Қазақстаннан айырылып қалмау үшін бала табуға тиіспіз

0
364

Democrat.kz ақпараттық порталы бала туу, көп балалы болу туралы мәселеге қатысты өз сауалнамасын жүргізіп бастаған болатын. Бала туу туралы пікірлерімен осыған дейін шығыс және оңтүстік өңірінен екі келіншек өз пікірін білдірді. Бұл туралы “Саны көп, сапасыз жоқ бала туу не үшін керек?” және “Қартайғанда бізді бағуы үшін бала тууымыз керек” атты мақалалардан  оқи аласыз.

Келесі пікірін білдірген келіншек Батыс Қазақстан облысының 34 жасар тұрғыны Фариза Әлібекқызы былай дейді: “Білесіздер, Қазақстан бойынша бала туу көрсеткіші бойынша батыс өңірі алдыңғы орында. Сіздердің ақпараттық порталға шыққан екі мақаланы да оқыдым.

Екі пікір иесінің айтқандарымен де келісетін және келіспейтін тұстар бар. Туған балаға барлық жағдайды жасауға тиіспіз деген пікірмен келісемін. Алайда баланың бар дегенін орындау мүмкін емесін де ұмытпайық. Бар қалауы орындалған баланың енжар, жалқау, тәлпіш болып кететіні тағы бар.

Ал “Құдай берді, мен тудым” деп те шұбыртып 8-9 баланы тауып, оларды сығанның баласындай алба-жұлба киіммен, бір жапырақ нанмен өсіру де дұрыс емес. Бала табу мәселесінде ең бірінші мемлекеттік мүдде алдыңғы орында тұруы керек деп есептеймін. Менің бір түрік досым бар. Соларда қонақта болғанымда естіген бір сөзім бар еді.

“Біз мүмкін болса, көптеп бала табуға тиіспіз. Себебі бізде анталаған күрд деген ұлт бар. Қазірдің өзінде күрдтердің Түркиядағы саны 20 миллионнан асып жығылады. Олардың әр отбасында кемі 7-8 бала бар. Күрдтер тоқтаусыз бала таба беретін халық. Бәлкім олардың өзіндік мақсаты да бар шығар, кім білсін. Сол себепті біз Түркияның негізгі ұлты түріктер де мейлінше көпбалалы болуға тырыспасақ, күндердің бір күнінде бұл топыраққа өзге ұлттар иемденуі мүмкін”,-деп еді досым.

Бізде де солай! Үкімет жәрдем бермеді, мемлекет қараспайды деп қарап отыра бермей, мүмкін болса, бала санын көбейтуіміз керек. Себебі Қазақстанды қазақ ұлты ғана сақтап қалады. Бізде де топырлатып тоқтамай бала тауып жатқан өзге ұлт өкілдері аз емес. Күндердің күнінде солардың саны басым түсіп, жерімізден айырылып қалсақ ше?

Сол себепті ертең өкініп қалмау үшін бүгін қамданған жөн. Батыс өңірінде бала табуды мемлекетке міндетсінетіндер аз. Жалпы біздің жақта көпбалалы отбасы ұғымы қалыпты жағдай. Керісінше 1-2 баламен шектеліп қалғандарға басқаша қарайды. Денсаулық жарап тұрса, ештеңеге қарамай, бала табу керек. Менің әзірге 3 ұл, 3 қызым бар. Мұнымен де тоқтайын деп тұрғаным жоқ. 40 жасқа дейін тағы екі бала тапсам деген жоспарым бар”.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.