"Сыннан қорқа ма?": Министрдің парақшасында пікір жазу неге жабылды?

"Сыннан қорқа ма?": Министрдің парақшасында пікір жазу неге жабылды?

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың ресми парақшадағы мәлімдемелерінің астына мұғалімдер мен ата-аналар өз мәселелерін жазып, өткір сын айтып жатыр. Алайда кейінгі жарияланымдардың бірінде пікір қалдыру мүмкіндігі жабық тұрғаны байқалды. Бұл министрдің қоғаммен ашық диалог жүргізуге қаншалықты дайын екені туралы сұрақ туғызды, деп жазады Democrat.kz.

Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі ресми парақшасында білім беру саласындағы «Заң мен тәртіп» қағидаттарын жүзеге асыру, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз мектеп ортасын қалыптастыру мәселелері туралы мәлімдеме жасады.

Министрдің айтуынша, мектептерде «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп», «Жеке қауіпсіздік» бағыттары бойынша міндетті курстар енгізіліп, балалардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.

Бірақ осы мәлімдемелердің астына жазылған пікірлерге қарағанда, жұртты қағидаттардан гөрі білім беру жүйесіндегі шешілмеген мәселелер көбірек алаңдататын сияқты.

Мәселен, бір педагог-психолог өздеріне жүктелген жауапкершілік пен алатын жалақысының сәйкес келмейтінін ашық жазған.

«Педагог-психологтардың жалақысы өте төмен. Буллинг, зорлық-зомбылық, суицид, құқықбұзушылық — бәрі де психологқа жүктелген», – дейді пікір иесі.

Ол психологтардың жалақысын оқу ісі жөніндегі меңгерушілердің еңбекақысымен теңестіруді ұсынып, мектеп психологтарына жүктелетін міндеттердің көбейгеніне назар аударған.

Тағы бір азамат министрден аттестация мәселесін шешуді сұраған.

«Құрметті министр ханым, аттестация бойынша шешімді қайта қарауыңызды сұраймын. Аттестация бұйрығы кеш шығады, ал оған дейінгі айлық жалақымыз тек педагог санатымен төленуде. Неге бұйрық 1 қыркүйекке дейін шығарылмайды? Неге бұйрық шыққанға дейін алдыңғы санат бойынша төленбейді?» – деп жазған ол.

Басқа пікірлерде мектеп кітапханашыларының жалақысы, педагог-психологтардың жұмысы, құқық пәнінің сағат саны және мұғалімдердің еңбекақысы мәселелері көтерілген.

«Мектеп кітапханашыларының айлығы қашан өседі? Қалада өте аз. Бітпейтін шаралар. Жоғары диплом бола тұра кіші қызметкерлерге жатқызады. Түсініксіз», – дейді тағы бір оқырман.

Ал енді бірі:

«Неге қанша сағат берілгенін айтпайсыз? Соншама мәлімет сұрайсыздар, сағаты өте аз, айлығы да сондай», – деп наразылық білдірген.

Яғни министрлік құқықтық тәрбие, қауіпсіз орта және жаңа бастамалар туралы баяндап жатқанда, пікір қалдырушылар күнделікті жұмысындағы нақты қиындықтарға жауап іздеген.

Ең қызығы, кейін жарияланған видеода пікір жазу бөлімі жабық тұрған.

Экранда «Комментариев пока нет. Начните переписку» деген жазу көрінеді. Сонымен бірге пікір енгізетін жолақтың болмауы бұл жарияланымға пікір қалдыру мүмкіндігі шектелгенін аңғартады.

Әзірге мұндай шектеудің нақты себебі белгісіз. Оны министрдің өзі енгізді ме, әлде парақша әкімшілері осындай шешім қабылдады ма — бұл да анық емес.

Дегенмен осы тұста заңды сұрақ туындайды: министрлік жұрттың шағымын тыңдауға дайын ба, әлде әлеуметтік желідегі ресми мәлімдемелер тек біржақты ақпарат таратумен шектеле ме?

Бір жағынан, әлеуметтік желідегі пікірлердің бәрі бірдей негізді болмауы мүмкін. Жеке басқа тіл тигізу мен қорлаудан қорғану үшін модерация жүргізу де түсінікті. Бірақ орынды сын, нақты сұрақ және әлеуметтік мәселелер туралы пікір білдіру мүмкіндігі сақталуға тиіс.

Әсіресе білім саласында.

Өйткені ұстаздың жалақысы, аттестациясы, психологтың жүктемесі мен мектептегі қауіпсіздік мәселелері тек әлеуметтік желінің тақырыбы емес. Бұлар — мыңдаған педагог пен ата-ананың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер.

Министрлік балаларға құқықтық сауаттылық пен ашық қоғам құндылықтарын үйретуді мақсат етіп отыр. Ал сол құндылықтардың бірі — азаматтың өз пікірін айтуы және биліктен жауап сұрауы.

Сондықтан Жұлдыз Сүлейменоваға қойылар негізгі сұрақ мынау: жұрттың сынынан қорқуға негіз бар ма, әлде пікір жазу мүмкіндігінің жабылуына басқа себеп болды ма?

Бұл сұраққа жауап беру маңызды. Себебі қоғамға министрліктің кезекті баяндамасынан бөлек, өз шағымдарының естіліп, шешімін тапқаны қажет.

Дайындаған - Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Барлық жаңалықтар