"3-7 күнге жетерлік ас-суларыңды дайындаңдар!": Бірнеше елдің халқына шұғыл ескерту жасалды

"3-7 күнге жетерлік ас-суларыңды дайындаңдар!": Бірнеше елдің халқына шұғыл ескерту жасалды

Әлеуметтік желілерде әлемнің бірқатар мемлекеті азаматтарына бірнеше күнге жететін азық-түлік пен ауызсу қорын дайындауды ескерткені туралы ақпарат кеңінен таралып жатыр. Бұл мәліметтердің қаншалықты рас екенін және мұндай ескертулердің астарында не жатқанын Democrat.kz. тексерді.

Ақпаратты тексеру барысында мұндай ұсыныстардың рас екені анықталды. Алайда әр мемлекет азаматтарына әртүрлі мерзімге жететін қор жинауға кеңес берген.

Мәселен, Ұлыбритания үкіметі 2026 жылғы 22 қазанда «Be Ready» атты жаңа дайындық науқанын бастады. Билік тұрғындарға кемінде үш күнге жететін азық-түлік, ауызсу, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттарды үйде сақтауға кеңес берді. Мұндай шешімге кибершабуылдар, табиғи апаттар мен маңызды инфрақұрылымның істен шығу қаупі негіз болған. 


Норвегия азаматтарына бір аптаға жететін қор дайындауды ұсынады. Швеция мен Эстонияда да жеті күнге дайын болу қағидасы қолданылады. Ал Германияның Азаматтық қорғау және апаттарға көмек көрсету федералдық басқармасы тұрғындардың мүмкіндігінше он күнге жететін азық-түлік пен су сақтағанын құп көреді. 


Финляндияда кемінде 72 сағатқа жететін қор жинау ұсынылады. Люксембург билігі де қазан айында төтенше жағдайларға дайындық жөніндегі арнайы нұсқаулық жариялап, оны шамамен 300 мың үй шаруашылығына таратуға кіріскен. 

Бұл бастамалардың ортақ мақсаты — тұрғындардың электр қуаты, ауызсу, байланыс немесе азық-түлік жеткізу жүйесі уақытша тоқтап қалған жағдайда алғашқы күндері өз бетінше әрекет ете алуын қамтамасыз ету.

Еуропалық комиссия 2025 жылдың наурызында ұсынған дайындық стратегиясында да халықтың кемінде 72 сағат бойы сыртқы көмексіз өмір сүруге әзір болуы көзделген. Бұған геосаяси шиеленістер, кибершабуылдар, инфрақұрылымға жасалатын диверсиялар мен табиғи апаттар сияқты қатерлер себеп ретінде көрсетілген. 

Бұл соғыстың басталатынын білдіре ме?

Әлеуметтік желілерде мұндай ескертулерді алдағы ірі соғыс немесе жаһандық апатпен байланыстыратын болжамдар тараған. Дегенмен әзірге бірнеше мемлекеттің нақты бір апаттың жақындағанын біліп, бір мезгілде құпия дайындық жүргізіп жатқанына сенімді дәлел жоқ.

Оның үстіне бұл нұсқаулықтардың барлығы бір уақытта қабылданбаған. Мәселен, Норвегия жеті күндік дайындық қағидасын 2024 жылы енгізген, ал Ұлыбритания жаңа науқанын биыл қазанда жариялады.

Демек, азық-түлік жинау жөніндегі ескертулер — расталған ақпарат. Бірақ оны таяуда міндетті түрде соғыс басталады деген хабар ретінде қабылдауға негіз жоқ. 

Барлық жаңалықтар