Баласының сабағымен ісі жоқ ата-аналар орыстілді қоғамды сынап отыр

0
434

Бірер күн бұрын елге танымал сарапшы Олжас Әбіл орыстілді азаматтың қзақтілді қоғам туралы ойы туралы жазбасымен бөлісті. Осы жазбаға қатысты жұрт жер тоқпақтап, пікір жазуда. 

Әлеуметтік желіде осы мәселеге байланысты орыстілді қауымды кекетіп, мұқатып, тіпті кейбірі оларды түкке алғысыз біреулер секілді етіп, ойбайлаған пікірлер жазылуда.

Біз неге осындаймыз? Неге сыни пікірді қабылдай алмаймыз? Неге шындықты мойындай алмаймыз? Не керек осы жалған намыстың?

«Қазақ десең, өзіңе тиеді» деген, расымен біз құқықтық сауатсызбыз, ал саяси мәселе бізді мүлде қызықтырмайды. Экономика тақырыбын түсінетін санаулы ғана қазақ бар. Осыдан кейін қай бетімізбен орыстілділерді сынап, сөгейік?

Сөйтіп отырып, жұлқынып, тулап, басқалардың біз туралы пікіріне қарсы шығып, жанталасамыз. Қарсы пікіріміз салмақты, дәлелді, сауатты болса, қанеки?! Бос байбалам ғана.

Орыстілді қоғам бізден әлдеқайда сауатты. Өтіміз жарылып кетсе де — шындық осы.

Бір ғана дәлелді мысал келтіріп берейік. Үш айдан бері осы Democrat.kz. сайты «Мұғалімдер оқушы оқытып, сабағын алаңсыз өте алмай жүр. Оқушылар бір тоқсан бойы дұрыстап сабақ оқып, білім алмады. Министрлік мұғалімдерді әлдебір жобамен алыстырып қойды. Мұғалімдер тест тапсыруға кеткенде, оқушы білім алмай, бос отыр. Бір тоқсан бойы қаншама оқушы тиісті білімін алмады» деп күнде мақала жариялап жатыр.

«Бұл қалай? Менің мектепке «білім алсын» деп жіберген балам сонда босқа сандалып, барып-келіп жүргені ме? Неге мұғалім  баламды оқытпай жатыр? Бүгін жаңа сабақтан жаңа білім алмаған балам ертең топас болып қалмай ма?» деп алаңдаған бір қазақтілді ата-ананың не үнін естімедік, не жазған пікірін көрмедік.

Бізге сенбесеңіз, әлеуметтік желідегі пікірлерді ақтарып, оқып шығыңыз. Бір де бір ата-ана елең етпеді! Бұдан қандай қорытынды шығарасыз?

Біздің 3-4 баланы топырлатып туып тастаған ата-аналарымыз әлеуметтік желіде «зорлап кетіпті», «өлтіріп кетіпті», «ананың арты ашылыпты», «мынаның әйелі жүргіш» деген ақпараттарға бұрқыратып пікір жазып, жұртпен айтысып отыр.

Бұл аз десеңіз, Қайрат Нұртас пен оның отбасының мәселесі, Төреғалидың қарындасы сияқты тақырыптарды қалт жібермей оқиды. Сауат деңгейі осындай ата-ана баласының мектептегі өмірін қайтсін, солай ма?

Ал енді орыстілді ата-аналар ше? Дәл қазір орыстілді ата-аналар «Бала құқығы» туралы заңның қате тұстарын анықтап, соны талқылап, өз наразылықтарын танытып, петиция да жариялады. Бұдан хабарыңыз бар ма? Әй, қайдам, «иә, білемін» дейтін қазақ аз шығар?!

Мұнан бөлек, сол біздің қоғам менсінбейтін орыстілді ата-аналар «сағаттың ауысуына байланысты оқушылар мектептен түнде қайтуда. Бала қауіпсіздігі үшін алаңдап, қорғай алмаған Оқу ағарту министрі орнынан кетсін!» деп талап қойып жатыр.

Сағаттың ауысуы мен министрліктің байланысы жоқ деп қойып, біздің қазекеңдер алаңсыз отыр. Қараңғыда қайтатын баламыз педофил, нашақор, алқаштың құрбанына айналса ше деп Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа сұрау салдық па?

Ал орыстілді ата-аналар «министр — Қазақстандағы әрбір оқушының қауіпсіздігі үшін жауапты. Сол жауапкершілігі үшін Үкімет бекіткен қаулыға ең болмаса, өз ұстанымын білдіріп, пікір айтуға тиіс еді. Ал Оқу ағарту министрлігі мәу деп үн де шығармады» деп тепсініп отыр.

Ал біздікілер ше? Тұяқ серпуге жарамады. Сөйтіп отырып, «мектепте Дарвин ілімін оқытпайық, адамды алла жаратты деп үйретейік» деп бұрқыратып пікір жазып, пікірін қолдамағандарды қарғап-сілеп, тозақпен қорқытып отыр. Міне — біздің деңгейіміз!

Осыдан кейін-ақ кімнің кім екенін, кімнің сауат деңгейі қай дәрежеде екенін ұғу қиын ба?

Кез келген әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, тоқал, дін, шоу-бизнес, қылмыс, қырғын тақырыптар ғана қызу талқыланып жатады. Талқылап, пікір жазып отырған — кілең қазақтілді ата-аналар. Шындықты бүкіл әлем алдында мойындамасаңыз да, ең болмаса, өзіңіздің арыңыздың алдында мойындаңызшы. Біздің қоғамның сана-сезімі 6-7 ғасырда қалып кеткен ғой, келісесіз бе?!

Бар кінәні билікке аударып, бажылдай беретін қоғамға айналдық. Билік, саяси жүйе әбден біткен екен, алайда соны көріп отырып, осы елдің азаматы ретінде сіз қандай сауатты қадам жасадыңыз?

Баланы бей-берекет, есепсіз, жоспарсыз туып тастауға шеберміз. Бірақ сол баланың білімі үшін алаңдауды да білмейтін — сорлы ата-анамыз. Сөйтіп отырып, сырт көз сын айтса, жұлқынып, ашуланамыз. Біз кім едік? Қазір кімге айналдық?

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.