“Ата-анам балалар үйіне алдап тастап кетті” дейді түркістандық қыз

0
3918

Әлеуметтік желіде арнайы видео жариялаған Түркістан облысының жас қызы “ата-анам бізді алдап, балалар үйіне тастап кетті” дейді деп жазады Democrat.kz.

ТикТок әлеуметтік желісінде Turkestanskaya деген атпен парақша ашқан Ләйлә қыздың тағдыры тым аянышты-ақ…

“2018 жылы бір сіңілім, үш ініммен біз Арыс қаласындағы балалар үйіне түстік. Ата-анамыз бізді “осында оқисыңдар” деп алдап әкеліп, тастап кетті.

Әкеміз де, шешеміз де – тірі. Балалар үйіне әкеп тастағандарында менің жасым 8-9-да, ал ең кімкентай інім 6 айлық еді. Кішкентай інімді өзім қарап, “дом малюткаға” бергізбедім.

Тірі жетім болудың қандай ауыр болатынын айтып жеткізу мүмкін емес. Алғашында әке-шешеме тоқтаусыз хат жазатынмын. Оларды сағынғанда, жанымды қоярға жер таппайтынмын.

Өкінішке қарай, уақыт өте келе бұл сағыныш сұп-суық мұзға айналды. 2021 жылы 9 сыныпты бітіріп, оқуға түстім. Қалай болғанда да бауырларым мен сияқты қиналмасын деп, тезірек аяққа тұруға тырыстым.

Сол жылы ата-анамды іздеп, таптым. Алайда алдына барғанымда шешем “керек емессіңдер, сендей қызым жоқ, мен үшін өлгенсіңдер” деп шығарып салды. Сол күні ата-анама деген сағынышым жеккөрінішке айналды.

Студент болсам да, даяшы, курьерлік жұмыс істеп, бауырларыма қолымнан келген көмегімді беріп жатырмын. Бар арманым, төрт бауырымды аяққа тұрғызу”, – деген Ләйлә  көкейінде бір ғана сұраққа жауап таппай жүргенін айтады.

“Әке-шешеміз бізді неге тастап кетті? Кінәміз не?” деген сұраққа жауап іздеп жүрген ол көз жасына ерік берді.

Дайындаған – Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото видеодан скринделіп алынды. 

Видеоны мына сілтемеге өтіп, көре аласыз.