«Тоқылдақ»: Әлі «түрме психологиясынан арылғымыз келмейді»
Кешелері досым екеуіміз бір жақтан жолаушылап келе жатып, жолай автогаз құю бекетіне тоқтағанбыз. Колонкасына “НАЛ” деп жазып қойыпты.
Онысын “наличка” дегені шығар деп іштей келісіп кезекке тұрдық. Содан кезегіміз келгенде заправщик “500 теңге қосып бересіңдер” дейді. Неге деп түсінбей сұрап жатырмыз. Біз солай құямыз, төлемейтін болсаң кезекті ұстамай көлігіңді ал деп шіренеді.
Сенің құйғаныңнан артық саған не үшін тағы 500 теңге беруіміз керек деп қайта сұрап жатырмыз (Әдетте газ құятындар жүз-екі жүз теңгесін “округлайт” ете салатындарына етіміз үйреніп қалған. Бірақ мынаныңкі “шіли секілді” болды).
“Онда таңғы 8-де келіңдер. Жұмысым таңғы 8-ден, кешке дейін. Түнде неғып отыр дейсіңдер мені 500 теңге алмасам?!” деп будкасына кіруге айналды.
Қаным басыма шаба бастады. Бізден кейінгі кезектегілерде сөйлей бастады. Бірақ олар заправщикке емес, керісінше бізге қоңқылдауда(Құймасаң кезекті ұстамаңдар дегендей ғой сол). Мен саған халықты тонағанды көрсетейін деп, әлгі заправщикке “Жарайды. Құй” деп толтырып алдық.
Құйған соммасын ғана (500 теңгесіз) ақшаны беріп жатып, әңгімеміздің ауаны былай өрбіді:
— Тағы бес жүз!
— Счетчігіңдегіні ғана төлеймін. Сосын чек бере салыңыз.
— Қайдағы чек?! Ешқандай чек бермеймін!
— Онда мен де мүлдем төлемеймін.
— Құйдың ба, төле!
— Төлеймін ба, чек бер!
— Бес жүз теңгеңді бермей ақ қой, сол саған проблема болып жатса.
— Маған ол проблема емес. Бірақ мен саған “лох” емеспін.
— Онда мен жабамын заправканы (кезектегілерді шулатып, оларды маған қарсы қою манипуляциясы).
— Чек бер де, жаба бер заправкаңды.
— Бермеймін. Саған міндетті емеспін. Каспимен төлесең чек сұрамайсың ғой.
— Кюармен төлегенім чек болып есептеледі. Қысқасы чек бермейтін болсаң қазір 102 шақырамын.
— Ой сен тоқылдақ екенсің ғой.
— Сен үшін сондай болып көрінуім мүмкін. Бірақ сен халықты тонап отырған оңбағансың…
— Қалай тонап отырмын. Мен өз қызметімнің ақысын алып отырмын түнде құйғаным үшін.
— Сен бір сменде кемі 200 көлікке газ құясың. 200 * 500т= 100 мың теңге халықтан бір күнде жеп отырсың. Ал айлығыңды саған бастығың төлейді. Халық саған күніне 100 мың теңге төлеуге міндетті емес. Оның үстіне тек “нал” деп қойғансыңдар. Демек мемлекетке салық та төлеп отырған жоқсыңдар. Бәрі заңды болса неге тек “нал” деген талап қоясыңдар?
“Нал” алдың ба, чек бер! Кассалық аппаратың қайда “нал” болатын болса?
Күндіз де, түнде де чек беруге міндеттісің!
Қысқасы мен 102-ге звандаймын…(телефонмен хабарласуды бастадым)
— Жақсылықты білмейтін тоқылдақ-терпила екенсің…
(Заправкасын өшіріп, будкасына кіре бастады)
Ары қарай не болды дейсіздер ме?
Ары қарай кезектегі маған қарсы шулағандармен “түсіндіру жұмысы” болды(полиция келгенше). Олар менің кесірімнен газ құя алмағандары үшін, мені атарға оқтары жоқ.
Қысқасы олар үшін меніңкі дұрыс емес. Бес жүз теңге үстеме төлеп “Налға” құйғым келмесе, басқа жерге баруым керек екен. “Қарапайым запрапщикте нем бар”, әділдік орнатқым келсе миллиярдтап жеп жатқан төбедегілерден бастауым керек екен.
Полиция келгенше оларға “қарапайым” бір заправщиктің өзі күніне халықтан жүз мыңдап жеп жатқанда, осындай қоғамнан шыққандар басшы болғанда миллиярдтап жеуі заңдылық, әркім өз деңгейінде күресу керек екенін түсіндіре алмадым.
Қысқасы полиция келгенде әлгі заправщик маған газ құймаған болып шыға келді(шамасы бастығымен ақылдасқан ау). Мен келіп бәле жауып жатқан екенмін.
Ал кезектегілер “ештеңе білмейтін, қазір келген болып” көліктеріне отырып алды. Егерде мен газ құймаған болсам, құймаған газым үшін ақша төлеуге міндетті емеспін ғой, сонда.
Полицияға кете берейін бе десем, арыз жазбайтын болсаңыз кете беріңіз деп тұрған соң мен не істейін…?!
Осылай ақшасын төлемегендіктен заправщик үшін “тоқылдақ”, кезектегілер үшін “бәлеқор” болып кете бардым…
Бірақ неге екенін білмеймін, мен кетіп бара жатқанда мені ала көзбен шығарып салып жатқан заправщик пен кезектегілердің жанарларынан ұққаным — мен қоғам алдында ұятты тірлік істедім.
Былай қарасаң меніңкі әлеуметтік желіде дұрыс болып көрінігенімен, қоғамға іс жүзінде көрсеткенде “дұрыс емес” тірлік болып шыға келді.
P.S. Осында видеоға түсіріп айып пұл салдырып жатқан “тоқылдақтар” жайлы сөз болып жатқан соң, өзімнің басымнан өткенді жазып қойғым келді. Біз әлі де Кеңестік жүйеден қалған “түрмелік психологиядан” арылғымыз келмейтін секілді.
Рүстем АШЕТАЕВ, Шымкент қ. “Қоғамдық кеңес” мүшесі.
Facebook жазбасы.
Фото интернеттен.