Салыққа ілінген блогерлер ашуға мінді

0
376

Танымал блогерлер бас-басына 1 миллиард теңгеге дейін қарыз жазған салық органдарының талабына наразылық білдіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бейбіт Әлібековтың айтуынша, қарапайым есептеу амалдары арқылы ғана блогерлер миллиардтап салық төлейтіндей пайда көрмейтінін түсінуге болады.

«БАҚ беттеріндегі жаңалықты оқыдым – блогерлер бір айда 53 миллиард салық төлеу керек екен, яғни құн салығы 10 пайыз болса, 600 адам 533 миллиард теңге – 1,07 млрд миллиард табыс тапқан болып отыр. Онда 60 мың блогер 107 миллиард доллар табады, яғни еліміздің жалпы ішкі өнімінің үштен бірін жасай алады деген сөз ғой. Онда мұнайдың не қажеті бар? Блогерлерді шығарайық. Бізге блогерөндіруші сала керек», – деді Әлібеков Telegram-дағы парақшасында.

Салық органдары есептеген сома шындыққа жанаспайтынын оның әріптесі Әлішер Елікбаев та айтып отыр.

«Маған да осылай ұшып келді ғой. 5 миллионнан мен 500-600 мың теңге салық төлеуім керек пе?! Бірақ маған оны көрсетіңдер! Қалай санадыңдар? Нені есептедіңдер? Мен анама, әкеме ай сайын ақша жіберемін – соны да табысқа қостыңдар ма? Өз депозитімнен өз шотыма ақша аударғаным да салық есебіне кіріп кеткен сияқты. Қалай есептегендеріңді көрсетіңдер, содан кейін сөйлесейік», – деді блогер КТК арнасына берген сұхбатында.

Айта кетейік, 2025 жылдан бастап Қазақстанда салық органдары мобильді аударымдар мен азаматтар кірісін қатаң бақылауға ала бастады. Енді банктер барлық картасындағы қаржы айналымы туралы мәліметті ұсынуға міндетті.