Қартайғанымызда бізді бағуы үшін бала тууымыз керек

0
886

Көп бала табу туралы сауалнамамыздың келесі тақырыбын Түркістан облысының тұрғыны жалғастырады. Кейіпкеріміз Гүлнар жас кезде мейлінше көп бала тапқан дұрыс дейді. Сіз қалай ойлайсыз? Қартайғанда бізді бағатын баланы қазірден көптеп тапқанымыз дұрыс па?

Гүлнар Егембердиева, Түркістан облысынан: “Өзім көпбалалы отбасыда өстім. Ата-әже, әке-шешеміздің қасында үбірлі-шүбірлі бала боп өстік. Содан болса керек, мен де көп балалы болуды қалаймын. Үш әпкем, екі ағам, екі сіңлім бар. Қазір өзімнің бес балам бар.

“Әр баланың өз несібесі бар” дейді ғой. Иә, әзірге өз баспанамыз жоқ. Пәтерде жүріп балалы болу да қиын. Алайда аман болсақ, өз үйіміз де болар. Жас кезімізде бала тауып үлгеру керек деп есептеймін. Жолдасым жұмыс істейді. Өзім балалармен үйдемін. Үкіметтің беретін жәрдемақысы бар.

Күйеуімнің жалақысы бар. Осы ақшаларды біріктіріп, біреуден ілгері, біреуден кейін күнімізді өзіміз көріп жатырмыз. Әрине, мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға жағдай жасау жағына көп мән берілсе дейміз. Біздің тапқан баламыз күні ертең осы мемлекетке қызмет ететін азамат қой.

Балабақшаға балаларым бармайды. Себебі ай сайын балабақшаға беретін төлемі өте қымбат. Өзгелер сияқты балаларды күнде қыдыртпасақ та, мейрамдарда қалаға апарып, саябақта қыдыртып, қалаған тәттілерін әперуге тырысамыз.Көп балалы отбасыдан шыққан бала бауырмал, мейірімді болады. Қазір көп жастар әрі кетсе, екі баламен шектеліп жатады.

Дұрыс емес дер едім. Үй жоқ, жұмыс жоқ, баламды асырай алмаймын демеу керек. Жас кезде балалы болып алған дұрыс. Бала деген бірде тоқ, бірде аш өсіп кетеді. Кейін қартайғаныңда сені бағады. Екі балаңның екеуі де мейірімсіз болса, қайтесің? Ал 5-6 балаң болса, ішіндегі әйтеуір бірі басың қисая қалса, қасыңда болады ғой. Менің ойымша баланы қазір тапсаң, қартайғаныңда жалғыз қалмайсың”.

Фото ашық дереккөзден алынды.