Алқаш әйелмен алысумен өмірім өтуде
Қазір қоғамда еркектерді жаман етіп көрсетудің алапат соғысы жүріп жатыр ғой… Қарап отырсаң, әлемдегі ең жаман дүниеге еркек кінәлі сияқты. Шындығында солай ма?
Жұрт ұната бермейтін кеңес дәуірінде мектепті алтынға, ал еліміздің беделді институтын үздік бағамен бітірдім. Институттың соңғы курсында арқаны кеңге салып, ойын-сауықпен жүріп, от бастым.
Кезекті көңілді кешіміздің бірінде «ақаңның арқасында» бұған дейін аса танымайтын бірінші курстың қызының қойнынан шықтым. Қалай болғанын әлі күнге дейін білмеймін. Сол күнге дейін де, одан кейін де олай есімді жоғалтып ішпеппін.
Қысқасы, сол қызға үйлендім. Дұрысы, үйленуге мәжбүр болдым. Дипломмен бірге ертіп келген әйелімді үйдегілер жақсы қарсы алды. Ата-анам соңғы қойын сатып, жетпегенін қарыз алып той жасап берді.
Бастапқыда бәрі дұрыс еді. Нұргүлдің кейбір қисық мінезін жүктілігінен деп жорыдық. «Ауылда тұрмаймын. Әке-шешеңе қарамаймын» деген даудан басталған ұрыстың соңы біздің қалаға кетуімізбен әрең тоқтады.
Шымкенттің беделді мекемесіне көмекші болып жұмысқа тұрдым. Бір тәулік жұмыстамын, екі күн үйдемін. «Айлығың аз, түкке жетпейді» деп мазамды алған Нұргүлді тыңдап, екінші жұмысты да қосымша істедім.
Үйге тек ұйықтау үшін келемін. Кейде үйге келгенімде Нұргүл де түк сезбей ұйықтап жататын. Ал кейде ол үйде болмайтын. Менде бөтен ой болған емес.
Әйелімнің шынайы жүзін бірінші ұлымыз дүниеге келгенде көрдім. Сәбиді қырқынан шығаруға ауылға апарғанбыз. Мен жұмысыма кеттім. Апта соңында бір күндік демалысымда үйге келсем, айғай-шу болып жатыр.
Шешем бір бұрышта бетін жауып жылап отыр. Қарындасым Нұргүлдің шашынан ұстап сүйреп жүр.
«Баланы емізбеймін. Қалаға кетем. Немерелеріңді бағыңдар» деп Нұргүл әке-шешеме шарт қойған. Шешем де ең болмаса, 3-4 айға толсын дегенде, әйелім айғайға басқан. Айғайдың соңы төбелеске ұласып, Нұргүл шешемді сабап тастаған.
Мектептен келген қарындасым мына көрініске шыдамай, жеңгесінің шашына жармасқан.
Ең сорақысы, төбелес, ұрыс — керіс емес еді. Ең сорақысы — Нұргүл удай мас еді. Тілі күрмеліп әрең сөйлеп тұрған оны төсекке күшпен жатқыздым.
Тұңғышымыз үш апталық кезінде қойнымдағы әйелімнің кәдімгі алқаш екенін алғаш рет білдім. Бұрын да отырыстарда сілтеп ішетінін білетінмін. Алайда себепсіз, әр күні ішіп жүргенін еш сезбеппін.
Сол төбелестен кейін Нұргүл «ашылды». Баламызды шешем бақты. Ал Нұргүл қалада менің жанымда болды. Оқуын ақылы бөлімге ауыстырдық. Жұмыс істемеді, қаласа, құрбыларымен қыдырады. Қаламаса, үйде күні бойы жатады. Тағы бір сорақы жайт — Нұргүлдің өзі сияқты алқаш достары өте көп еді. Бәрі кілең әйелдер.
Жайшылықта көрсеңіз, ол әйелдерді мекеме қызметкері деп ойлайсыз. Өйткені олар қымбат киім киген, саусақтары алтынға толы «ерекше алқаштар». Анау — мынау ішпейді. Қымбат алкогольді ішімдік ішеді.
Ақша табам, ата-анама көмектесем, қарыздарын жабам деп жұмыстан басқа ештеңеге қарайтын шамам болмады.
Нұргүл екінші жүктілігінде егіз босанды. Оларды да әке-шешеме қарауға апарып тастады. Осылайша дүниеге келген бес баламыз да ата-анамның мойнында болды.
Тапқан ақшамның еш берекесі болмады. Уақыт өте келе Нұргүл қалтаға түсетін әдет тапты. Ақша оған тек ішімдік үшін керек еді. Үйде ұрыс — керіс жиіледі. Қит етсе, балаларды әкетем деп қорқытатын.
Уақыт өткен сайын Нұргүлдің алқаш аты ауылға да жайылды. Жұрт саусақ шошайтып сыртымыздан айтқанымен, әке — шешемнің көңілі мен менің қызметімнен именіп өзімізге пәлен демейтін.
Иә, қызметім өсті. Үлкен, беделді кісілермен бір ортада жүретін болдым. Алайда… Алқаш әйелімнің «арқасында» ол орталарда да талай масқарам шықты.
Нұргүлді емдетпеген, қаратпаған жер қалмады. Ішуін қоймады. Биыл 40 жыл бопты үйленгеніме. Жасы 70-ке жақындаған Нұргүл қазір немерелерінің көзінше ішіп отыра береді. Қойғыза алмадық. Айғай-шу шығармай, тыныш ішіп, ұйықтаса, бізге сол жеткілікті.
Неге ажырасып кетпедім? Себебі — мен оны әйел етіп, аманаттап алдым. Аманатқа қиянат жасағым келмеді. Ұл-қызымды ойладым. Нұргүл ит болса да, бала — шағасының қасында қарайып отырсын дедім. Алайда… Мені ойлаған кім бар?
Әке-шешем өле-өлгенше мені уайымдап кетті. Осылайша өмірім алқаш әйелмен алысумен өтті. Түйгенім- еркекте ақыл болмаса, өз басын жалмайды екен. Ал әйелде бір тамшы ақыл болмаса, мыңдаған кісінің өмірін жалмайды екен.
P.S. Бұл әңгімені айтып берген кісі аты-жөнін көрсетпеуді өтінді. Тек әңгімесі қаз-қалпында жарияланды.
Әңгімені жазып алған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.
Фото көрнекілік үшін алынды.