Тест текетіресі оқушының обалына қалмай ма?

0
252

Үміт еткен көзімнің нұры — балам… Кезінде Балғожа би осылай толғанса, қазіргі қазақ та ұл-қызына жылы-жұмсағын тосып, жақсы мектепте оқытқысы келеді.

Грантқа түссе, той жасайды. Тіпті қазіргі қоғамда мектеп бітірген түлек сол жылы жоғары оқу орнына түсуі керек деген жазылмаған қағида бар.  Бірақ желкілдеп өскен көк құрақтың балауса үмітін үрлеу үлгілі істен гөрі бәсекелі бизнеске айналған сияқты.

Оралдағы белді мектептердің бірегейі 11-мектепте білім алғысы келетін 470 оқушы маусым айында емтихан тапсырған. Бұл сыннан 100-і сүрінбепті. ІТ-лицейде де осындай сынақ қабылдапты.

Бірақ… қызық та, шыжық та осы жерден басталады. Бұған дейін бір көзден ұйымдастырылған тестілеуді “Дарын” қосымша білім беру орталығы атқарып келсе, биыл майлы жіліктей ортаға тасталған тендерді оңтүстік өңірдің компаниясы жеңіп алыпты.

Білетіндердің айтуынша, аяқ астынан басқа біреулер — қарапайым мұғалімдер ИП-сы ұтып кеткен. Бұл тендері түскірің бұрын осындағылар бірігіп игеретін сома екен. Демек жылдағы тұрақты кірістен қағылды.

Бірақ сондағысы бала басына 3000 теңгенің әңгімесі. Шот қақсақ та, калькулятор бассақ та шығатыны — 500 балаң 1,5 миллион теңге ғой. Енді білім саласы билігінің бишігін білегіне ілгендер осы сынақ нәтижесін теріске шығарып отыр.

Жоғарының пәрменіне дәрмені жоқ мектеп әкімшілігі оқушыларды әлі қабылдамаған. Текетірес сотқа да жетіпті. Білетіндер айтады: шағымданушылар балалар тест кезінде телефон қолданды, әділ өткен жоқ деп тест өткізген компанияға арызданыпты.

Ал ата-аналар: “…сынақты басқа жақтыкілер өткізгені жөн. Өйткені ұйымдастырушыларға жоғарыдан қоңырау түссе, жақын-жуық қолқа салады. Онымен салыстырғанда басқа өңірден келгендер ешкімді танымайды. Сондықтан биылғы тестілеу — бұрынғыдан естілеу”, —  дейді.

Хош, жаңа оқу жылының басталуына үш апта қалды. Соттың қашанға созыларын кім білген? Нәтижені нөлдесе сыннан сүрінбеген шәкірттерге обал, ата-аналар көктемнен бері ақылы тест тапсырып, қыруар ақша жұмсағанын айтады.

Министрлікке үмітпен жазған үшбу хаттың бәрі бас қаланы айналып, мектепке қайта тіреліпті. Енді Сәкен мектебінің оқушылары Сәке-Бәкенің бұйымтайымен толып, ІТ-лицей айқайдан көз ашпай жүрмесе болғаны.

Еркін ҚАРИН, Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.