Жазықсыз зардап шеккендердің үні Президентке жете ме?

0
199

Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтар Астанада өздері отыратын полиграфияда баспасөз мәслихатын өткізді. Олар полигоннан зардап шеккен азаматтардың көмек ала алмай отырғанын айтып, өз үнін президентке жеткізгісі келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘУЕЛІ ПЕТИЦИЯ ЖАЙЛЫ

«Семей-ЯП» қоғамдық қоры бұған дейін петиция жариялаған болатын. Олар 1949-1989 жылдар аралығында Семей ядролық сынақ полигонында (СЯСП) зардап шеккен жарылыс құрбандары мемлекеттен алуы тиіс әлеуметтік көмекке әлі де толық көлемде қол жеткізбегенін атап өткен.

Жарылыс басталған кезде өмір сүрген көп адам құрбан болған. Петицияны жазушылар олар мемлекет тарапынан берілуі тиіс әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай, өмірден өтіп кеткенін айтады.

– Қазір олардың ұрпағы (балалары мен немерелері) да моральдық және материалдық көмекке зәру. Өйткені, ядролық сынақтар адамдардың денсаулығына ғана емес, қоршаған орта мен табиғатқа да өзінің орасан зор зардабын тигізді.

Полигон аумағын (жерлерін)  радиациялық қоқыстардан тазарту жұмыстарымен қатар, «құрбан» азаматтарды мемлекет тарапынан болатын әлеуметтік қорғау әлі де дұрыс жолға қойылмаған, – делінген петицияда.

ЗАҢ БАР, БІРАҚ…

Жалпы Қазақстанда полигоннан зардап шеккендердің мәселесі 1992 жылы шыққан «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңында қарастырылған.

Алайда бұл күндері заң баптарының бір-бірімен қайшылықтары бар дейді петицияны жазғандар. Сондықтан, бұл заңға нақты және көп өзгерістерді енгізуді басты талап деп есептейді.

Тоқсаныншы жылдары бюджет тапшылығына байланысты Қазақстан Үкіметі полигон құрбандарына мардымсыз мөлшерде ғана жәрдемақы тағайындаған. Ол сома емделуге де жетпейді.

Қолданыстағы заңға сәйкес, Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облысының полигонмен шектесетін аудандары радиация мөлшеріне байланысты аумақтарға бөлінген.

Осы заңның 2-ші бабына сәйкес көрсетілген аудандарда тұрып, кейіннен Қазақстанның басқа өңірлеріне қоңыс аударған азаматтар да заңда көрсетілген барлық жеңілдікті пайдалануға құқылы. Полигоннан зардап шеккен мыңдаған азамат, солардын ішінде мерзімді әскери қызмет атқарғандары да бар.

Олар Қазақстанның түкпір-түкпіріне қоныс аударған. Бірақ,әлеуметтік қорғау заңның 13 бабына сәйкес, көрсетілген аумақтарда тұрып жатқан жергілікті азаматтарға ғана көрсетіледі.

ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ

Мемлекет басшысына хат күйінде жазылған петицияны бастаушылар нақты мынадай жеңілдіктерді талап етеді:

ай сайын денсаулықты түзетуге арналған жәрдемақы төлеу

денсаулыққа байланысты уақытша жұмысқа жарамсыз кезенде 100%  жалақыны сақтау;

тұрмыстық-коммуналдық қызмет төлемдеріне 50% жеңілдік беру;

денсаулық сақтау орындарында тегін және кезексіз қабылдау;

кәрілікке байланысты зейнетке шығу жасын 10 жылға төмендету;

дәрі-дәрмек бағасын 90% жеңілдетуге қол жеткізу;

тіс протездерін жасау мен жөндеу жұмыстарын тегін ету;

теміржол көліктерімен тегін жүруді қамтамасыз ету, т.б.

Петицияны бастаушылар президенттің өзінен айтылған мәселелерді өз назарында ұстауды өтінеді.

“ЖҰРТ ЭЦҚ-НЫҢ НЕ ЕКЕНІН БІЛМЕЙДІ”

Петицияны жазғанымен, оған жеткілікті деңгейде қол жиналмаған. Үкімет оны қарастыруы үшін кемі 50 мың адамның қолы керек.

Ал бұл күні құжатқа қол қойғандардың саны 1 мың адамға жетпейді. Петицияны бастаушылар мұны азаматтардың цифрлық құжаттарды меңгермеуімен байланыстырады.

Семей полигонынан зардап шеккендер Астанада кеше жиын өткізді. Журналистерді олар Астананың Алматы ауданындағы полиграфияға шақырған. Жертөледе орналасқан полиграфияда мүгедектігі бар бірнеше адам жұмыс істейді.

Полиграфиялық қызметтен бөлек, киім тігетін тігін машиналары бар. Қолөнер туындылары жасалып, сөреге қойылған. Азаматтарға бұл орын қала әкімдігінен бөлінген.

Журналистердің алдынан шыққан “Семей ЯП” қоғамдық қорының төрағасы Болатбек Әбдікәрім Астанада 25 жылдан бері тұратынын айтады. Қазір жасы жетпісте.– Өмір бойы өкіметке, халыққа, қоғамдық жұмыста қызмет еттік.

Мен қатарлы полигонның зардабын шеккен миллиондаған адам бар. Солардың қамы үшін петиция бастадық. Петицияға 500 адамды әрең жинадық. 50 мың адамның қолы керек екен. Полигонның зардабын шеккен адамдардың бәрі – менің жасымдағы адамдар. Олар анау петицияға электронды қолтаңба арқылы қол қою былай тұрсын “ЭЦҚ деген не?” деп сұрайды.

