Мұғалімдерді мезі еткен мәселеге Үкімет араласты: Енді не өзгермек?

Мұғалімдерді мезі еткен мәселеге Үкімет араласты: Енді не өзгермек?

Қазақстанда мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге және олардың кәсіби беделін қорғауға бағытталған жаңа шаралар қолға алынбақ. Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты ведомстволарға нақты тапсырма берді, деп жазады Democrat.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігі мен өңір әкімдеріне педагогтердің есеп беру жүктемесін қайта қарауды тапсырды.

Үкімет басшысы мұғалімдердің уақытын алатын, әртүрлі платформаларда қайталанып толтырылатын есептерді қысқарту қажеттігін айтты.

«Балаларды оқыту мен тәрбиелеудің тиімділігін арттыру, мұғалімдерге тән емес жүктемені азайту және олардың беделін қорғау мақсатында Оқу-ағарту министрлігіне әкімдермен бірлесіп, есептердің барлық түріне тексеру жүргізуді тапсырамын. Әртүрлі платформалардағы қайталанатын есептерді алып тастап, олардың санын қысқарту қажет», – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр 10 желтоқсанға дейін педагогтердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды күшейту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді міндеттеді.

Айта кетейік, мұғалімдер соңғы уақытта қағазбастылықтың азаймағанын, керісінше, электронды платформалардағы есептердің көбейгенін әлеуметтік желілерде жиі көтеріп жүр.

Ендігі мәселе — Үкімет тапсырмасының іс жүзінде қаншалықты орындалатынында. Қайталанатын есептер шынымен қысқара ма, әлде қағазбастылықты азайту туралы бастама тағы бір есеппен аяқтала ма?

Барлық жаңалықтар