Елімізде 400-ден астам қала мен ауылға зілзала қаупі төніп тұр

0
419

Еліміздің Сейсмология институтының ғалымдары Күн «терең минимум стадиясына» кіргенде әлемде табиғи апаттар жиілейтініне назар аудартады деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл тұжырымын олар бұған дейін институтқа жұмыс сапарымен бас сұққан Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықовқа да баяндапты. Сапары барысында ол институттың лабораторияларын аралап, ғалымдардың қандай ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жатқанын сұрастырды.

Вице-министрді, жалпы билікті жер сілкіністерін болжау жайы қызықтырды. Өйткені отандық ғалымдардың болжамынша, Қазақстанда 400-ден астам қалалар мен ауылдарға зілзала қаупі төніп тұр.

Бүгінде Қазақстан аумағының үштен бірі – сейсмикалық қауіпті болып табылады. Бұл аумақта Қазақстан халқының жартысына жуығы өмір сүреді. Отандық өнеркәсіптің бүкіл әлеуеттің 40%-ы соларда шоғырланған.

ТЖМ ақпаратына жүгінсек, 2017 жылғы ҚР СП ОСЗ-2475 сейсмикалық аймақтандыру карталары бойынша Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының аумақтарында 7 балл және одан жоғары жер сілкінісі болуы ықтимал.

Яғни, қауіп ауқымын осыдан-ақ аңғаруға болады. Жалпы алғанда, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандарының саны одан көп көрінеді: оған 2 мегаполис (Алматы, Шымкент) және 13 облыс (Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Атырау, ШҚО, Абай, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан) кіреді деп болжануда.

Тиісінше, мемлекет тарапынан жер сілкінісінің алдын алу мен оның зардаптарын жоюға, сейсмикалық қауіпсіздік проблемаларын шұғыл шешуге баса мән беріле бастағаны жөн.

Себебі, ТЖМ мәлімдеуінше, XXI ғасыр басталғалы бері Қазақстанда «Жер қойнауындағы сейсмикалық процестердің жандануының кезекті кезеңі» басталды.

Айта кететін жайт, Сейсмология институтының Аймақтық сейсмикалық зертханасының аға ғылыми қызметкері, физикалық-математикалық ғылымдарының докторы Галина Хачикян өз зерттеу жұмысында сейсмологиялық деректерді зерттеу әдісін қолданады. Мұнда «жер сілкіністерінің қайталануы» заңдылығы басшылыққа алынады екен.

Ғалымның айтуынша, «сейсмикалық цикл», яғни, сейсмикалық белсенді, ірі аймақтағы сейсмикалық ахуалдың өзгеріп тұруы квазициклдік сипатқа ие.

Осыған байланысты, Галина Хачикян ұзақ жылдарын Күн мен Жер арасындағы магниттік-литосфералық байланыстарды зерттеуге арнаған. Нәтижесінде, Жердегі зілзалалардың Күндегі белсенділікпен, ғарыштық сәуле ағынының қарқынымен байланысы мен заңдылықтары анықталыпты.

«Солтүстік Тянь-Шань аумағында, нақтылағанда, Лепсі жарығындағы – 1715 жылғы, Алматыдағы – 1807 жылғы, Беловодский селосы маңындағы – 1885 жылғы, Верныйдағы – 1887 жылғы, Шелектегі – 1889 жылғы және Кеминдегі – 1911 жылғы, яғни, таяу тарихымыздағы қуатты жер сілкіністері «Күннің гранд-минимумдары» кезеңінде болған.

Зілзалалылықтың сипаттамаларының кеңістіктік вариациялары мен басты геомагнитті өрістегі заңдылықтар анықталды. Бұл бізге өңірдің сейсмотектоникалық әлеуетін бағалаудың альтернативті әдісін әзірлеп шығуымызға мүмкіндік берді», – деді Галина Хачикян.

Бірақ бұл баламалы тәсіл де жер тербелісі мен дүмпуінің нақты қай күні және нақты қай жерде болатынын күнібұрын дәл айтып бере алмайды екен.

Дегенмен, ол қазіргі уақытта ұзақ сейсмикалық тыныштықта бұйығы жатқан, сейсмикалық белсенділігі әлсіз деп танылған территориялардың да сейсмотектоникалық әлеуетін бағалау кезінде пайдалы бола алады.

Қағидаға сәйкес, мұндай территориялар жауапты стратегиялық құрылыстарды және басқа да экологиялық қауіпті объектілерді орналастыру кезінде іріктеп алынады.

