Әлеуметтік желі қоғамды аздырмасын десек…

0
116

Ертеректе Дулат Исабеков «Тәуелсіздіктің кедейлік, жемқорлық сияқты біз білмеген тұстары да бар екен» деп сұхбат берген еді.

Сол сияқты подкаст, сұхбат көбейген сайын біраз шектен тыс лағып кететін ойлар көбейеді деп ойламадық. Назар аудармауға да болады. Бірақ лентаңда үзінділері шыға береді.

Өткенде бір қыз Шоқан бүгін жай блогер болар еді. «Абай жолы» қазақтар ғана түсінетін, ешбір адамзаттық тақырып қозғалмаған жай жергілікті шығарма деді.

Бір жігіт сіз рак, дцп-ден сауығып кете аласыз деп видео түсіріпті. Қаба сақалынан сескеніп едім бірден. Сөйтсем, Түркияда емделіп жатқан балаға ақша жинап жатыр екен. Соған садақа берсеңіз, жоғарыдағы кеселдерден айыға аласыз дейді соңында. Нағыз манипуляция ғой.

Өз-өзіне сұхбат беретіндер мықты. Өзіне керек ойын айтып, сол жерден тоқтай қояды )). Сондай бір әйел кісі айтады: әйел бөтен ер адаммен жатқанның ізін жылқының қымызы жуып-шаяды екен, соны жақында АҚШ ғалымдары ашыпты. Ал біздің ата-бабамыз бұрыннан білген. Жау шауып кеткен қыз-келіншекті қайтарса, қымызға 40 күн шомылдырған деп кесіп айтты.

Бірақ әлгі ғалымның есімі, істейтін жерін, ғылыми еңбегін атамады )). Негізі, жатырда бөлінетін қышқылдар 4-5 күнде кез келген ер адамның ізін қалдырмайды, ыдыратады екен. Организм солай жаратылған. Сәл гуглдан тексерсе, ғылымға қайшы мұндай контент жасамас па еді.

Тағы бір кәсіпкер әйелдің «мектеп дұрыс тамақтануды, ақшаны басқаруды, коммуникацияны үйретпейді, ендеше мектепке барудың қажеті не» деген сөзін көріп қалдым. Мектеп 11 жылда тек осыны үйрету керек пе? Баланың күнделікті сыныптастары, апай-ағайымен сөйлесуі коммуникация, социализация емес пе?

Бір «маман» әйел кісінің ақылы есте қалып қойыпты. «Әйелдер тауық сияқты таңнан кешке дейін құт-құт деп қаншама тірлік істеп жүреді. Ал негізі бүркіт сияқты қанатыңды қалқ-қалқ ету керек. Сонда бәріне үлгересің. Бұл — тайм менеджмент» деді. Англияда магистратурада оқығанда тайм менеджмент саласына бөлек курс болған. Бірақ тауық пен қыран жайлы естімеппін )).

Қысқасы, бұрыннан жазып келе жатқан «біздің қоғамға критическое мышление қажет» деген ойым бүгінде одан да маңызды бола бастағандай. Себебі ертең ғылымға қайшы талай “ақыл-кеңеске” сеніп, қателесетін кісілер көбейеді.

Жақында дінтанушы кісі айтып жатыр. Терроризм бойынша сотталған жас жігіттермен сөйлестім, үш-ақ сүре біледі, діннен хабары жоқ дейді. Яғни, сауаты болмай бір «шейхтың» артынан еріп кеткен.

Яғни, желіде, YouTube-та ешкім ешкімге қақпақ бола алмайды. Сондықтан енді көзқарасы қалыптасып жатқан үйдегі балалар кімнің аккаунтына жазылған, кімді оқиды, кімнің видеоларын қарайды, өзі не жариялайды, бақылау керек.

Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ,

саясаттанушы.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.