…алдандық, бірақ алданғанымызды айтуға ұяламыз

0
188

Негізі кез-келген адам өмірінде міндетті түрде алданады ғой. Алданбаған адам жоқ. Тек алданғанымызды айтуға ұяламыз.

Бірде құрдасым мал базарға барса, бір жігіт базардың шетінде «алик, марик, шарик» ойнатып, айқай салып, жарнама жасап, елді төңірегіне жинап жатыр екен. Таныс жігіт болғаннан кейін құрдасым бір қаға берісте «Ой, мұны кім ойнайды? Мұның таза лохотрон екенін елдің бәрі біледі ғой» деп сұраған ғой.

Сөйтсе анау:

— Мен де солай ойлайтынмын, бірақ ақымақтар жыл сайын дүниеге келе береді екен ғой, — деп күліпті.

Сол айтпақшы адам ақымақ боламын десе демде екен ғой.

Осыдан он-он бес жыл бұрын үлкен бір басылымның тілшісі боп жүргенде қаланың қақ ортасындағы үлкен ғимаратта бір бөлмелі жұмыс кабинетім болды. Бірінші қабатта орналасқан.

Ол ғимаратта 5-6 мекеме қатар қоныс тепкендіктен адамдар емін-еркін кіріп-шығып жатады. Кіріп-шығып жатқанға астындағы күзет те пәлендей мән бермейді.

Содан бір күні түскі үзілістен ертерек оралып кабинетіме кеп отыра бергенім сол еді, есік ашылып бір келіншек бас сұқты.

Тура танитын адам құсап амандасты да:

— Бес мың теңгеге майдаң бар ма? – деді бірден. Қолында шынында бес мың теңге тұр.

Көрші мекемеде жұмыс істейтін келіншектердің бірі екен ғой, танымай тұрғаным ұят болды-ау деп қызарақтап, орнымнан көтеріле бердім.

Бес мың теңгенің әжептеуір құны бар кезі еді.

– Жоқ, кешіріңіз, майдам жоқ, — деп күмілжідім.

– Ой, құдай-ай… Бүгін асығып таксиге міне салып едім, шопырдың майдасы жоқ екен. Мына бес мыңды майдалата алмай кірмеген есігім жоқ. Елдің бәрі түскі үзіліске шығып кетіпті. Енді не істесем екен, ә? – деп есігімді кеңірек ашып, дәліздің ана басы мен мына басына кезек-кезек қарады. Шынында елдің бәрі тамақ ішуге кеткен.

Әп-әдемі келіншекке көмектесе алмағаныма ұялып, мен де ыңғайсызданып тұрмын.

– Болмаса майда ақшаң бар ма? — деді бір кезде келіншек қызылқұлақ бес мың теңгені көрсетіп. – Қазір мынаны майдалатып әкеп беремін.

Дереу қалтамды қармандым. Қалтамда екі мың теңгелік бар еді.

– Міне, бары осы… – деп қуанып екі мыңдықты қолына ұстата салдым.

– Ой, рахмет, жақсы болды ғой, қазір күте тұр, — деп табалдырықтан екі аттап көк қағазды іліп алды да шығып кетті.

Содан кейін сол келіншекті көрмедім.

Тіпті көрші мекемедегі қызметкерлерден де сұрадым, күзеттегі жігіттерден де сұрадым. Көрдім-білдім деген адам жоқ. Ешкім танымайды, ешкім білмейді.

Ойпырмай, тапатал түсте көзімді бақырайтып тұрып тонап кеткен келіншекке риза болдым ғой.

Былай қарасаңыз, бәріміз ақылдымыз, бәріміз оқыған-тоқығанбыз, өмір көргенбіз. Адамдарға сенбейміз. Оңайшылықпен біреуге қарызға ақша бермейміз. Күн сайынғы түрлі жарнама, ұтыс ойындарына, басқа да қаржылық пирамидалардың бәріне асқан күдікпен қараймыз.

Бірақ сөйте тұра бәріміз ақымақпыз. Ақымақтар жыл сайын дүниеге келе береді деген рас екен ғой.

Оралхан ДӘУІТ, журналист.

Фото көрнекілік үшін.