105 800 теңгеге бедеуліктен емделіп, балалы болған отбасы

0
235

9 жыл бойы бедеуліктен емделген Балнұр Байсабаева түркиялық дәрігерлердің біліктілігімен алғаш рет ана атанған.

Қазақстандық келіншек Stan.kz тілішісіне 9 жыл бұрын отандық дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймай, салдарынан бала көтере алмағанын айтып берді. Оның сөзінше, өзіне қойылған диагноздың белгілерін Балнұр жасөспірім кезден байқаған.

“Дәрігерлер бала көтере алатыныма кепілдік бермеді”

Балнұр Байсабаева алматылық дәрігерлер осыдан 9 жыл бұрын өзіне “бедеулік” деген диагнозды қойғанын айтты. Бірақ дәрігердің емінен денсаулығы керісінше, нашарлай бастаған.

“2013 жылы репродуктивті жүйемді тексертіп, қарала бастағанда дәрігерлер маған бедеулік деген диагноз қойды. Үнемі етеккірім уақытылы келмейтін. Осының себебін білгім келді. Бұл сырқаттың белгілерін жасөспірім кезден байқадым. Барлық қыздың етеккірі келе бастағанда, менде ондай ештеңе болған жоқ. Гинеколог мамандар маған гормондық дәрілер жазып берді. Ештеңе түсіндірген жоқ. Емхананың бірі “бедеусің” деп жазып берді. 22 жасымда мұның осыншалықты ауқымды мәселе екенін түсінбедім. Гинекологтар жазып берген гормондық дәрілер етеккірдің циклін қалыпқа келтірді. Алайда дәрілердің салдарынан денсаулығым нашарлай бастады. Салмақ қосып, денемнің терісі нашар күйге жетті. Әрине, жанымда серігімнің болмауына байланысты ешбір дәрігерлер бала көтере алатыныма ешқандай кепілдік бермеді”, – дейді Балнұр Жанатқызы.

Кейіпкеріміз сүйіктісінің дәрігерлер қойған диагнозына қарамастан отбасылық өмірге қадам жасауды ұсынғанын айтады.

“Көбі әйел бала көтере алмаса, бұған дейін жасанды түсік жасатқан деп ойлайды. Менің түсінігімде, егер жүктілік әйелдің немесе ұрықтың денсаулығына кері әсер етсе ғана аборт жасау керек. Өзім жасанды түсік жасатуға қарсымын және өмірімде аборт жасатып көрмегенмін. Күйеуіміз екеуіміз 2020 жылы шаңырақ көтердік. Үйленген соң балалы болуды жоспарлап, Алматыдағы гинеколог дәрігерге бардық. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Бала көтере алмаған соң 1-2 жылдай өзіміз үшін өмір сүрейік деген шешімге келдік. Саяхаттадық, өмірімізіге өзгерістер енгізіп, Түркияға көшіп кеттік”, – дейді Балнұр Байсабаева.

Оның айтуынша, күйеуі оның диагнозын емделмейтін сырқат емес, жай ғана гормон бұзылысы деп қабылдаған және әйелінің бала көтере алатынына күмәнсіз сенген.

“Қазақстандық дәрігерлер дұрыс диагноз қоймаған”

Түркияға көшкен соң жас отбасы балалы болуды армандаған. Тағдыр айдап барғандай Балнұр Түркияда қазақстандық дәрігерлердің өзіне дұрыс диагноз қоймағанын біледі.

“2021 жылы күйеуіммен уақытша Түркияда тұрамыз деп шешіп, сонда көшіп кеттік. Біз балалы болуды армандадық. Түркияда медицина саласының дамығанын білеміз. Сөйтіп сонда жүріп тексеруден өтемін деп шештім. Таныстарым ұсынған гинеколог дәрігердің қабылдауына жазылдым. Маған поликистозды аналық без синдромы деген диагноз қойды. Дәрігер мұның қандай диагноз екенін, оның себебі мен салдарын және оның емделу жолын бірінші қабылдауда-ақ түсіндірді. Ең бастысы – мен бала сүйе алатынымды түсіндім”, – дейді келіншек.

Кейіпкеріміз дұрыс диагнозды тек 2022 жылы ғана түркиялық дәрігерлерден естіген.

“Бедеулік” деген диагноз қойған соң қатты уайымға салындым. Ешқашан бала сүйе алмаймын деп ойладым. Ешбір дәрігер менің диагнозымды қарапайым тілде түсіндірген жоқ, бедеуліктің қандай түрі екенін нақтылап айтпады. Мен бұл диагноздың емделетінін не емделмейтінін білмедім. Осылайша, 9 жыл бедеулікпен күрестім. Тек 2022 жылы Түркияға барғанда нақты диагнозды білдім. Түркиялық дәрігерлер мендегі бедеулікті қалай емдеуге болатынын айтып берді”, – дейді кейіпкер.

Дәрігерлер Балнұрға поликистозды аналық без синдромының басты белгісі – етеккірдің болмауы екенін айтқан. Сол себепті кейіпкеріміз аналарға қыздармен ашық сөйлесіп, мұндай тақырыпты қозғауға кеңес берді. Дәрігердің сөзін келтірген кейіпкер поликистозды аналық без синдромы кезінде етеккірдің келуі бұзылып, овуляцияның болмауына әкелетінін айтты. Осылайша, жатырға баланың бітуі қиындайтын көрінеді.

