Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтердің толтыратын міндетті құжаттарын бес есе қысқарту жоспарын жариялағанымен, әлеуметтік желідегі мұғалімдердің жауабы мүлде басқа болып шықты. Ұстаздар есептің азаятынына сенбейтінін ашық айтып, бұрынғы уәделердің орындалмағанына шағымдануда. Кейбірі бұл бастаманы кезекті қағаз жүзіндегі реформаға балап отыр, деп жазады Democrat.kz.
Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің міндетті құжаттарының санын 25-тен 5-ке дейін қысқартуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Министр Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл шара мұғалімдерді артық есептіліктен босатып, негізгі міндеті – бала оқытуға көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік беруге тиіс.
Алайда бұл жаңалықты естіген ұстаздар қуана қойған жоқ. Керісінше, әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттың астында сенімсіздік, күмән және ашық наразылық білдірген пікірлер көбейді.
«Қысқартамыз, қысқартамыз дейді, ал олардың саны көбейген үстіне көбейіп жатыр. Оның үстіне қағаз есептерге электронды есептер қосылады», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Тағы бір мұғалімнің қысқа ғана пікірі талай адамның көңіл күйін аңғартқандай:
«Жаңа ғана алдады, бесеуін алып тастап, он бесін қосады».
«Қашан азайтамыз деп уәде берсе, керісінше көбейетінін түсінесің», – дейді келесі пікір иесі.
Тіпті министрліктің бастамасын әжуалаған ұстаздар да бар.
«Әрине, енді тағы бір электронды платформа ойлап табады».
«Бір платформа, ішінде жүз бөлім! Біз мұны бұрын да бастан өткергенбіз!» – деген пікірлер жарияланған.
Бұл сөздердің астарында қарапайым күмән емес, жылдар бойы жинақталған кәсіби қажу мен мемлекеттік уәделерге деген сенімнің әлсіреуі жатыр.
Мұғалімдер мәселенің тек міндетті құжаттар санында емес екенін айтып отыр. Олардың сөзінше, мектеп әкімшілігі, аудандық және облыстық білім бөлімдері сұрататын есептер, түрлі электронды платформалар, сынып жетекшілігіне байланысты құжаттар мен жоспарлар негізгі сабаққа дайындалуға бөлінетін уақытты қысқартады.
«Платформалардың бірін алып тастау керек. Онсыз да әбден шаршаттыңыздар! Ата-аналар, балалар, олардың мүлкі, табысы туралы ақпараттың бәрі эфирде жүр. Тағы не керек?» – деп ашынған бір мұғалім.
«Бізге жай ғана жұмыс істеуге, сабағымызды тыныш өткізуге мүмкіндік беріңіздер», – деп жазды тағы бірі.
Ал басқа пікір иесі есепті қысқарту туралы бұрыннан айтылып келе жатқан уәделерді еске салады:
«Бұрын да осылай айтылатын. Қайда? Бәрі сөз жүзінде ғана».
Мұғалімдер арасында әсіресе сынып жетекшілерінің жүктемесіне қатысты наразылық көп.
Желідегі пікірлерге қарағанда, сынып жетекшілерінен тәрбие жұмысының жоспарлары, оқушылар туралы мәліметтер, қауіпсіздік шаралары, түрлі іс-шаралардың есептері, фотоматериалдар және электронды жүйелерге енгізілетін ақпараттар сұратылады.
Бір мұғалімнің айтуынша, сынып жетекшісінің папкасында жиырмадан астам атаудағы құжат бар.
Басқа ұстаздар бір мәліметті бірнеше электронды платформаға қайта-қайта енгізуге мәжбүр екенін жеткізген.
«Қағазбастылық мүлде азайған жоқ. Электронды толтыратын дүниелер қосылды», – деген пікір де осы мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді.
Ең маңыздысы, педагогтер мұндай жүктеменің салдары оқыту сапасына әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр.
Өйткені мұғалім уақытын есеп толтыруға жұмсаса, сабаққа дайындалуға, оқушылардың біліміндегі олқылықтарды анықтауға, жеке жұмыс жүргізуге бөлетін уақыты азаяды.
Бұл жерде министрліктің жауабын қажет ететін маңызды сұрақ бар: міндетті құжаттардың саны беске қысқарғанымен, мектеп әкімшілігі мен білім бөлімдері талап ететін қосымша есептердің тағдыры не болмақ?
Бес құжат қалғанымен, олардың әрқайсысы бірнеше бөлімнен, ондаған электронды кестеден тұрса, мұны жүктеменің нақты қысқаруы деп атауға бола ма?
Мұғалімдер министрліктен тағы бір уәде емес, күнделікті жұмысында сезілетін өзгеріс күтіп отыр.
Сондықтан бұл жолғы реформаның нәтижесін бұйрықтағы құжат санымен емес, ұстаздың шын мәнінде қанша уақыт үнемдегенімен өлшеу қажет.
Әлеуметтік желідегі пікірлер барлық педагогтің ұстанымын білдірмейді. Дегенмен жарияланған көптеген сын-пікір министрлік пен мұғалімдер арасындағы сенім мәселесінің бар екенін аңғартады.
Бүгінде ұстаздардың талабы анық: есепті қағаз жүзінде емес, іс жүзінде азайтыңыздар!
Өйткені педагогтің негізгі жұмысы – құжат толтыру емес, бала оқыту.
Егер бұл жолы да есептің атауы ғана өзгеріп, мұғалімнің жүктемесі сол күйінде қалса, «бес есе қысқарту» туралы бастама ұстаздардың сенімін одан әрі әлсіретуі мүмкін.
