Блогерлер ақша жинауды тоқтатсын!
Қазақстан халқының басына ауыр күндер туғаны рас. Су тасқыны, жер сілкінісі, құрғақшылық… айта берсек, көп. Алайда ел басына күн туғанда, халықтан жылу жинап, қалтасын қампитатын алаяқтар да өте көп.
Басқа жағдайды айтпағанда, осы су тасқыны кезінде әлеуметтік желілерде аттандап, ақша жинауға шақырған блогері бар, басқасы бар жақтары сембей, сарнады да жатты. Ондай кезде әлгіндей ақша жинаушылар халықтың тамырын баса отырып, сөз сөйлейді. «Әр қазақ- менің жалғызым», «ұлтым», «халқым» деген сылдыр сөзді судай ағызып, КаспиГолд картасын мейлінше толтыруға тырысады. Жиналған ақшаның есебін беріп, тиынына дейін қайда жұмсалғанын айтып жатқан ақша жинағышты көресіз бе? Өте сирек. Жиналған ақша діттеген жеріне жетіп жатыр ма, әлде алаяқ сұмырайлардың қалтасына сүңгіп кетіп жатыр ма? Мұндай жағдайды болдырмас үшін не істемек керек?
Сіз не дейсіз?
Самрат Құскен, журналист, Петропавл қаласының тұрғыны: «Теріскейді су басып жатыр. Осы жағдайға байланысты бұған дейін «ұлтым» деп бар даусымен бақырған азаматтардың көбісін тоған басынан көрмедік. Әлеуметтік желіде мүләйімсіген жазба жазып, тиктокта стрим жасаудан әріге аспай отыр. «Жолды су басып, жете алмай отырмыз» дейді. Петропавлды су баспай тұрып, бір апта бұрын бөгет жасауға жұрт тоғанның басында жиналды ғой?! Сол кезде келер еді, келетіндер. Мұнымен қоймай, теріскейліктердің атынан халықтан жылу жинамақ. Жалпы, қазір блогерсымақтар әбден дәнігіп алды. Мұндай арсыздықты тек заңмен ғана тоқтатудан басқа амал жоқ.
Ләзиза Мырзантайқызы, журналист, Петропавл қаласынан: «Әлеуметтік желіде «Теріскейдегі халыққа көмектесейік» деген ұрандар шыға бастады. Қарапайым халыққа айтарым, ешкімнің КаспиГолдына ешқандай ақша жібермесін. Әлеуметтік желідегі «батырлардың» ешбіріне сенім жоқ. Егер шын көмектескісі келсе, нағыз зардап шеккендердің контактілерін алып, тікелей жәрдем етсін. Сондай-ақ дәл Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынына қатысты көмек берем дегендерге арнайы ресми есепшот ашылған. Солтүстіктен әлдекім шығып, «көмектесейік, ақша жинайық!» десе, сенбеңіздер. Жалпы, блогерсымақтар халықтан ақша жинауды тоқтатуы керек. Керек болса, бұған заңмен тыйым салынса екен.
Бекайдар Сарымов, Түркістан облысының тұрғыны: «Түбегейлі қарсымын! Қазірдің өзінде қаншама блогерсымақтың «Құлсарыға көмек!» деп ақша жинағанын көріп отырмыз. Алайда солардың ешбірі есеп беріп жатқан жоқ. ТикТокты ашсаң, су тасқыны болған аймақ халқына көмектесейік деген ұранмен аттандап отырған сол азаматтар жұртына шын жаны ашыса, сел басқан аймаққа барар еді. Құлсары бітті, енді Петропавл халқына көмектесейік деген желеумен халықтан ақша жинау науқаны жүріп жатыр. Сен су басқан аймаққа жақын отырсың ба, ақша жинамай, қолыңа күрек алып, көмекке бар. Байқасаңыздар, ақша жинағыштардың 90 пайызы ер азаматтар. Ұят емес пе? Әлгі блогерлердің КаспиГолдындағы әрбір тиын Салық комитеті тарапынан тексерілсін! Заңмен тыйым салынсын!
Дәл осындай пікірлерімен бірнеше азамат ойын ортаға салды. Сондай-ақ су тасқыны кезінде блогерлерге сенбеңдер деген үндеуін бірнеше танымал азамат та жасаған еді. Тілі майда, зыпылдаған әр адамның сөзіне сеніп, ақша жіберуден сақтанған жөн, қалай ойлайсыз?
Democrat.kz.
Фото ашық дереккөзден алынды.