Бізге қол жинаудың осындай күрделі түрін емес, тиімді жолын қарастырыңдар деп Ақпарат министрлігіне хат жаздық. Оған бізге рұқсат берген жоқ. Қарашаға дейін 50 мың адамның қолын жинамасақ, мәселеміз қаралмайды екен, – дейді ол.

Болатбек Әбдікәрім Үкімет мүшелері мен депутаттардың көбімен кездескенін, алайда бұл мәселені олар реттей алмайтынын айтып, тікелей президент немесе премьер-министрмен кездескісі келеді.

Болатбек Әбдікәрімнің айтуынша, Ресейде Семей полигонынан зардап шеккен азаматтарға өтемақы, әлеуметтік көмек беріледі, жеңілдіктер қарастырылған.

Абай облысы Мақаншы ауданының тумасы Ермек Қызырханұлы Болатбек Әбдікәрімнің сөзін қолдайды.

– Негізгі әңгіме – Семей полигонына байланысты бұрын бір заң қабылдаған (1992 жылы). Бірақ ол кезде Қазақстанның жағдайы қандай болғанын білесіздер. Ақша жоқ болды. Сол күйі қалған.

Қазір билік ауысып жатқаннан кейін “Тыңдайтын мемлекет” деп жатыр. Елмен бірге біз де петиция бастадық. Бірақ петицияның 850 адам ғана қол қойды. Негізгі талабымыз – заңды қайта жазу. Өйткені ол заңның үлгілері бар. Ресей мен Беларусьте бар жеңілдіктерді тым құрығанда Қазақстанда да қарастырылса дейміз.

Бұл үлкен әлеуметтік мәселе. Полигоннан зардап шеккендердің көбі қайтыс болып кетті. Қалғандары – біздің ар жақ, бер жағымыздағы адамдар. Полигонның салдары жастарға да тиіп жатыр.

Ол Семей облысында ғана тұратын ғана емес, соның маңайындағы халықтың да, бұрын тұрып кеткен адамдарға да қатысты. Бұл – 5-6 млн адамның тағдыры. Осы мәселені шешу үшін жаңа заң қабылдау керек, – дейді ол.

НЕГІЗГІ ТАЛАП

“Семей ЯП” қоғамдық қорының заңгері Ғалия Омарова 1998 жылдан бері Астанада тұрады. Өзі сияқты Семей өңірінен көшкен, Қазақстанның жан-жағында тұрып жатқан азаматтарға Семей полигонынан зардап шеккен азаматтардың әлеуметтік қорғау туралы заңы қолданылуы тиіс дейді.

– Бізге ешқандай өтемақы берілмейді, ешқандай жеңілдік жоқ. Заң бойынша радиация аумағында тұратын жергілікті, сонда тұратын халыққа ғана өтемақы беріліп жатыр. Ал басқа өңірлерге көшіп келткгендерге берілмейді.

Сондықтан, заңды жаңадан қарастырса немесе мүлде жаңа заң шығарса дейміз. Негізгі талап – осы. Қазіргі Қалбатау ауданының аумағында әскери борышын өтеген азаматтар бар. Олар да Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұрады. Екі жыл әскери борышын өтеп, олар да ешқандай жеңілдікке ие бола алмай отыр, – дейді ол.

БІЗДІ “КОНЕЧНЫЙ” ДЕП АТАЙТЫН

Мейрамбек Әлкенов 1982-1984 жылдары Семей өңірінде мерзімді әскери борышын атқарған. “Ядролық сынақтардың эпицентрінде болдық” дейді ол.

– Одақ кезінде Семей полигонына кеткен адамдарды “конечный” деп атайтын. Барған адамға “конец” деген сөз. Біз жатқан жерден 15 шақырым жерде зымырандарды жарып жатты. Қанатты зымырандар қасымызда оталып тұрды.

Оны ұшақ бауырына қысып алып ұшатын. Құпия аэродром болатын. Мың жарым сарбаз жаттық. Бәріміздің үстіміз жараға толып кететін. Жазылмайды, іріңдей береді. Лазаретке мың жарым сарбаз сыймайтын.

Денемді көріп отырсыздар. Армиядан кейін денемнің терісі түсіп, жайлап басталды. Тұқымымызда мұндай жоқ еді. Дәрігерлер диагнозды таппайды. Барып шаршадым. Ешкімге қазір жалынғым да келмеді, – дейді Мейрамбек Әлкенов.

Мейрамбек Әлкенов Ресейден келген құжатта өзі жайлы “барлық жеңілдіктер қарастырылуы керек” деп жазылғаны айтады. Алматының архиві де растаған. Бірақ жеңілдік жоқ.

– Биыл ғана жылына бір рет 9 мың теңге беретін болыпты. Бұл мазақ қой. Түскі асты да іше алатын ақша емес. Мемлекеттен қазір ештеңе берілмейді. Осы типографияда электрик болып жұмыс істеп, айына 100 мың теңге алып жүрмін, – дейді ол.

СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ

Семей полигоны – КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық объектісі болды. КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 млн га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды.

Бастапқысында адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астына жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шеккені жазылады.

Осынау полигонның кемел инфрақұрылымы: Курчатов қаласын (Семей – 21), реакторлар кешенін, Балапан, Сарыөзен, «Г» (Дегелеңдегі сейсмокешен), «Ш» («Тәжірибелік алаң» дейтін) сынақ алаңдарын, толып жатқан басқа да ұсақ тәжірибелік алаңдарды қамтиды. Семей ядролық полигонның осынау тәжірибелік алаңдарында 456 ядролық жарылыс жасалды.

Фото ашық дереккөзден алынды.