Мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту мәселесі қоғамда бұрынғы Оқу-ағарту министрі, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің қызметіне қатысты қызу пікірталас туғызды. Әлеуметтік желіде экс-министрдің кезінде қабылданған №130 бұйрық қайта көтеріліп, ұстаздар жүктемесінің азаймауына кім жауапты деген сұрақ қойылды. Әсіресе қоғам белсендісі Мөлдір Нұрманның өткір жазбасы мен оған жазылған пікірлер назар аудартты, деп жазады Democrat.kz.
Facebook әлеуметтік желісінде Мөлдір Нұрман бұрынғы министр Асхат Аймағамбетовке қатысты ашық сын айтып, педагогтердің міндетті құжаттарына қатысты 2020 жылғы №130 бұйрықты қайта қарау қажеттігін көтерді.
«ЭКС МИНИСТР ӨЗІ ШЫҒАРҒАН БҰЙРЫҚТЫ ҰМЫТЫП ҚАЛСА, ЕСІНЕ САЛЫП ҚОЯЛЫҚ!» – деп басталады оның жазбасы.
Автордың пікірінше, бұрынғы министрдің педагогтердің жүктемесін азайту мәселесіне қатысты ұстанымы мен өзі басшылық қызмет атқарған кезеңде қабылданған шешімдердің арасында қайшылық бар.
«Мұғалімдерден кешірім сұраудың орнына қояр емес қой, қазіргі министрдің жұмысына мін тағып. 25 міндеттемені өзі шығарып, бұйырған экс министр немене дей береді, осы? Солардан қалған былықты тазартуды Президент бүгін де өз Жолдауында атап өтті», – деп жазды Мөлдір Нұрман.
Ол мұғалімдер жүргізетін міндетті құжаттардың тізбесі бекітілген 2020 жылғы 6 сәуірдегі №130 бұйрыққа назар аударған.
«130 бұйрық депутаттың есінде болмаса, мынадай бұйрықты шығарған Аймағамбетовтің өзі екенін біле жүріңіздер, сіздер де, оның сөзіне сенбей», – дейді жазба авторы.
Алайда бұл мәселеде маңызды жайт бар. Аталған бұйрық шынымен де Асхат Аймағамбетов министр болған кезеңде қабылданған. Бірақ құжаттың негізгі мақсаты педагогтер жүргізуге міндетті құжаттардың нақты тізбесін бекіту болатын. Кейін бұйрыққа бірнеше рет өзгеріс енгізілген. Сондықтан бүгінде мектептерде талап етілетін барлық есепті бір ғана бұрынғы министрдің шешімімен байланыстыру үшін қосымша дәлел қажет.
Соған қарамастан, әлеуметтік желідегі пікірталаста мәселе әлдеқайда өткір сипат алды.
Пікір қалдырғандардың бірі:
«Мұғалімдерден кешірім сұраудың орнына, қазіргі министрдің жұмысына мін тағып жүрген экс-министрге қатысты менің айтарым. Мұғалімге жүктелген 25 міндеттеменің негізін қалаған бұйрықты өзі шығарып, енді басқаша сөйлеуі қалай?» – деп жазған.
Тағы бір пікірде бұрынғы министрдің қызметіне қатысты күмән айтылды.
«Ол бұйрық маған таныс. 130 бұйрық А.Аймағамбетов ҚР Білім министрі болғанда өзі шығарған. Ол бұйрықтың білімге қосқан пайдасы жоқ. Енді өз бұйрығына қарсы шығып пиар қумай-ақ қойсыншы экс министр», – дейді пікір иесі.
Бұл – автордың жеке бағасы. Дегенмен оның сөзінен педагогтердің құжат толтыруға байланысты ұзақ жылдар бойы жинақталған наразылығы байқалады.
Ал Мөлдір Нұрманға пікір жазған тағы бір азамат қағазбастылықтың қалай көбейгенін нақты мысалдармен сипаттайды.
