Елдос Сметов алған сыйлықтарын таратып тастапты

0
165

Париж Олимпиадасында жеңімпаз атанған Елдос Сметов журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында алған сыйлықтарын кімдерге сыйлағанын айтып берді, – деп жазады msports.kz

Олимпиада чемпионына Жамбыл облысының әкімдігі мен жергілікті демеушілер бірігіп Lexus LX 600 көлігін сыйлаған еді. Елдос бұл көлікті әкесіне тарту еткенін айтты. Ал кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов сыйлаған Merсedes көлігін Олимпиада чемпионы өзі айдауды жоспарлап отыр. Бұл көліктің мемлекеттік нөмірі де Елдостың салмақ дәрежесіне (060) сәйкес таңдалған.

Париж Олимпиадасының жеңімпазы Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында туған. Жерлестері де оған Haval 6 көлігін мінгізген.

«Бұл көлікті мені бес жасымнан бастап тәрбиелеген, спортқа махаббатымды оятқан Ахмет Жұмағалиға сыйладым. Ол кісінің жасы қазір -74-те», – дейді Елдос Сметов.

Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімдігі демеушілермен бірлесіп, бес бөлмелі пәтер сыйлаған. Ол өзінде қалды. Ал демеушілер берген екі бөлмелі пәтерін жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке тарту еткен.

Жамбыл облысының дзюдо федерациясының президенті арыстанның терісін берген, оны спортшы досына сыйлапты.

Ақтөбелік танымал кәсіпкер Әнуар Маханов Елдосқа 100 жылқы тарту еткен еді.

«100 жылқыны туған екінші ағам бар, соған беретін болдым», – дейді Олимпиада чемпионы.

Айта кетейік, Елдос Сметов спорттағы мансабын жалғастырмақ. 2028 жылы өтетін Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарында бақ сынауды мақсат тұтады.

Фото интернеттен алынды.