Көкшетаулық оқытушылар мен қызметкерлер жалақының дұрыс есептелмейтініне шағымданып, жанайқайын әлеуметтік желі арқылы жеткізді. Олар Оқу-ағарту министрлігіне, еңбек инспекциясы мен Ақмола облысының прокуратурасына үндеу жасап, оқу орнындағы қаржылық есеп-қисапты шұғыл тексеруді талап етті, деп жазады Democrat.kz.
«Біз – Көкшетау қаласындағы Ж. Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушылары мен қызметкерлері ұжымымыз. Біз бұдан әрі үнсіз қала алмаймыз!» – деп басталады педагогтердің үндеуі.
Ұжым атынан жарияланған мәлімдемеде колледж бухгалтериясының жұмысына ауыр сын айтылған. Авторлардың сөзінше, педагогтердің жалақысы жүйелі түрде қате есептеледі. Атап айтқанда, қосымша жұмыс сағаттары, өзге мұғалімдердің орнына сабақ бергені үшін төлемдер және біліктілік санатына байланысты үстемеақылар дұрыс төленбейді.
Ең сорақысы, оқытушылар есеп-қисаптың мән-жайын анықтауға тырысқанда, бухгалтерия қызметкерлері нақты түсініктеме бермейді екен.
«Біз дұрыс есептеуді білмейміз», «Бағдарлама осылай есептеді» деген жауаптарды естиміз», – дейді үндеу авторлары.
Педагогтер мұндай жауапты жауапкершіліктен жалтару деп есептейді.
«Бағдарлама – бар болғаны құрал. Ал әрбір сан үшін нақты лауазымды тұлғалар жауап береді!» – деп ашынады олар.
Ұжымның мәлімдеуінше, колледж басшылығы да мәселені шешуге асықпай, оқытушылардың шағымдарын назардан тыс қалдырып отыр. Алайда бұл айыптаулардың қаншалықты негізді екені тәуелсіз тексеріс арқылы анықталуға тиіс.
Оқытушылар еңбек құқықтарының бұзылуы мүмкін екенін айтып, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 108, 109 және 113-баптарына назар аударған.
Аталған заңның 113-бабына сәйкес, жұмыс беруші ай сайын әр қызметкерге жалақысының құрамдас бөліктері, ұсталған қаражаттың мөлшері мен негіздері және төленуге тиісті жалпы сома туралы жазбаша немесе электронды түрде ақпарат беруге міндетті.
Демек, жалақының қалай есептелгенін түсіндіру – бухгалтерияның қалауы емес, жұмыс берушінің заңмен бекітілген міндеті.
«Студенттерге сапалы білім беріп, оларды тәрбиелеудің орнына, біз ай сайын адал еңбегімізбен тапқан ақшамызды талап етіп жүруге мәжбүрміз», – дейді колледж қызметкерлері.
Осыған байланысты олар Ақмола облысының білім басқармасы мен мемлекеттік еңбек инспекциясынан колледждің қаржылық қызметіне шұғыл әрі кешенді тексеріс жүргізуді талап етіп отыр.
Атап айтқанда, педагогтер барлық жұмыс уақыты табельдерін, жалақыны есептеу парақтарын, қосымша сабақтар мен біліктілік санаты үшін төленетін үстемеақыларды қайта тексеруді сұрайды. Сондай-ақ заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартып, бухгалтерияның кадрлық құрамын қайта қарауды талап етеді.
Бұл жағдай бір колледждің ғана ішкі мәселесі болып қалмауға тиіс. Өйткені мұғалімнің жалақысын дұрыс есептеу – оған көрсетілетін жеңілдік те, ерекше құрмет те емес, еңбек заңнамасының қарапайым талабы.
Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің мәртебесін көтеру, артық жүктемеден қорғау туралы жиі мәлімдейді. Ал Көкшетаудан жеткен бұл үндеу ұстаздардың ең негізгі құқығы – адал еңбегіне тиесілі ақысын толық алу мәселесінің өзінде түйткіл болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр.
Ендігі сұрақ – Ақмола облысының білім басқармасы мен еңбек инспекциясы педагогтердің талабына қандай жауап береді? Колледждегі есеп-қисапқа тәуелсіз тексеріс жүргізіле ме? Егер жалақыдан заңсыз кем есептелген сомалар анықталса, олар толық өтеле ме?
Әзірге колледж басшылығы мен бухгалтериясының осы шағымдарға қатысты ресми ұстанымы белгісіз. Сондықтан үндеуде келтірілген айыптаулар тексеруді қажет етеді.
Алайда бір мәселе анық: педагогтер өздерінің еңбек құқықтарына қатысты нақты жауап талап етуге толық құқылы.
Ұжымның «Біз бұдан әрі үнсіз қала алмаймыз!» деген жанайқайы құзырлы органдардың назарынан тыс қалмауға тиіс.