Енді «прописка» деген проблема қалтамызды қағады
“Қазақстан-Штрафстан” болды! Ел-жұртпен жиі кездесемін. Жаңа жылдан бастап тапқанымызды тек айыппұл төлеуге жұмсаймыз деп алаңдаған халықтың уәжін билік неге естімейді?
Әсіресе, үкіметтің “Қазақстанның өзге қаласына уақытша тұруға барған кез келген қазақстандық міндетті түрде сол жерде тіркелуі керек.
Бұл талапты орындамаған азамат 16 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейінгі аралықта айыппұл төлейді” деген жаңалығын қалай түсінуге болады?
Туған елінде үйсіз, баспанасыз және өзге өңірге тиын табу үшін қаңғып барған адамдардың құқығын шектеу деп есептеймін.
Әсіресе ірі қалаларда бір пәтерді бірнеше адам жалдап, ақшасын үнемдеп жүрген студент пен көпбалалы отбасы мүшелерінің далада қалмасына кепілдік жоқ.
Кеше 9 баланың анасы Гүлсанат хабарласып, жылап тұр. Алматыда Шаңырақ ықшамауданында екі бөлмелі үй жалдап тұрады. Қожайын екі күнде пәтерді босат деп жатыр дейді.
12 адамды тіркеп дауға қаламын депті.
Ал Гүлсанаттың қызы құндақтаулы бөпесімен қайтып келіп, шешесінің жалдамалы пәтерін паналауға мәжбүр.
Басқа бұл отбасының баратын жері жоқ.Туыстары теріс айналған. Пәтер иесі де “ол өкпеңді осы заңды шығарған депутатқа айт” депті.
Біздің депутаттар кімдер? Олар елдің қалай жан бағып отырғанын біле ме?
Тағы бір кейіпкерім. Екі айда бір жуынады. Балалары биттеп кеткен. Моншаға ақшасы жоқ. Пәтер тар. Бір бөлмеде 6 баласымен мекендейді. Енді қызын медициналық тексеруден өткіздік. 4 айдан кейін мүгедектік рәсімдеп, арнайы мектепте оқу немесе оқымау туралы шешім шығады.
Жақында полиция тексереді деп, үй иесі 8 адамды тіркемеймін, полициямен дау-дамайдың қажеті жоқ деп қудалап жатыр. Баспана иесі де дауға қалып, айыппұл төлегісі келмейді.
Депутаттар Барахолка, Алтынорда, Шаңырақ, Өжетте жаны қиналып жүрген отбасылардың жағдайын біле ме? “Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш қаламын деп ойламайды” деген рас екен.
Жазира БЕГАЛЫ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.