«Білім ордаларына жіберіліп жатқан МОН отчёт, Доп отчёт, Стат отчёт, 1-К, 2-НҚ, НОБД есептері жақсылап назар аударсаңыздар бір-бірін қайталаушы талаптар. Одан басқа білім басқармасы мен бақылау департаментінен электрондық почталарына түсіп жатқан шегі жоқ есептерді қосыңыздар. Ол талапты орындау барысында директор мен орынбасарлары әдіскермен қосылып ӘБ мұғалімдерін түтіп жібереді. Мұғалімдердің қағаз толтырумен сабақ беруге мұршалары жоқ. Олардың да денсаулығы мен жеке өмірі бар екенін ұмытпайық», – деп жазған ол.
Мұнда көтерілген мәселе тек құжаттардың санына қатысты емес. Мұғалімдерден бір ақпаратты әртүрлі мекемеге, бірнеше платформаға қайта-қайта енгізу талап етілсе, цифрландырудың өзі қосымша жұмысқа айналатыны анық.
Пікірталаста бұрынғы министрге қатысты сынмен қатар қазіргі министр Жұлдыз Сүлейменованы қолдағандар да бар.
«Қазіргі министрді қолдаймын. Бастысы қарапайым, білімді», – деп жазған пікір иесі білім саласындағы бұрынғы реформаларды да сынаған.
Ал басқа қатысушылар мұндай қарама-қарсы қоюдың өзін орынсыз санайды.
«Әй қоймайсыңдар, бұл да жүрген пенде ғой, ол тек басқарып отырды, негізгі жұмысты сол кезде артқы қосын жүргізді», – деген пікір де жарияланған.
Осылайша қоғамдағы талқылау бұрынғы және қазіргі министрдің жұмысына баға берумен шектелмей, білім саласындағы шешімдердің сабақтастығы мен жауапкершілік мәселесіне ұласты.
№130 бұйрықтың қолданыстағы редакциясында педагогтердің құжаттарды қағаз немесе электрондық форматта жүргізу тәртібі қарастырылған. Цифрлық жүйеге қосылған жағдайда құжаттарды қағаз жүзінде қайталап толтыру міндетті емес екені де көрсетілген.
Ендеше, ұстаздар әлі күнге дейін артық қағаз толтыруға мәжбүр болса, мәселенің бір ұшы нормативтік талаптарда, екінші ұшы жергілікті білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктерінің жұмыс тәжірибесінде жатуы мүмкін.
Мөлдір Нұрманның жазбасындағы ең маңызды талап та осы жауапкершілікті анықтауға бағытталған.
«Бұл бұйрықты бұйырса Жұлдыз Сүлейменова реттейді», – деп жазған ол.
Бірақ министр ауысқан сайын бұрынғы шешімдерді кінәлау немесе жаңадан уәде беру мұғалімдердің күнделікті жүктемесін өздігінен азайтпайды.
Бүгінгі ең маңызды мәселе – қай министрдің беделі жоғары екені емес, педагогтің мойнындағы артық жұмыстың нақты қашан және қалай қысқаратыны.
Егер №130 бұйрық шынымен ұстаздарды артық есептен қорғауға арналған болса, неге мұғалімдер әлі күнге дейін қағазбастылықтан құтыла алмай отыр? Қай құжат заң бойынша міндетті, ал қайсысы жергілікті басшылардың қосымша талабы? Бұрынғы министр енгізген жүйенің қай тұстары нәтиже берді, қайсысы қайта қаралуы қажет?
Бұл сұрақтарға Асхат Аймағамбетов те, қазіргі Оқу-ағарту министрлігі де нақты жауап бергені жөн.
Өйткені мұғалімге бүгін бұрынғы министр мен қазіргі министр арасындағы пікірталас емес, сабақ беруге жеткілікті уақыт, түсінікті талап және кәсіби еркіндік қажет.
Ал билік өкілдерінің бір-біріне қатысты сынынан шаршаған ұстаздардың алдында әлі де сол баяғы шешілмеген мәселе тұр: қағаз көбейді, есеп көбейді, ал мұғалімнің уақыты кімнің есебінен үнемделмек?