Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жасанды интеллект пен бірыңғай цифрлық платформа мұғалімдердің жұмысын жеңілдететінін мәлімдеді. Алайда бұл жаңалықты педагогтер қуанышпен қарсы алудың орнына, министрліктің уәдесіне күмән келтіріп, әлеуметтік желіде өткір сын айтты, деп жазады Democrat.kz.
Мұғалімдердің қағазбастылығын азайту, артық есептерден босату, цифрлық жүйелерді біріктіру туралы кезекті мәлімдеме білім саласындағы бұрыннан қордаланған мәселені қайта қозғады.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жасанды интеллект технологияларын енгізу педагогтерді артық жүктемеден босатып, шығармашылық жұмысқа көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ әртүрлі цифрлық сервистерді Ұлттық білім беру платформасына біріктіру көзделіп отыр.
Бірақ әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, ұстаздардың бір бөлігі бұл бастаманың шын мәнінде жұмыс көлемін азайтатынына сенбейді. Керісінше, жаңа жүйе бұрынғылардың үстіне қосылған кезекті міндетке айнала ма деп алаңдайды.
«Сенгіміз-ақ келеді, бірақ сену қиын», – дейді пікір қалдырушылардың бірі.
«Бәрі сөз жүзінде ғана. Қажетсіз есептерді бұрынғыдай талап ете береді. Масқара!» – деп ашынады тағы бір желі қолданушысы.
Ал енді бір педагог бұрын да осындай бастамалардың соңы қосымша жұмысқа ұласқанын еске салады:
«Бір платформа және оның ішінде жүз қосымша бөлім! Біз мұндайдан өткенбіз!»
Басқа пікірде бірыңғай жүйе құрудың өзінен гөрі, оған қандай мәлімет енгізілетіні маңызды екені айтылады.
«Бұрыннан бар платформадан тағы есеп талап етіледі. Мысалы, BilimClass жүйесіндегі сынып үлгерімі туралы есепті қайта тапсырамыз», – дейді желі қолданушысы.
Педагогтердің алаңдаушылығының басты себебі де осы. Олардың айтуынша, мектептерде электронды құжат айналымы енгізілгенімен, қағаз есептер толық жойылмаған. Бір ақпаратты бірнеше жүйеге енгізу, түрлі платформаларды қатар толтыру және қосымша есеп дайындау мұғалімнің уақытын алады.
«Енді барлық ақпаратты бір платформаға енгізіп, соңынан оны қағаз түрінде де тапсыратын шығармыз», – деп кекесін білдіреді пікір иелерінің бірі.
Тағы бір пікірде:
«Кез келген айда бір жаңалық ойлап табады», – деп жазылған.
Мұғалімдер цифрландырудың өзіне емес, оның қалай жүзеге асырылатынына күмән келтіреді. Олар жаңа технология енгізілген сайын жұмыстың азаюын емес, керісінше, қосымша міндеттердің пайда болғанын айтып отыр.
«Жай ғана жұмыс істеуге, сабағымызды тыныш өткізуге мүмкіндік беріңіздер», – деген пікір педагогтердің көңіл күйін айқын аңғартады.
Тағы бір ұстаз:
«Мұғалімдердің жүктемесін азайтамыз дейді. Ал осы платформалардың мәліметтер базасын кім толтырады? Әрине, тағы да мұғалімдер», – деп мәселенің ең өзекті тұсын көтерген.
Пікірлерде материалдық жағдай да назардан тыс қалмаған.
«Жүктемені қысқартқанмен, жалақы өспесе, мұғалімнің жағдайы жақсармайды. Сынып жетекшілігі үшін төленетін үстемақыны арттырыңыздар», – дейді желі қолданушысы.
Ал кейбір педагогтер цифрландыруға жұмсалатын күш пен қаражаттың орнына мектептерді қажетті техникамен жабдықтау, мұғалімдердің жалақысын көтеру және сабақ өткізуге қолайлы жағдай жасау маңызды екенін алға тартады.
«Ал мектептердің техникалық жабдықталуы қайда?» – деген сауал да жауапсыз қалып отыр.
Осы пікірлердің барлығы бір мәселеге келіп тіреледі: ұстаздар енді жаңа бастамалар туралы әдемі уәделерді емес, күнделікті жұмысында сезілетін нақты өзгерістерді күтеді.
Өйткені педагог үшін қағазбастылықтың азаюы – платформалардың санын қысқарту ғана емес. Ол – қажетсіз есептің жойылуы, қайталанатын ақпаратты қайта енгізбеу, жұмыс уақытынан тыс тапсырмалардың тоқтатылуы және ең бастысы, сабаққа дайындалуға жеткілікті уақыттың болуы.
Жұлдыз Сүлейменова басқаратын министрлік мұғалімдердің сенімін қайтарғысы келсе, жаңа платформаның мүмкіндігін таныстырумен шектелмей, қандай есептердің нақты қысқаратынын, қандай міндеттердің жойылатынын және бұл өзгерістердің қашан жүзеге асатынын ашық түсіндіруге тиіс.
Әзірге педагогтердің бір бөлігінің ұстанымы айқын: олар цифрландыруға қарсы емес, цифрландыру деген желеумен тағы да тегін жұмыс істеуге қарсы.
Басты сұрақ сол күйінде қалды: жасанды интеллект мұғалімді артық жұмыстан босата ма, әлде мұғалім енді жасанды интеллект үшін де есеп беруге мәжбүр бола ма?
