Талғар TikTok-пен басқарылатын қалаға айналды

0
57

Тик-Токпен басқарылатын Талғар. Әбілқайыр әкім қазақ өмірін қалай өзгертті? Лирикасы басым пролог. Осы әңгімені жазуға түрткі болған фракталдар туралы.

Бүгін Магнум жақтан өтіп бара жатып, қазақ халқының соңғы екі жылда ғаламат трансформацияға түсіп жатқаны туралы ой келді. Одан халық мықты бола түседі.

Кезінде көп жылаған халықтың енді бақытты болуға құқығы бар. Менің бұл әңгімем сіздің жүрегіңізге нұр сәулесін түсіріп, тоң болып қатып қалған сеңді шымшыта жібітіп, әр тамырыңызға қуаныш қанын тамшылата бойлататыны сөзсіз.

Цифрге жүрдек болсақ та, асау қара сөзді де тайша үйретіп жайдақ міне алатын қабілетті су бүркіп оятып, шабыт тұлпарына түстен кейін қарғып міндім.

Қазақ өмірін өзгертетін адамдар болады. Олар бұл жерге тарихи миссиямен келеді. Біреуі кезінде сіз оңай төлем жасай салған банк қосымшасын жазып берген, біреу сіз жұмысқа тез барсын деп жолды картаға сызған, біреу жеріңізді басқа мемлекетке қосып беруден сақтап қалған. Оларды біз біле бермейміз.

“Бәрі жақсы болады деген бір постыңызды оқып қалып, кешке асылайын деп тұрған арқанды қоқысқа лақтырып жібердім. Одан кейін жұмыс тауып, жақсы ұжымға кезігіп, адам болып кеттім”, – деген еді метрода бір жігіт. Бәрі жақсы болуы біздің миымызда жатыр.

Бүгін Шерзаттың ісі бойынша сот басталды. Осы жас баланың өлімі қоғамды дүрліктіріп, Талғар қаласының әкімінен бастап барлық басшыларының қызметтен кетуіне себеп болған.

Одан кейін Талғарға әкім тағайындау арқылы емес, халықтың өзі таңдап сайлау арқылы келетін болды. Тұңғыш сайлауда Талғарда тұратын эколог, “Талғар тұрғын үй” фирмасын басқарып, сол арқылы қаланың бүкіл коммуналды проблемасын біліп отырған 40 жастан асқан Арыстанбек деген жігіт жеңіп шығады.

Сол кезде оны “қазақтың Зеленскийі” атап кеткен, себебі ол нағыз әділ дауыспен жеңген алғашқы әкім болатын.

Қысқа уақытта Арыстанбек Әбілқайырұлы халықтың проблемасын шешудің тез жолын тапты. Ол күнде тик-токта жазылған комментарийдегі 9-10 адреске барып, сондағы мәселені шешіп, адамдармен кездесіп, видеосын есеп ретінде салып отырды.

Тіпті Нұрлан имам сияқты үйде шәй ішіп отырып, адамдардың тик токтағы сұрақтарына жауап бере бастады. Аз уақыттың ішінде Талғар халқы өз әкімдерінің кім екенін білді. Барлығы танып алған. Ал бұған дейін басқа әкімдерді олар жылдап көрмейтін.

Талғарда әкімді қабылдау бөлмесінде күту, айлап кіре алмау деген әңгіме мүлде тоқтады. Қазір ешкім акиматқа бармайды.

Тик тогына адрес жазсаң, екі сағатта әкімнің өзі саған курьер сияқты жетіп келеді. Себебі ол кабинетте отырмай, күні бойы көлікпен Талғарды аралап жүретін болған.

Арыстанбек әкімді қазір басқа аудандар, әсіресе Қарасай мен Іле аудандарының халқы бізге ауысып келсін деп сұрап отыр. Оған Талғар халқы әкімімізді жібермейміз деп қарсы шығуда.

Әкім аз уақытта көшелердегі жарықтандыруды реттеді. Көп жерде асфальт жоқ. Бірақ оны бюджет жоспарына кіргізу керек, апыр-топыр жасай алмайсың. Ондай кезде жанына грейдер алып алып, құрығанда көшелерін сол сәтте тегістеп тастауды әдетке айналдырды.

Мықты әкім рецепті мынада: тик-ток арқылы тұрғындар проблемасын жинап аласың. Қасыңа грейдер, трактор, сантехник, электрик, сварщик, плотник сияқты 7-8 маманды техникасымен, материалымен алып жүресің.

Сөйтіп өз ауданыңды аралайсың. Күніне 4 проблема шешсең, айына 120 проблема шешіледі. Істеген жұмысыңды тик токқа салып отыруды ұмытпайсың. Ақыры 3 айда проблемалардың бәрін шешіп бітесің. Атың тарихта қалады.

Қазір Арыстанбек өзі білмесе де ақырындап бүкіл Қазақстандағы жергілікті басқару системасының психологиясын өзгертіп жатыр.

Оны “әкім визионер” деп атауға болады. Талғардағы осы жүйені бүкіл елге масштабтай білсек, онда шынымен де өрлеу жолына түсеміз. Сонда халық билікке сене тастайды. Және өзі бір жағына болысып, екі жақтасып мемлекетті дамытады.

Сондықтан Талғардың әкімі ертең біздің дамыған, технологиялық елде тұруымыздың бір кірпішін қалай бастады. Оны өсіру де, өшіру де өз қолымызда. Сіз нені таңдайсыз?

Айбар ОЛЖАЕВ, экономист-сарапшы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен.