«Мұғалімнің мойнына іле салған!»: Белсенді педагог министрге үндеу жасады

«Мұғалімнің мойнына іле салған!»: Белсенді педагог министрге үндеу жасады

Қазақстанда мұғалімдерді артық есеп пен құжаттан босату мәселесі қайта көтерілген тұста белсенді ұстаз Мейіржан Темірбек білім саласындағы цифрландыру мен педагогтердің жұмыс жүктемесіне қатысты өткір сын айтты. Оның пікірінше, жыл сайын жаңа платформалар енгізілгенімен, мұғалімнің жұмысы жеңілдеудің орнына күрделене түскен. Тіпті арнайы мамандар атқаруға тиіс міндеттер де ұстаздардың мойнына артылып отыр, деп жазады Democrat.kz.

Facebook желісінде жарияланған жазбасында Мейіржан Темірбек 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңнан бері білім саласында қордаланған мәселелердің әлі шешілмегенін алға тартты.

«Әр келген министр өзінің ыңғайына қарай бұйрық шығарып, қағазбасты, цифрлық қағазбастылықты көбейте береді. Ең сорақысы кейбір жұмыстарға арнайы маман қаралса да, ондай мамандарды жұмысқа алмай не болмаса арнайы штат берместен мұғалімдердің, сынып жетекшілердің мойнына іліп қойған», – деп жазды ол.

Автордың айтуынша, сынып жетекшілердің жұмысын жеңілдету қажеттігі қанша жылдан бері айтылып келе жатқанымен, нақты өзгеріс сезілмейді.

«Қаншама жұмыс топтарымен жұмыс жасадым, неге екенін білмеймін, ешкім өзгергісі де, өзгерткісі де келмейді!» – дейді белсенді.

Оның бұл сыны Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың педагогтердің қағазбастылығын азайту туралы жаңа мәлімдемесімен тұспа-тұс келді. Министрлік педагогтер жүргізетін міндетті құжаттар санын 25-тен 5-ке дейін қысқартуды және білім саласындағы 70-тен астам цифрлық жүйені біріктіруді жоспарлап отыр.

Алайда Мейіржан Темірбек мәселені тек құжат санын қысқартумен шешу жеткіліксіз деп есептейді.

«Мұғалімнің уақытын шектейтін, формалды цифрлық және қағаз есептер мен қағаздардың көзін мүлде құрту керек!» – деп мәлімдеді ол.

Автор қазіргі цифрлық платформалардың жұмысын да сынға алды. Оның сөзінше, мұғалімдер бір деректі бірнеше жүйеге қайта-қайта енгізуге мәжбүр.

«Неге қосарланған платформаны бір жерге жинамасқа? ЖИ-дің заманында аттестациядан өту үшін "ұстазға" кіріп, әйтеуір ол мәліметті кім пайдаланатынын білмейтін "нобд", өзімен өзі бөлек "электронды журнал", бұл аз бұларға мына платформа да керек деп қосып қойған "балажан", әйтеуір мұғалімдердің уақытын қажетсіз, өздері жасау керек болған дүниені мұғалімдердің мойнына іле салған. Енді оның үстіне жергілікті жердің іліп қойған есептерін қосыңыз!» – деп жазды ол.

Бұл пікірдің астарында маңызды мәселе бар: мұғалімнің уақытын қағаздан электрондық жүйеге көшіру арқылы ғана үнемдеу мүмкін емес. Егер бір мәлімет бірнеше жерде сұралса, электрондық есептің де бюрократиялық жүктемеден айырмашылығы шамалы.

Жазбаға пікір білдіргендер де осы мәселеге назар аударды.

«Осы үй тапсырмасының уақыты деген не үшін керек?» – деп сұрады пікір иелерінің бірі.

Ал оған жауап берген азамат цифрлық жүйелерді дұрыс құрастыру арқылы мұндай есептерді автоматтандыруға болатынын атап өтті.

Тағы бір мұғалім бұрынғы жұмыс тәжірибесін мысалға келтірген.

«Бұрынғы кезде бәріне үлгеретінбіз, сабағымызды беріп те, мөлтек аудандармен жұмыс істеп, оқушылардың үйін аралап, ата-аналар жиналысын өткізіп, оқушылармен жеке зерттеу диагностика жасап, қолмен 3 бет күнделікті сабақ жоспарын жазып, оқушылармен ай сайын тәрбие сағаттарын, сыныптан тыс іс-шара өткізіп, мектепте қоғамдық жұмыстарға қатысып бәріне бәріне үлгеретінбіз!!! Қазір жалқаулық басып сияқты!» – деп жазды ол.

Бұл пікір педагогтер арасындағы көзқарастың да әртүрлі екенін көрсетті. Бір тарап қазіргі есептердің шамадан тыс көбейгенін айтса, екінші тарап мәселені жұмыс ұйымдастыру мәдениетімен байланыстырады.

Дегенмен мұғалімнің артық жүктемесін бағалау үшін бұрынғы және қазіргі еңбек жағдайын салыстыру ғана жеткіліксіз. Құжаттың нақты қандай мақсатта толтырылатынын, оған қанша уақыт жұмсалатынын және оның оқыту сапасына әсерін анықтау қажет.

Бүгінде министрлік жариялаған бастама әзірге жоспар күйінде. Құжаттар санын қысқарту үшін нормативтік актілерге өзгерістер енгізілуге тиіс.

Ең бастысы, бес міндетті құжат қалдырылған күннің өзінде жергілікті білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері бұрынғы есептерді басқа атаумен қайта талап етпейтініне кім кепіл?

Мейіржан Темірбектің жазбасы осы мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарды.

Мұғалімдердің мойнындағы артық жұмысты азайтудың нәтижесі қағаз жүзіндегі есеппен емес, ұстаздың нақты босайтын уақытымен өлшенуге тиіс.

Әйтпесе, бұрын қағаз толтырған мұғалім ертең сол есепті бес түрлі платформаға енгізіп отырса, мұны реформаның жетістігі деу қиын.

Барлық жаңалықтар