Қарағандылық ардагер ұстаз вице-президент Ерлан Қаринге арнайы үндеу жасап, білім саласындағы проблемаларды шешуді сұрап, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
Қарағандылық ардагер ұстаз Нұргүл Әбілдина өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Ерлан Қаринге үндеу жасады.
Өз жазбасында Нұргүл Әбілдина: "Ақпараттық кеңістікте көптен күткен ақпарат жарияланды: вице-президент лауазымына Ерлан Қарин тағайындалды.
Бұл лауазым саяси билік иерархиясында Президент лауазымынан кейін екінші орында.
Әлеуметтік желі — қоғамдық пікір айнасы. Бірнеше публикацияны қарап шықтым, қазақстандықтар Қаринді қолдап, оған сенім білдіріп жатыр.Мен де Қариннің осындай жауапты қызметке тағайындалғанын құптаймын.Ол — мықты саясаткер, мемлекеттік тұлға, ықпалды қоғам қайраткері. Қазіргі таңда елде жүріп жатқан саяси реформалардың идеологы — Ерлан Қарин. Өзімнің посттарымда мен көбіне Ерлан Қаринді тегтеймін.
Бүгін де вице-президент мырзаға мұғалімдердің жағдайын жеткізгім келеді.
Күні ертең жаңа оқу жылы басталады. Республика мектептері оқу процесін жүргізуге дайын емес: әлеуметтік желі биліктен жәрдем сұрап жатқан педагогтердің шағымдарына толып кетті.
Жұлдыз Сүлейменованың министр қызметінде жұмыс істегеніне бір жылдай уақыт болды.
Осы уақыттың ішінде білім беру саласы деградацияға ұшырады десек те болады.
Оның басқару стилі — волюнтаристік стиль.
Маңызды шешімдер ешқандай сараптамасыз, аналитикасыз қабылданады. Кадрлық саясаты тіпті сын көтермейді.
Салдарынан педагогтер қауымы, министрлік қызметкерлері Президент Әкімшілігіне шағымхаттар жолдауға мәжбүр болған.
Қайталап айтайын: қазақстандық мектептер жаңа оқу жылына дайын емес. Бұрын-соңды болмаған жағдай!
Құрметті Ерлан Қарин мырза, осы жағдайға шұғыл түрде араласуыңызды өтінемін! Таразының бір басында мансапқор экс-депутаттың астамшыл амбициялары тұрса, ал екінші жағында 4 миллион оқушының, олардың ата-аналарының, 600 мыңға жуық педагогтің тағдыры тұр! Бұл жағдай әлеуметтік наразылықтың өршуіне, саяси тұрақсыздыққа апаруы мүмкін! Жұлдыз Сүлейменова отандық білім беру саласын тығырыққа тіреп, деградацияға ұшыратты.
Білім беру саласының тағдыры педагогикаға адасып келген кездейсоқ адамның қолында!
Вице-президент мырза! Өтініп сұрайтыным: білім беру саласын Сүлейменова сияқты басшылардан құтқарыңыз!
P.S. Кейінгі кезде кулуарларда мынадай әңгіме айтылып жүр: «Сүлейменова — Қариннің адамы». Әрине, біз бұл ақпаратқа сенбейміз.
Иә, Жұлдыз Сүлейменова Сізге жерлес, тіпті туыс та болуы мүмкін. Дегенмен Сіздей лауазымды тұлға үшін мемлекет мүддесі бәрінен жоғары тұратынына кәміл сенеміз!"-
деді Нұргүл Әбілдина.