Депутат Ғани Бейсембаевты сынға алды

0
390

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты сынға алды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Осыдан 13 ай бұрын сізді қолдап едім. Содан бері біршама уақыт өтті. Білім беру саласында көптеген мәселе бар. 2 рет комитетке келдіңіз. Сол кезде сізге үйіп-төгіп сұрақ қойдым, сіз үйіп-төгіп уәде беріп, жауап қаттыңыз. Бірақ біреуі де орындалмады.

Мысалы 50-бұйрықты алайықшы. 2013 жылы қабылданған бұйрықта әлеуметтік аз қамтылған балаларға арналған мектеп-интернаты деп тұр. Біз балаларды мектеп кезінен бастап солай бөліп жатырмыз. Мен сізге былтыр күзде осы сұрақты қойғанмын. Бұл әлі шешімін таппапты, өзгеріс жоқ.

Одан кейін Ақтөбе облысында ашылмай тұрған 6 мектеп туралы айттым. Араға алты ай салып қайта бардым, әлі сол күйінде тұр. Не қаражаты қарастырылмайды, не жұмысы жоқ.

PISA-дан кейін «Білім беру бағдарламалары бойынша жаңартуларды қашан жасайсыздар?» деп депутатық сауал жолдадым. Маған сыздыртпа жауап бересіздер. Әр әлде бұл бағдарлама 5-6 жыл сайын өзгеріп тұрады. Біз өзгертудің орнына бәрін тоқтатып қойдық»,—деді ол.

Сүлейменова мұғалімдерді аттестаттау мәселесі туралы да айтты.

«Сіздің шешіміңізбен аттесттаттау процесі тоқтап тұр екен. Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі, егер мұғалімдер өткен аттестациясымен айлық алып жатса, ол заңсыз болып саналады.

Білім беру саласының мамандары араға уақыт салып, аттестаттаудан өтіп, кәсіби біліктілігін көрсетуі тиіс. Категориясын растай алмады ма, онда ескі жылмен айлық алуы қисынсыз. Екінші мәселені айтайын. Сіздің шешіміңізбен енді дайындалып жүрген мұғалімдер бар. Сол мұғалімдер әлі тестілеуден өтпеді. Шыны керек, бұл құзіреттердің бәрі сіздің қолыңызда»,—деді депутат.

Бұдан бөлек ол форумдарды ұйымдастырудың орнына біліктілікті арттыру курстарын не PISA-дан ең төмен балл алған өңірлермен жұмысты бастауды ұсынды.

Фото ашық дереккөзден алынды.