аналар жиналысын өткіземін, санаулы ғана ата-ана келеді.

Қалғандарына хабарлассаң, бірі “уақытым жоқ” десе, енді бірі “белгілі ғой не үшін шақырып жатқаның, ақша жинау шығар сол баяғы” деп өте дөрекі жауап беретін. Сегіз жылда неше түрлі ата-ананы көрдім. Жайшылықта ақылды, сыпайы, керемет боп жүретін талай ата-ананың шынайы жүзін мен мектепте жұмыс істеп жүргенде көрдім.

Баласының сабақ үлгерімі төмен болса, мұғалім кінәлі. Баласы бұзықтық жасаса, мұғалім кінәлі. Білесіз бе, ұстаздық еткен жылдарымда байқағаным, көбінесе көп балалы отбасының баласы мен оның ата-анасында жауапкершілік болмайтын. Менің сыныбымда көп балалы отбасыдан шыққан бала көп еді.

Сондай тәртіпсіз  бір оқушымның шешесін шақыртқанымда: “Уақытым жоқ. Сендерге баламызды адам етсін деп тапсырдық. Оқытыңдар, үйретіңдер! Сол үшін мемлекет үйіп-төгіп айлық беріп отыр!” деп телефон тұтқасын тастай салғаны бар. Бүкіл көп балалы отбасының баласы сондай деуден аулақпын.

Алайда баланың білімі мен тәрбиесі мұғалімге емес, ең алдымен ата-анасына тікелей байланысты екенін айтқым келеді. Мұғалім 45 минутта 25 баланың бәрінің миына білім мен тәрбиені қалай құяды? Мектептен келген соң ата-ана баласымен қосымша жұмыс істесе, оқытса, үйретсе ғана білімді, тәрбиелі бала шығады. Ал бізде не?

Бала сабақтан келген соң, оған көңіл бөлетін ата-ана саусақпен санарлық қой!? Және ең сұмдығы, дәл сондай ата-ана пәлеқор, шағымшыл боп келеді. Өкінішке қарай, ондай ата-ананың баласы да қит етсе, мектептегі бүкіл жағдайды ата-анасына жеткізіп баратындар қатарынан болады. Аз да болса, сегіз жылдық ұстаздық өмірімде түсінгенім, біздің елде бала туудың жаупкершілігін түсінетін ата-ана аз.

Тудым, өйтіп-бүйтіп өсіп кетеді деген топас түсініктің қалыптасқаны сондай, кей ата-аналар баланы жыл сайын табады десем, артық болмас. Жыл сайын бала тапсын! Қарсылығым жоқ. Алайда бірінші бала енді тәй-тәй басып жүре бастағанда, екіншісімен әуре болатын ата-ана біріншіге толыққанды тәрбие бере ала ма?

Әр бала жеке тұлға екенін қазіргі ата-аналардың 90 пайызы түсінбейді, бар болғаны түсінген сияқты кейіп танытады. Міне, сондай балаға жауапсыз, сауатсыз ата-аналардың кесірінен де қоғам білімсіз, тәрбиесіз балаға толып барады.

Қит етсе, мұғалімге бар пәлені жаппай, Мемлекет тарапынан мұғалімдерді қорғайтын, мұғалімнің дәрежесін көтеретін мықты бір заң шықпайынша, білім саласының құрдымға кеткені кеткен. Сонымен қатар ата-аналарға да тыйым салатын және міндеттейтін заң шығару керек. Бұлай кете берсе, алдағы уақытта сауатсыз қоғамға айналамыз”,- дейді бұрынғы мұғалім, қазіргі жеке кәсіпкер Балжан Айтмағамбетқызы.

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Өз ой-пікірлеріңіз болса, ортаға салыңыз, хабарласыңыз.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.