«Тозақ отына шыжғырып жазалау» деген — осы

0
134

Қазақстан үшін дәл қазір ең өзекті,яғни АЭС-ке байланысты референдумға бас мүфти мен ҚМДБ осы уақытқа дейін әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Мысалы менің қөзқарасым бойынша діндегі Тозақ ұғымы «жалын», «күйдіру», «түтінмен тұншықтыру» «күл қылып жіберу» сияқты «отқа» (Жаһаннам) қатысты түсініктен тарамдайды.

Егер тозақты (жаһаннамды) табиғатқа қатыстырып айтсақ, ол «жап-жасыл» экологиялық үйлесімін тапқан органикалық тіршілік ортасына (орнына) – Баққа (жәннәт-пейіш) қарсы процесс.

Мысалы, Совет Одағы арзан энергияға қарық боламыз деген үмітпен атом күшін пайдаланбақшы болды. Ақырында Чернобыль апаты,одан қалса қазақ жерінде,яғни Семей полигонын салып,атом бомбасын жарды.

Қазір ондай аймақта тұру мүмкін емес, радиоактивті сәуленің күйігі шалған мыңдаған адам әлі күнге азап шегіп қиналып жүр.
Айтпақшы қолдан жасалған Арал экологиялық апатының зардабы да осыған ұқсас мәселе.

Әрине, осы тәріздес апаттарды әлдебір мемлекеттің қате жүргізген өндірістік-экономикалық саясатының салдары деп ақтала сөз қозғауға болатын шығар.

Бірақ әдейі миллиондаған адамдарды отқарумен өлтіріп, геноцид жасау пиғылымен қасақана ашаршылық ұйымдастырып, саяси репрессия арқылы қан қақсатып, қасіретке ұшыратып, қайғы жұттырып, тозақы өмір кештірген Гитлер, Сталин, Пол-Пот,Путин және тағы да басқа да зұлым тирандардың ісін ешуақытта ұмытпаймыз.

Қазір де солар сияқты империалист билікқұмар тирандар жеке бас нәпсісінің құлы боп,нәпсісін тойдыра алмай қаншама халықтың обалын арқалап отыр, қаншама халық қолдан жасалған экологиялық апаттың зардабынан өкпесі күйіп, жүрегі сыздайтын неше турлі ауруға шалдығып өліп жатыр.

Мұның бәрі дінде сипатталғандай Тозақтан шығатын ащы қиналыстың үніне қатты ұқсайды.

Жаратушы әу бастан адамдар үшін «жасыл планетаны» жұмақ етіп жаратқанынан Жердің бүткіл сипаты хабар беріп тұрғандай.

Яғни адамзат өзі өмір сүріп жатқан ортасын (жер шарын, мемлекеттік тар аядан қарасақ, ел аумағында) Пейіш жасай алады, Тозақ та жасай алады.

Бұл адамдардың иманы мен ерік-жігеріне қатысты шаруа. Сондықтан Пейіш пен Тозақ түсінігі категорияларын сөз еткенде Шайтан мен Періштені орағыта айналып өтіп кете алмаймыз.

Егер бүткіл ғаламның Жаратушысына иман келтірудің, Оның адамзатқа сілтеген жолын танып-білудің құралы Ақыл екенін ескерсек, онда Шайтан мен Періште дінкештер сипаттап жүргендей «мүйізі бар, көзі отты» әлдебір мақұлық пен «үлпілдеген жұмсақ қанатын қағып ұшып жүретін» бірдеңе емес, «жаман ой» (пиғыл — Шайтан) мен «жақсы ой»(пейіл — Періште) ғана.

Олар үнемі Ақылды төңіректеп жүреді. Ақылды жаман ой шырмаса, тозақы әрекеттер етек алады, бұл қауымдық сипат алғанда сол қауым тіршілік еткен аумақ Тозаққа айналды.
Жаман ісі үшін адамдарды «тозақ отына шыжғырып жазалау» деген түсінік те осы.

Яғни, Құдай ақиқат жолынан айнығандарды олардың өздерінің қолымен жазалайды. Ақиқатты басшылыққа алғандар пейіште,яғни жәннәтте өмір сүреді, Жаратушы адамдарды олардың өзі жасаған адал ісі мен ізгі амалы арқылы марапаттайды, жанын рахатқа бөлеп жай тапқызады.

Әдетте қауымның санасын құлдықта ұстағысы келетін дүмше дінкештер адамдарды жайлы әрі бақытты өмір сүрудің әдіс-тәсілдері жөніндегі ойдан алшақтатқысы келіп тұрады.

Олар «Бұ өмірдің қиындығына құлша басын иіп көндігіп, шыдас берген пенде О дүниеде пейіштік болады, ал жемқор, халықты қанап жүрген арам адамды тозақ күтіп тұр» деген сыңайда жұбатпа уағыз айтады.
Ақиқатында мұндай уағыз арамзалықтан басқа ештеңе емес.

Сондықтан да азат Украинаға ядролық шантаж жасап отырған путиншіл Ресейдің яки оған көмектескен коммунист Қытайдың басшысына немесе Солтүстік Кореядағы психопатқа діндегі «ШАЙТАН-ІБІЛІС» терминін қолдансақ дұрыс болар еді.

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНҰЛЫ, дін зерттеушісі.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.