«Рейтинг үшін өтірік баға қоямыз!»: Мұғалімдер сорақы шындықты әшкереледі

«Рейтинг үшін өтірік баға қоямыз!»: Мұғалімдер сорақы шындықты әшкереледі

Қазақстандық жас мұғалімнің әлеуметтік желідегі жанайқайы білім саласындағы аса маңызды мәселенің бетін ашты. Педагогтер мектептің білім сапасы көрсеткішін көтеру үшін оқушылардың бағасын қолдан жоғарылатуға мәжбүр болатынын айтып, әкімшілік тарапынан қысым жасалатынын мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде жас маман өзінің BilimClass жүйесіндегі қорытынды бағаларды өзгерткені үшін басшылықтан қатаң сөгіс алғанын жазды.

«Жас маманмын. Білімкласта қорытылған бағаны өзгерткенім үшін жұмыстан шығарады ма? Алдыңғы жылы қылмыстық іс үстіңізден іс қозғаймыз деп біраз мұғалімге қатаң сөгіс беріпті. Директор мен завучтар онша қатты жақтырмайды мені. Одан өз сыныбымның білім сапасы 40%, ол да аз, сіз кінәлісіз деп отыр маған. Кіргеніме 2 ай да болмады, шығып кетейін ба? Қайда барамын бірақ, отработка ше? ААААААААААА», – деп жазды жас ұстаз.

Бұл жазбаға пікір білдірген мұғалімдер мектептегі білім сапасы көрсеткішінің кейде шынайы білімнен жоғары қойылатынын жасырмады.

«Бірінші жылы жұмысқа шыққанда 38%-ке түсіріп тастап, тұрғызып сұрағанда, анау кетті, мынау кетті, орнына 3-тік келді. 2 оқушы сабақ оқуға ынтасы жоқ деп жауап бергем, сонша оқушы 25%-ті құрайма дегенде иә, өйті сәйкес дегем. Математикпін, бастысы сенімді жауап берсеңіз қатты сұрақ астына алмайды», – деп бөлісті тәжірибесімен бір педагог.

Тағы бір ұстаз мектептегі білім сапасы белгілі бір пайыздан төмен түспеуі керек деген талап барын алға тартты.

«Қорытылған бағаны өзгерткеніңізге сөгіс аласыз. Жай формативтік бағаны өзгерткенге айқай-шу болады ғой. Сыныптың білім сапасы 50% болу керек кемінде. Менде жас маманмын, сондықтан еш мойымаңыз. Осылай осылай есе береміз, үйренеміз», – деді ол.

Алайда бұл пікірдегі 50 пайыздық талаптың барлық мектепке міндетті заңдық норма екені расталмаған.

Пікірлердің ең алаңдатарлық тұсы – кейбір мұғалімдердің бағаны өзгерту қалыпты құбылысқа айналғанын айтуы.

«Мен қаншамасын өзгерттім мені вообще қыратын шығар», – деп жазды тағы бір педагог.

Ал басқа қатысушылардың бірі:

«Бәрі өзгертті ғой», – деп қысқа қайырған.

Талқылауда жас мамандарды қорқыту мәселесі де көтерілді.

«Е өтінішке жазып қарасаңызшы, директор мені қорқытты, маған қылмыстық іс қозғалады деді деп. Немесе директорға айт жазатыныңды туралы. Тәлімгер беру керек сіз жас мамансыз. Жас маманға қателесу норм. Үйренушісіз ғой. Қорқыта берсе қалай үйренесіз. Басшылықтарыңыз қызық екен», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Дегенмен пікір білдірушілердің барлығы мұғалімнің әрекетін қолдаған жоқ. Кейбір педагогтер қорытынды бағаны негізсіз өзгертудің жауапкершілігі бар екенін ескертіп, электронды журналға мұқият қарауға шақырды.

Бұл жерде ең маңызды мәселені ажыратып алу қажет.

Қазақстанда бағалау тәртібі №125 бұйрықпен реттеледі. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, оқушының бағасы белгіленген бағалау нәтижелеріне сүйеніп қойылуға тиіс. Даулы жазбаша жұмыстарды тиісті тәртіппен қайта қарап, балын өзгертуге болатын жағдайлар бар. Бірақ тоқсандық, жылдық және қорытынды бағаларды өз бетінше қайта қарауға рұқсат берілмейді.

Демек, мектептің рейтингін көтеру, білім сапасының пайызын жақсарту немесе басшылықтың көңілінен шығу үшін оқушыға негізсіз жоғары баға қою заңды бағалау тәртібіне қайшы келеді.

Ал мұғалімді шынайы нәтижені жасыруға итермелейтін қысым болса, оның өзі бөлек тексерілуге тиіс.

Ең қауіптісі – жалған көрсеткіштің салдары. Егер оқушының нақты білімі «3» деңгейінде болып, журналда «4» немесе «5» тұрса, ата-ана баласының біліміндегі олқылықты білмей қалуы мүмкін. Келесі сыныпта сол олқылық күрделі мәселеге айналады.

Сонда мектептің есебінде білім сапасы жоғарылағанымен, оқушының нақты білімі өзгермейді.

Бұл – жай ғана баға дауы емес. Бұл – білім сапасын бағалау жүйесіне деген сенім мәселесі.

Оқу-ағарту министрлігі мен білім басқармалары жауап беруге тиіс сұрақ бар: мектептердің көрсеткішін жақсарту үшін мұғалімдерге бағаны қолдан көтеруге қысым жасала ма? Мұндай жағдайлар қалай анықталады? Жас педагогтерді әкімшілік қысымнан кім қорғайды?

Егер мектептің жетістігі оқушының шынайы білімімен емес, журналдағы әдемі пайызбен өлшенсе, онда біз білім сапасын арттырып жатырмыз ба, әлде оның жалған көрінісін жасап жатырмыз ба?

Барлық жаңалықтар