Енді пайдаланған суды да төгуге болмайды

0
142

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Парламент қабырғасында қолданылған суды екінші рет қалай пайдалану туралы айтты деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы Zakon.kz.-ке сілтеме жасап.

Министрдің сөзіне сенсек, Қазақстандағы экономика саласы үшін толық қамтамасыз ету үшін 25 текше километр су қажет екен. Бұл судың 65 пайызы ауыл шаруашылығына, 25 пайызы өнеркәсіпке, ал 4,3 пайызы тұрмыстық тұтыну суына жұмсалады екен. Күнделікті тұрмыстық тұтыну суына н 1,3 текше километр су қажет екен.

«Сол себепті бір рет қолданылған суды екінші рет пайдаланудың пайдасы арта түспек. Ең бірінші бұл көлік жууға кететін суға қатысты»,-дейді министр Нұржан Нұржігітов.
Министрдің айтуынша бір көлікті жууға кем дегенде 200-250 литр су кетеді екен. Ал жүк көліктері үшін 500-700 литр су жұмсалып, бір жылда шамамен 100 млн.текше су ысырап болады. Осыған ұқсас ысырап су моншаларда да текке ағатын көрінеді.

«Осыған орай шағын және орта бизнес нысандарында (көлік жуу, монша, ғимараттарды жөндеу нысандары т.б) суды екінші рет қайта қолдану туралы технологияны енгізу керек. Суды қайта тазарту құрылғысын орнату арқылы су ысырабына тосқауыл қоюға болады»,- дейді министр.

Министрдің орнатпақ болған технологиясы нақты қандай, бағасы бюджеттен қанша қаржыны талап ететіні әзірге белгісіз. Естеріңізде болса, осындай ұсынысты кезінде Алматыны басқарған Бауыржан Байбек те айтып еді.

Өзіңіз шомылған суға балаңызды да шомылдырып, ол сумен еденді жуып, одан қалған суды дәретхана суы ретінде ағызып пайдалану сияқты біртүрлі ұсыныс сол кезде жұрттың күлкісін келтірген еді. Араға біраз жыл салып, осыған ұқсас ұсыныстың тағы да айтылуы сәйкестік пе, әлде расымен де су тапшылығы проблемасының басталғанын көрсете ме?

Фото ашық дереккөзден алынды.