“Бедеулік” деген диагноз қойлыған соң уайымшыл болып кеттім. Ашуланшақ болып, абыржып, жылаған сәттерім көп болды. Сол себепті қыз-келіншектерге айтарым, бұлай істемеңіздер. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Ештеңеден қорықпай, мақсатқа жету үшін әрекет ету керек”, – дейді Балнұр бала сүйгісі кеп жүрген қыз-келіншектерге шабыт беріп.

“Диагноз туралы күйеуім екеуіміз ғана білдік”

Айтуынша, күйеуі мен жақындары дәрігерлер қойған диагнозға түсіністікпен қараған. Алайда қоғамнан қысым көргенін жасырмады.

“Мен керемет әулетке келін болып түстім. Ата-енем, күйеуімнің әпке-қарындастары, тіпті туыстарының біреуі де менен “не себепті бала көтере алмай жүрсің?” деп сұраған емес. Күйеуім үнемі қолдау көрсетті. Өйткені ол не себепті балалы бола алмай жүргенімізді жақсы түсінді. Қоғамда, әрине, орынсыз сұрақтар қойып, қызығушылық танытқан адамдар болды. Бірақ мен олардің сөзіне мән бермедім. Маған “бедеулік” деген диагноздың қойылғанын күйеуім екеуіміз ғана білдік”, – дейді келіншек.

“Жалпы емге 105 800 теңге жұмсадық”

Балнұр сырқатынан айығу үшін шетелдік дәрігерлер қандай ем-дом жасағанын айтып берді.

“Дәрігер овуляцияның болуына жағдай жасау керегін айтты және біз солай істедік. Бірінші күні етеккір келуі үшін дәрі іштім, екінші күні овуляция шақыратын дәрі қабылдадым. Емнің алтыншы күні арнайы дәрігердің нұсқауымен берілетін дәрі ектім. 2022 жылы жалпы емге 105 800 теңге жұмсадық. Дәрігер емдеу процесін сағаттарға бөліп тастады. Белгіленген уақытта дәрі ішіп, белгіленген сағатта ине салды. Осыдан кейін бала көтеретініме сендім. Осылайша, еш қиындықсыз көп ұзамай жүкті екенімді білдім. Аяғым ауыр екенін білгендегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Арқама қанат бітіп, төбем көкке жетердей қуандым. Барлық әйел осы сезімді бастан өткеріп, ана болу бақытына бөленсін”, – деп Балнұр өзімен тағдырлас қыз-келіншектерге тілектес екенін жеткізді.

Балнұрдың айтуынша, бала көтерерде өзі ешқандай түс көрмеген. Бірақ құрбысы Балнұрдың жүктілігі туралы түс көрген. Енесі де де түсінде балық көрген екен. Ал біздің түс жору бойынша, түсіңде балық көру – балалы болуды білдіреді. Жас отбасы сүйінші жаңалықты жақындарына 3 ай болғанда ғана хабарлаған.

“Тұңғышым 10 айлық кезінде қызыма жүкті екенімді білдім”

Кейіпкеріміз құрсағына бала біткен соң да уайымы басылмағанын жасырмады. Ол сол кезде екі есе жауапкершік арқалағанын түсінген.

“Көптен күткен сәби болғандықтан оның қауіпсіздігі үшін қатты қорықтым және ол үшін уайымдадым. Бірақ уайымдайтындай еш себеп жоқ еді. Меніңше, бала күтіп жүрген әрбір әйел уайымшыл келеді және бұл қалыпты нәрсе. Бұл туралы көп айтылмайды. Бұрын жүкті әйелге моральдық тұрғыдан қаншалықты қиын екенін түсінбейтінмін. Жүкті әйел өзіне ғана емес, құрсағындағы бала үшін де жауапты. Тұңғышымды 32 жасымда босандым. Қазір ұлым 1 жас 9 айлық. Осыдан екі ай бұрын екінші баламды дүниеге әкелдім. Осылайша 33 жасымда екі баланың анасы атандым. Негізі екінші баланы жоспарламап едік. Бірақ ұлым 10 айлық кезінде жүкті екенімді білдім. Екінші баламды көтерерде ешқандай ем-дом алған жоқпын. Менің ойымша, бірінші баламды босанған соң ағзам жаңарды”, – дейді екі баланың анасы.

Балнұр босанғанға дейін де, кейін де күйеуі мен жақындарының қолдануының арқасында алаңсыз күтінгенін айтады. Ол қазір сүйікті жар, бақытты ана.

“Дәрігерлер мені кесарь тілігі арқылы босандырып алды. Босануға іштей дайындалғандықтан мен үшін бәрі жеңіл өтті. Босанған соң ата-анам, ата-енем жанымда болып, үнемі көмектесіп жүрді. Ештеңеден қиналған жоқпын. Мен босанған кезде күйеуім Түркияда жұмыста еді. Дәрігерлер жоспарлы кесарь тілігін жасағандықтан күйеуімді серіктестік босандыруға алып кіру туралы мүлдем ойламаппын. Бірақ мүмкіндік болса, ер адамның серіктестік босануға кіруін қолдаймын. Босанғаннан кейін алғашқы бес күн қатты ауырдым. Жүріп-тұруым қиын болды. Жанымда жатқан келіншек көп көмектесті. Ал үйге барған соң анам жанымда болып, бар жағдайымды жасады. Осылайша тез әрі толықтай қалпыма келдім”, – дейді Балнұр Байсабаева.