Трайбализм дерті әнұранды да айналып өтпеген

0
401

Жазушылар Одағына қатысты кешелі бергі қаңқу сөзден кейін есіме түсіп жатқаны ғой. Осыдан 15-20 жылдай бұрын елімізге аса танымал ақынның бірінен сұхбат алдым. Негізгі әңгіме аяқталып, шай үстіндегі жәй әңгімеде ана кісі мен бұрын-соңды естімеген бір қызықтың шетін шығарды.

— Сен өзі әнұранның қалай жазылғанын білесің бе?

— Қалай жазылғаны қалай?

— Демек білмейсің. Мына әнұранның орнында қазір басқа әнұран болуы тиіс еді, негізі.

— Енді неге болмай қалды?

— Болдырмай тастады, қараулық жасады.

Ақынның сөзінен түсінгенім, тәуелсіздік алып, дербес мемлекет ретінде әнұран қажет болғанда, байқау жарияланады. Ресми айтылмаса да, онда мынадай шарт болғанға ұқсайды: ақындар жеке-дара емес, додаға топ болып үш-үштен түседі.

Бірақ оның ішінде үш жүздің де ақыны болуы тиіс. Сонымен ішінде маған сыр ашқан ақын бар топ бірнеше кезеңде бәйгенің басында келе жатады да, мәреге жете бергенде омақаса құлайды.

Осылайша М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ж.Дәрібаеваның тобы жеңіске жетеді. «Жаралған намыстан қаһарман халықпыз» деп басталатын мәтін осылайша әнұран сөзіне айналады.

Мұның рас-өтірігіне ол кезде аса мән бермеппін. Бүгін қарап жіберсем, расымен де әйгілі үш ақынымыз – үш атаның баласы екен. Ж.Дәрібаева – Сырдың қызы. Жоғарыдағы ақынның сөзін «Ұлтсыздану ұраны» мақаласында М.Мағауин де қуаттап, былайша түйреп өтеді.

«…Соңғы, биік мәртебелі талқыда әуелде қара үзіп алға кеткені — төменірек танылып, екінші кезектегі үштік озыпты. Түптеп келгенде, үштік емес, төрттік болып шықты. Неге десеңіз… әйел теңдігі деген ұғым бар ғой. Бүкіл халықтың тең жарымы, тең жарымынан да артығырағы. Ендеше, ардақты аналар неге ескерусіз қалуы керек?…».

2006 жылы әнұран өзгерді. Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні алғаш рет Н.Назарбаевты ұлықтау сәтінде орындалды. Тұңғыш президент те ұялмай-қызармай Ж.Нәжімеденовтің балталаса бұзылмайтын тіркестерінен «мін» тапты.

«Менің елім, менің жерім» деген тармақтан «жерім» деген сөзді алып тастады да, «Менің елім, менің елім» дей салды. Сөйтіп әнұран авторы атанды. Бірақ бұл басқа әңгіме.

Әнұранға ақындарды топтап қосу, яғни, әр атаның баласы бір сөзден қоссын дегендей ыңғай таныту – ЖО-ның шешімі ме, әлде айналасын шағыстырып-қағыстырып ұстауды жақсы көретін Н.Назарбаевтың ісі ме? Маған енді осы қызық.

Сансызбай НҰРБАБА, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.