Қазақстан саясатында ұзақ жыл жоғары лауазымдар атқарған Зағипа Балиева мен оның отбасының бизнес-активтері қайтадан қоғам назарына шықты. Shishkin_like ашық реестрлерге сүйеніп, бұрынғы министрдің отбасы мүшелеріне қатысты көлемді зерттеу жариялады, деп жазады Democrat.kz.
67 жастағы Зағипа Балиева – Қазақстандағы ең тәжірибелі бұрынғы шенеуніктердің бірі. Ол 1996–2005 жылдары Орталық сайлау комиссиясын басқарды, кейін Әділет министрі болды, бірнеше шақырылымда Мәжіліс депутаты қызметін атқарды. 2016–2018 жылдары Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болды. Ресми өмірбаянында 2021 жылдан Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде стратегиялық даму, инфрақұрылым және цифрландыру жөніндегі проректор қызметін атқаратыны көрсетілген.
Балиеваның отбасында алты бала – төрт ұл және екі қыз бар. Жолдасы – Мұхтар Балиев. Бұл мәлімет Әділет министрлігінің бұрынғы министрлер туралы ресми дерегінде де көрсетілген.
Зерттеудің ең қызық бөлігі – оның ұлдарының бизнесі.
36 жастағы Алияр Балиев кезінде мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда еңбек етіп, Алматыдағы EMS-Kazpost филиалын басқарған. Кейін бизнеске ауысқан. Shishkin_like дерегінше, ол QazTreasures арқылы Қарағанды облысындағы «Сарыарқа Алтын» алтын өндіруші компаниясының үлесіне қатысады. Зерттеуде кәсіпорынның 2015 жылдан бері шамамен 176 млн теңге салық төлегені, оның 135 млн теңгесі 2025 жылға тиесілі екені айтылады. Компания иелері қатарында бұрынғы қаржы министрі Зейнолла Кәкімжановтың ұлы Илхалид Кәкімжанов пен Серік Қонақбаевтың да есімі аталады.
Тағы бір ұлы Ернар Бали сән және зергерлік дизайнмен айналысады. Ол Лондонда білім алып, Versace және Hermès компанияларында тағылымдамадан өткені туралы бұған дейін жазылған. Зерттеу бойынша, оның аты Bali&Rose, Kazakhtextile және Artesi секілді кәсіпкерлік құрылымдармен байланысты. Сонымен бірге ол балаларға көмек көрсететін «Тұмар» қайырымдылық қорын басқарады.
Үлкен ұлы Данияр Балиевтің есімі де кәсіпкерлік ортада бұрыннан белгілі. Ол авторлық құқық, сауда және құрылыс саласындағы компаниялармен байланысты болған. 2018 жылы Kcell компаниясымен болған сот дауына қатысты өзі де БАҚ-қа сұхбат берген.
Зерттеу авторлары Зағипа Балиеваның өзінің де 2023 жылы BP LawCompany заң фирмасын серіктестерімен бірге құрғанын жазады. Сонымен қатар ол Special Olympics ұлттық ұйымы мен «Асыл бала» қоғамдық қорына қатысы бар тұлғалардың бірі ретінде көрсетілген. «Асыл бала» онкологиялық ауруы, Даун синдромы, тірек-қимыл аппараты, есту және көру қабілетінде бұзылысы бар балаларға көмектеседі.
Балиеваның туған әпкесі Нагима Таванованың отбасы да бизнесте жүр. Shishkin_like дерегіне сәйкес, ол Алматы облысындағы Chateau Karakemer шарап өндірісін басқаратын «Био Тау Жер» компаниясының құрылтайшысы.
Осылайша, Зағипа Балиеваның өзі ширек ғасырдан астам уақыт мемлекеттік қызмет пен саясатта жүрсе, оның жақындары әр кезеңде алтын өндіру, сән, заң, жылжымайтын мүлік және тамақтану салаларында кәсіпкерлікпен айналысқан.
Айта кетейік, Shishkin_like келтірген бизнес-активтер туралы деректер ашық реестрлерге негізделген зерттеу мәліметтері. Компаниялардың нақты экономикалық жағдайы мен меншік құрылымы уақыт өте өзгеруі мүмкін.