Әр отбасы бөлек тұруы керек пе?

0
846

Отбасылық мәселе, неке маңыздылығы туралы түрлі пайымдарымен жұртқа танылған Роза коуч оқырманына маңызды бір сұрақ қойды деп жазады Democrat.kz.

«Әр отбасы бөлек тұруы керек. Мен солай ойлаймын. Бөлек тұратын отбасы әлдеқайда бақытты болады. Ондай отбасылар өздеріне сенімді болады. Аяққа тезірек тұрады»,- дейді Роза коуч.

Осы айтылған мәселеге байланысты өз тарапымыздан бірнеше ерлі-зайыптыларды сөзге тартып көрдік. Олар не дейді?

Зейнеп Қалдыбекқызы: «Шаңырақ көтергенімізге 6 жылдан асты. Ата-енем ғана емес, енемнің енесі де бізбен бірге тұрады. Бір үйде 11 адам бірге тұрамыз. Бөлек шыққым келеді. Алайда білесіз, рұқсат жоқ. Жаңадан үйленгенде күйеуім екеуміз жас болып ойнап-күле алмадық. Қазір тіпті есейіп кеткендейміз. Арамыз суып бара жатқандай. Күндіз күйеуім үлкендердің көзінше бұйырып сөйлеп, менен бойын алыс ұстайды. Түнде төсегіміз бөлек. Ортамызда үш баламыз жатады»,- дейді.

Маржан Мейірбек: «Бөлек шықпағанымыз үшін біз ажырастық. Әке-шешесімен бірге тұруды қалаған күйеуім бөлек отбасы болуды қаламады. «Әке-шешеме қызмет ет» деп мені ауылға тастап, өзі қалаға жұмысқа кетті. Шыдай алмадым. Мен не үшін тұрмысқа шықтым? Ата-ене бағып, үй шаруасын атқару үшін бе?»

Әбілғазы Нұрлыбекұлы: «Дұрыс, әр отбасы өз түтінін бөлек түтеткені дұрыс. Біз үйленген соң бір жыл әке-шешеммен бірге тұрдық. Ұрыс-керіс, түсініспеушіліктен көз ашпадық. Ақырында еншімді алып, бөлек шықтым. Бөлек шыққан деген сөз — өз өміріңді сүру. Өзіңе ғана сенім арту. Өз қазаныңда қайнау. Өкінішке қарай, көп ата-ана осыны түсінгісі келмейді. Баяғы заман емес қой, бүкіл баласын бір үйде ұстап отыратын. Жұмыс істеу керек. Біз де өз бала-шағамызға жағдай жасауымыз керек. Сондықтан үйленген әрбір жасты дереу бөлек шығарып жіберу керек».

Сәния Жақанқызы: «Өмір бойы қара шаңырақта тұрдым. Келін болыр түскен күннен үлкендерге қызмет ету- мойнымда болды. Ата-енемді арулап аттандырдым. Ұл-қызым қара шаңырақта өсіп-жетілді. Бәрі жақсы сияқты. Алайда күйбең тіршілік пен ауылдың арасында айналсоқтап жүріп бүкіл өмірім өтіп кетіпті. Жұрт сияқты жарқырап қалаға да шықпадым. Шетел дегенді ойламадым да. Бар ойым үй шаруасы, ата-енемнің жағдайы болыпты. Ал қазір жасым 70-ке таяғанда жүріп-тұруым қиындап, денсаулық сыр берген. Теледидардан қызылды-жасылды өмір сүріп жатқандарға қарап отырып, ішім ашиды. Жас болып ойнап-күлетін шағымда келіндік міндет атқарудан әріге аспаппын. Не бітірдім мына өмірде? Не білім алмадым, не жұмыс істемедім, не ойнап-күліп қыдырмадым. Әйтеуір өмірім өтіп кетіпті».

Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.