Үміткер мешітке пітір-садақа беруді және оны мұсылмандарға міндеттеуді тоқтатпақ

0
976

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағалығы ауысып, жақында еліміздегі мұсылман қауым жаңа мүфтиді сайлауы мүмкін. Осыған байланысты тәуелсіз дін зерттеуші Тұрарбек Құсайынұлы өзінің сайлауалды мәлімдемесін жасады деп хабарлайды Democrat.kz.

«Мен, Тұрарбек Құсайынұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы әрі Бас мүфти лауазымына өзімді үміткер ретінде ұсынамын.

Сіздерді Қазақстан мұсылмандарының алдағы құрылтайында менің кандидатурамды қолдап, маған дауыс береді деп сенемін.

Қазіргі Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің тұсында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және оның құрылымдық жүйесі бұрын-соңды болмаған тоқырауға ұшырады.

Имамдар тарапынан қазақ қоғамында араздық пен алауыздық тудыратын, әйел мен бала және адам құқығын таптайтын мәлімдемелер жасалды, пәтуалар шығарылды.

Мұның бәрі тез арада мүфтияттан бастап, бүткіл ҚМДБ жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігін көрсетіп отыр. Атап айтқанда бас мүфти Н.Өтпенов пен мүфтият ҚМДБ-ға реформа жасауға құлықты емес.

Мұндай келелі шаруаны халықтың қолдауымен,  демократиялық әдіспен сайланған жаңа басшы ғана жүзеге асыра алады.

Егер мен алдағы өтетін құрылтайда бас мүфти болсам, ҚМДБ-да төмендегідей өзгеріс жасаймын:

1.Мүфтият аппаратын 80 пайызға, ҚМДБ мешіттеріндегі дін қызметкерлері санын 50 пайызға қысқартам.  Имамдықтан қысқартылған адамдарды дәнекерлеуші, құрылысшы, ІТ маман сияқты жаңа кәсіп үйренетін орталықтарға бағыттаймын.

«Дін мемлекеттен бөлінген» деген конституциялық тезисті іс жүзінде жүзеге асырып, ҚМДБ-ны қоғамдық ұйым ретінде демократиялық либерал кейіпке келтірем.

2.Мен бас мүфти болсам, мешіт имамдары неке қию, жаназа шығару, ат қою, садақа ас секілді жиындарда Құран аяттарын оқу секілді іспен шұғылданбайды. Мұндай рәсімдерді өткізу көпті көрген, ұлттық салт дәстүрімізді білетін жергілікті ақсақалдарға беріледі.

Ал имамдар тек мешітте ғана отырып дін философиясы мен діннің адами құндылықтарын насихаттау арқылы миссионерлік туралы заң аясынан шықпауға тиіс. Имамдардың «құранмен емдеу» секілді гипноздық психологиялық әдіс-тәсіліне де тыйым салынады.

Халық заманауи медицинаға жүгінсін.

3.Мешіт имамын жергілікті белсенді ақсақалдар дүйім мұсылман жамағатпен келісе отырып өздері сайлап алады.

Сайланған имамды бас мүфти бұйрығымен «тағайындалды» деп қана рәсімдеп береді. Әрбір мешіт мүфтияттан тәуелсіз әрекет етеді, бас мүфти мен мүфтияттың өкілеттілігі жұмысты үйлестіру ғана, өкілеттік осы шектен аспауға тиіс.

4.ҚМДБ жарғысындағы «мешіт түсімнің 30 пайызын мүфтиятқа беруге тиіс» деген міндет жойылады.

Мешіттерге түскен зекет, пітір-садақа және басқа да түсім, мешіттерге қойылған қайырымдылық жәшігі мен каспиголд картасы арқылы жергілікті ақсақалдардың тікелей қадағалауында болады, жамағат жиналған қаржыны мешіт қажетіне кеңесіп жұмсайды.

Имам өзіне берілген жалақыны місе тұтып, шаруашылқ істерге араласпауға тиіс.

5.Мешітке пітір-садақа беруді және оны барлық мұсылмандарға міндеттеуді тоқтатам. Мешітте пітір-садақа беру сол діни ғимараттың жылуы мен жарығын, ыстық-суық суын пайдаланып жүрген намазхан жамағат қана төлесін.

Себебі, пітір деген зайырлы мемлекет заңында табыс салығы деп аталады.

Мұндай салықты қазақстандықтар мемлекетке төлеп отыр. Зекет те ортағасырдағы мүлік салығының бір түрі.

Сондықтан қазақстандықтар мүлік салығын тек мемлекетке ғана төлеуге тиіс. Ашығын айтқанда мұсылман жамағатының мешітке пітір мен зекет төлеуі Құранда міндеттелмеген.

Бүйте берсек, онсыз да кедейшіліктен күйзеліске ұшыраған халқымызға психологиялық және қаржы ауыртпалығын салуды тағы да күшейтеміз.

Мұндай ауыртпалықты халқымыз көтере алмайды.

Сол үшін ҚМДБ жүйесіндегі «Зекет» сияқты халықтан ақша жинайтын көптеген қорларды жабамын. Зекет, пітір-садақа жөніндегі пәтуалардың күшін жоямын.

6.Тоғыз миллионға жуық қазақстандық әртүрлі несиенің қамытын киіп отыр. Бұл сома бірнеше триллионды құрайды.

Несие қамытының ауыртпалығы мұсылманддардың бала-шаға мен  туған-туысының да әлеуметтік жағдайын қиындатып жіберді.

Кедей-кепшіктің саны тым көбейіп кетті. Сондықтан 5 жылға умра және үлкен қажылыққа мораторий жариялаймын.

Имамдар керісінше «Саудия секілді теократиялық араб еліне барып ақша шашқанша, сол қаржы елде қалсын, оны кедей-кепшікке көмек ретінде беріңдер» деп насихат жүргізуге тиіс.

ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚ ЕЛІ!

ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ!!!

Егер менің кандидатурамды қолдап, Сіздердің қалауыңызбен бас мүфти болып сайлансам, еліміз үшін  жоғарыда айтылған тезистен басқа да пайдалы реформа жасаймын.

Халық тайлы-тұяғымен дінге қызмет етпеуі керек. Қайта дін халықтың игілігін, өсіп-өркендеп дамуы мен бай-бақуат өмір сүруіне мотивациялық құралы болуы керек.

Ол үшін ҚМДБ-ны ортағасырлық догмалық керітарпа ілімнен арылтып заманауи бағытқа бұру қажет. ҚМДБ — қоғамдық ұйым.

Сондықтан мен мүфтияттағы диктатуралық, автократиялық басқару тәсілін, бас мүфтиге көзсіз табынуды түбірімен жоямын, ҚМДБ-ны о бастағы демократиялық жарғысына сәйкестендірем.

Маған сенім артыңыздар! Қазақты қараңғылықтан шығарып, жарқын болашаққа бастайтын осы келелі істе менің қолдаңыздар!» деп мәлімдеді Тұрарбек Құсайынұлы.

Фото редакцияның коллажы.