Ләззат алу үшін жаназаға баратын пенделер бар екен
Әлеуметтік желіде тараған видеода Нұрлан имам амандасу түріне қатысты пәтуа айтты деп жазады Democrat.kz.
«Шариғатта досыңның, қайынсіңліңнің, балдызыңның бетінен сүйіп амандасу — харам. Дрстардың, сыныптастардың да сүйіп амандасуы — харам. Сүю, сүйісу — жақсы нәрсе емес. Достардың, оның әйелдерімен сүйіп амандасу — харам»,- деген имам келесі кезекте көрісудегі кейбір харамдарға тоқталды.
«Біреу қайтыс болғанда, көрісеміз ғой. Міне, сол кезде аты жоқ, жөні жоқ, бәрін құшақтап шығу да — харам екен. Егер сен көңіл айта келсең, құдай сайратып қойған тілің бар. Қасында тұрып, «иманды болсын», «құдай жарылқасын» т.б. деп айта бер. Бірақ құшақтама!» — деген имам солай құшақтаудан ләззат алатын шалдар бар дейді.
Бұл не? Мұны қалай түсінуге болады? Қазақ жаназада бір-бірін құшақтап көрісіп, ләззат алуға барушы ма еді? Бойында тамшы қаны бар қазақ қаралы үйде қайғырып отырған кісілерді құшақтай отырып, қолдау білдірмеуші ме еді?
Атам қазақ бауырына қысу арқылы күш берудің не екенін бұл дін келгенше зерттеп білді емес пе? Бұл діншілдер бір бірін құшақтаса, ләззатты ойлайтын нәпсіқұмар сорлылар ма еді?
Қазақ баланы құшақтаған. Бауырының ыстығы, күші берілсін деген. Қазақ жылаған кісіні құшақтаған, қолдау беру мақсатында. Қазақ жақсы көрген адамын құшақтаған. Ыстық ықыласын білдіру үшін.
Ешбір қазақ басқа, басқа жаназада ләззат алайын деп көріспеген. Қазақ құшағы кең халық. Қазақтың құшағында тек ізгі ниет қана толы. Әлдебір нәпсінің пасық ниетін қазақтың құшағына тықпалау — әрі қылмыс, әрі иттік емес пе?
Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.
Democrat.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.