«…тоқалдардың талайы күйеулерін түрмеге тығып жатыр» дейді жазушы Бибігүл Иманғазина

0
809

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы!

«Жас Алаш» (№63, 20 тамыз 2024 жыл) газетінен Айнұр Төлешованың «Қызылордада жасөспірім қызды зорлап келген 1000 еркек кім?» деген мақаласын оқығаныма үш күн өтсе де, есімді жинай алмай жүрмін.

Пысықайлар талай масқараны жауып тастап келеді ғой, сондықтан да сізді хабардар ету үшін, осы Ашық хатты жазуға мәжбүр болып отырмын.

Ең алдымен осы масқара мәселені жария етіп отырған Айнұр қызыма аналық жүрегіммен ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын. Бұл кез келген тілшінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан мұндай тілшілерді қорғап, қолдап жүру де әділеттіліктің ең үлкені болар еді.

Бұл мақала арқылы бүгінгі қазақтың қыздарының қандай жағдайда екенін кім болса да көз алдына елестете алатыны анық!

Қазақтың қызының намысы мен ұяты үшін басын өлімге де тіге алатынын, қазақтың қызының қайсарлығын, қайырымдылық қасиеттерін мен «Тауқымет» атты роман-трилогиямда жазған болатынмын. Осы романым 40 жылдан бері оқырманын жоғалтпай келе жатыр.

Арманым актриса болу еді. Консерваторияға қабылданған күні қуанышым қойныма сыймай жатақханадағы бөлмеме жүгіре жетіп, бөлмемнің есігін ашып жатқанымда соңымнан қалмай жүрген бір еңгезердей жігіт арқамнан итеріп жіберіп, есікті құлыптап алды.

Қолында пышақ. «Менің тап қазір әйелім боласың, әйтпесе екеуміз де өлеміз» деп көзі қанталап, бас салды. Күшім таусылғанша алыстым, ақыры ашық тұрған терезеден қарғып кеттім де, мәңгілік мүгедек болып қалдым.

Одан бері 65 жыл өтіпті. Осы жылдары мүгедектіктің бар тауқыметін тартып келемін.

Жоғарыдағы мақала есі бар адамның есін есеңгіретеді. Әр жерден қыз балаларға деген қысым мен зорлық-зомбылық туралы естіп жүретінбіз.

Осыдан төрт жыл бұрын «Ұлт жоспарының тірегі – әділетті үкімет» деген мақала жазған болатынмын. Сол мақалама ризашылығыңызды білдіріп маған хат жазғансыз.

Сол мақаламда қыздарға зорлық көрсетудің белең алып бара жатқанын айта келіп: «Қыз баланың намысын таптап жүрген адам кейіпті айуандарға кешірім беру өте қауіпті!» деп жазған болатынмын.

Сол мақаламда «Дүниеге тоймайтын, бірінің алдында бірі қыр көрсететін, белгіленген, белгіленбеген тоқалдардың талайы күйеулерін түрмеге тығып жатыр.

Ең масқарасы – ол тоқалдар майлышелпегі мол жерлерге бастық болатындарын қайтерсіз. Білімсіз, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін сол тоқалдар төбемізді тесетін болды» деп те жазған ем.

Өзі ар-намыстан жұрдай тоқалдар мен ашыналарға дүниедан басқа ештеңе керек емес. Отбасынан, балабақшасында ұласып, мектепке жететін балапандарымызды кімдер тәрбиелеп жатыр?!

90-жылдардың басында Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болған ем. Біз ай сайын жиналатынбыз.

Мүгедек менің өзім көлікпен Қазақстанның бар аймағын аралап, мыңдаған әйелдермен, мүгедектермен кездескен болатынмын. Бірде-бір хатты қараусыз қалдырмайтынбыз.

Бүгінде облыс әкімшілігінің жанынан құрылған ұлттық комиссияның бірде-бір мүшесін майшаммен іздесеңіз де таба алмайсыз, тіпті соларды іздегенің үшін өзің жазықты боласың. Бұған менің бірнеше дәлелім бар.

Бір мектептің директорына телефон соғып, бір отбасында болып жатқан жағдайды айта бастап ем, ол директор: «Бибі-Ана деген кім? Мен сізді білмеймін, білгім де келмейді» деп әрі қарай сөйлеспей қойды. Не айтайын?! Кітап оқымайтын, қайырымдылықтың қасиетін ұқпайтын, ұрлықшы, ең бастысы – мәдениетсіз директорлар менің басымдағы шашымнан көп…

Абайдың әкесі Құнанбай «Қамқа мен Қодар» оқиғасына байланысты қырық рудан қырық биді шақырып қандай үкім шығарғанын білмейтін қазақ кемде-кем болар. Сол оқиғадан кейін қазақ даласында мұндай масқаралар болмай кеткен.

Президент мырза! Қалың қазақтың ортасында жүрген қазақтың қызын осыншалықты қорлап отырған өзіміздің қазақтың жігіттері ғой, олардың да жазасы қатаң болсын!

Осы іске қатысты барлық басшыны соттау керек. Әйтпесе олар тағы бір жерге басшы болып отыра салады да, сорлаған қазақты сорлатып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып өмір сүре береді…

«800 ден астам педофил түрмеде отыр» дегенді бір жерден оқығаным бар. Не үшін оларды үкімет асырауы керек? Мұны да жоғарыдағы айтылған мақаламда «Мұндай жалған қайырымдылық кімге керек?! Оларға тамағы тоқ, киімі бүтін болса болды, мал да бір, олар да бір» деп жазған болатынмын.

Мен сізге бір емес, соңғы екі жылда бес рет хат жаздым. Хаттарым әкімшіліктер мен министрліктерге жіберіліп, ашынып жүрген мені одан әрі ашындырады.

Сізге жіберілген хатымды «Әділетті Қазақстан құру жолындағы жетістіктер мен кедергілер хақында айтарым да бар, нақты ұсыныстарым, өтінішім де жеткілікті. Уақыт тауып мені қабылдауыңызды сұраймын» деп аяқтаған екенмін.

Кедергілер хақына кіретіндердің ең басында осы қыздарымыздың тепкіге ұшырап жатқандары туралы мәселе еді.

Мені қалайда сізбен кездестірмеу үшін жолымды аңдитындар да аз емес…

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Уақытыңызды алғаным үшін үлкен кешірім сұраймын, адамның жаны төзбейтін жағдайды естіп-біліп отырып, бей-жай қала алмадым…

Бибігүл ИМАНҒАЗИНА,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «БИБІ-АНА»қайырымдылық қорының президенті.

«Жас Алаш» ақпараттық сайты.

Фото интернеттен алынды.