Мысалы, Қазақстан тұңғыш атом электр станциясын салуға ниетті. Ол бойынша биылғы күзде референдум өтеді деп жоспарланған. АЭС үшін зілзала мүлдем болмайтын, барынша тыныш жер таңдалуы қажет. Бұл жағдайда отандық ғалымдардың жер сілкіністерін болжамдаудың баламалы әдістері де іске жарауы мүмкін.

Жалпы алғанда, Қазақстан аумағының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елде кем дегенде 64 сейсмостанция жұмыс істейді. Бұған қосымша, Алматы өңірінде ерте хабарландыру жүйесінің ондаған станциялары орнатылуда.

Ғалымдардың түсіндіруінше, «Күн минимумы» осы жұлдыздағы белсенділіктің төмендеу кезеңін білдіреді. Бұл ретте оның бетінде дақтардың саны мейлінше азаяды.

2008–2009 жылдары NASA ғалымдары Күннің «терең минимум сатысына» кіргенін жариялады. Бұл кезең содан бері жалғасып, өрістеуде.

«Күн терең минимум сатысында тұр. Мысалы, күн дақтары 2008 жылғы 366 күннің 266-сында немесе 73%-ында байқалмады. Осы деректердің негізінде, бірқатар зерттеушілер күн циклы 2008 жылы минимумға жеткенін тұспалдады.

Келесі жылы дақтар саны одан да аз болды және көрсеткіш 80%-ға жетті. Осыған байланысты байлам жасауға тура келеді: Күн өте терең минимумда тұр», – дейді Годдард Ғарыш сапарлары орталығының маманы Дина Песнелла.

NSSTC сарапшысы Дэвид Хетеуэйдің айтуынша, бүгінде Күн жүзжылдықтың басқа кезеңдерімен салыстырғанда, барынша тыныш жағдайға көшті.

Ал, қазақстандық Сейсмология институтының ғалымдары таяу тарихымыздағы, Қазақстан территориясындағы және іргелес аумақтардағы қуатты жер сілкіністері дәл осы «Күннің гранд-минимумдары» кезеңінде болғанын айтты. Осыдан-ақ билік қамсыз қалмай, қауіп қылып, құзырлы органдарды бәріне дайын етсе, жөн.

Ranking мониторинг агенттігінің дерегінше, Қазақстанда жылына орта есеппен 82 жер сілкінісі болып тұрады. Оның 47-сі – жалғыз ғана Алматы қаласының еншісінде.

Кейінгі жылдары жер тербелістері туралы хабарлар жиі тарай бастады. Бұл – бүкіл әлемге қатысты: ХХІ ғасырда адамдарды ең көп қырып тастаған 20 ірі жер сілкіністерінің 5-еуі 2021–2023 жылдары болған!

Қазақстанды Жаратқан Ие аман сақтап тұр, бірақ биылғы қаңтар мен наурыздағы екі салмақты зілзала және оған ілескен жағымсыз афтершоктар елдің оңтүстігінде қордаланған көптеген проблемаларды, келеңсіздіктерді әшкереледі.

Deutsche Welle сарапшыларға сілтеме жасап, олардың біразын таяу болашақта да шешу мүмкін болмайтынын жазады.

Earthquakelist.org дерегінше, кейінгі 10 жылда Қазақстанда және оның сыртындағы 300 шақырым радиуста магнитудасы 4-тен асатын жалпы саны 826 жер сілкінісі болған.

Тиісінше, төмен тербелістегі зілзалалар есепке алынбады. Осылайша, жыл сайын орта есеппен 82 жер дүмпуі болып тұрады.

Көбіне 4 магнитудадағы зілзалалар көп кездеседі: үлесі 96,4% немесе 796 оқиға. 5 магнитудалы 29 және 7 магнитудалы 1 жер сілкінісі тіркелген. Басқа магнитудалардың саны – 0.

Өңірлер арасында көп сілкінетіні – Алматы: жылына шамамен 47 зілзала болады. Ары қарай Алматы облысы (жыл сайын 16), Жамбыл (15) орналасқан. Шымкентте орта есеппен 13, ШҚО-да – 7 Маңғыстау мен Түркістан облыстарының әрқайсысында – 3-еуден, Атырау және Қарағанды облыстарында – бір-бірден жер сілкінісі тіркелді. Өзге өңірлерді бұл табиғи апат байқалмайды.

Фото интернеттен алынды.