Ата-ана мен ұстаздардың «құлағына алтын сырға»

0
356

Сонымен, жаңа оқу жылын да бастап кеттік. Жаңа оқу жылының алғашқы аптасы аяқталды. 1964 жылы Роберт Розенталь мен Ленор Якобсон мынадай эксперимент жасапты.

Олар жаңа оқу жылының басында бір мектепке келіп, оқушылардың IQ-ін өлшеп, балалардың біразын таңдап алып, мұғалімдерге мына балалардың ақыл-ой қабілеті жоғары, “болайын деп тұрған балалар екен” депті.

Ал шынтуайтында ғалымдар балаларды ақыл-ойына қарап емес, кездейсоқ таңдаған.

Жыл соңында ғалымдар әлгі мектепке қайта келіп, оқушылардың IQ-ін тағы да тексерген. Сөйтсе, “мына балалардың ақыл-ой әлеуеті жоғары” деп көрсетіп кеткен балалардың IQ көрсеткіші шынында да кәдімгідей өсіп, әрқайсысы озат оқушыға айналыпты.

Сонымен, “Егер оқушының (кез келген адамның) қабілетіне СЕНІМ артып, одан ҮМІТ күтсең, балалар да сол СЕНІМ мен ҮМІТТІ ақтауға тырысып, барын салады” деген гипотеза расталады.

Мұны ғалымдар “Пигмалион әсері” деп атайды. Грек мифологиясында Пигмалион деген мүсінші піл сүйегінен әйелдің мүсінін сомдап, ғажап мүсінге өзі өлердей ғашық болыпты; әйелдің мүсініндей емес, әйелдің өзіндей көрсе керек, бір күні мүсін тіріліп, әйелге айналыпты.

Сондықтан, құрметті ата-аналар мен мұғалімдер әрбір баланың бойында керемет қасиет, ғажап әлеует жатқанына сеніңіздер. Гүлге құнарлы топырақ, күн мен су қалай қажет болса, оқушыларға да сенім мен үміт сондай қажет.

Шыңғыс МҰҚАН, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.