Атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығы мәлімдеме жасады

0
173

Қазақстанның атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығының Facebook парақшасында АӨДҚ төрағасы Алдияр Тоқтаров мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ozgeris.info.

Қазақстанның атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығы Үкіметтің бірінші атом электр станциясын (бұдан әрі – АЭС) салу бастамасын қолдайды.

Әр ұлттың дамуында болашақ ұрпақтың тағдыры шешілетін маңызды кезеңдер болады. Солардың бірі – АЭС салу мәселесі, бұл шешім біздің технологиялық және өндірістік дамуымызға қарай қадам басуымызды не болмаса тек шикізат өндіру мен экспортқа тәуелді экономика ретінде қалуымызды айқындайды.

Менің және менің әріптестерімнің қауымдастықтағы міндеті – балаларымызға, немерелерімізге және шөберелерімізге гүлденген және дамыған елді қалдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсау.

Жаратқан иеміз Қазақ станға уранның ерекше қорларын нәсіп етті, және осы байлықты дұрыс игеріп, өз ісіне адал менеджменттің арқасында елімізді әлем бойынша ең ірі өндірушіге айналдырды. Енді жетекші мемлекеттер өз дамуы мен жетістіктері үшін Қазақстандық табыс тарихына сүйеніп отыр. Бізге де енді бейбіт атомның игілігін пайдаланып, ұлтымыздың дамуына жол ашатын уақыт келді.

Біздің жеріміз бен халқымыз ядролық қарудың зардаптарынан өткен ауыр сынақтарды бастан кешірді. Бұл қайғылы оқиға тек тарихымызға жара салып қана қоймай, Қазақстанға бейбіт атом мәселелерімен айналысуға ерекше моральдық құқық береді деп есептеймін.

Қазақстан халқының атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды қолдауы тек коммерциялық тұрғыдан ғана емес, бұл біздің ұлтымыздың кемелденгенінің белгісі, жасөспірімдік максимализмнен өтіп, болашаққа салқынқандылықпен қарап, ең жақсы перспективаларды таңдап алуымыздың айғағы.

Бұл – Қазақстан әлемдік деңгейде жетекші орын алатын салалардың бірі және халықаралық аренада өз ұстанымын сәтті қорғай алатын сала.

Бұл – Қазақстандықтардың мыңдаған адамға табысты мансап жолын ашатын салалардың бірі. Бұл – менің өзімді тапқан салам, және менің отандастарым да өздері мен балалары үшін әл-ауқат құрып, Отанымыздың гүлденуіне берік негіз қалайды деп сенемін.

Бұл – әлемнің ең дамыған елдерінің экономикалық өсуін ешбір дау-дамайсыз, тәулік бойы және ауа райына қарамастан қолдайтын сала. Мен біздің республика да осы елдердің қатарына қосылу мүмкіндігіне ие болғанын қалаймын және атом өнеркәсібі бізге бұл мүмкіндікті беретініне сенімдімін.

Өз тарапымнан, Қазақстанның атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығының төрағасы ретінде, осы жобадан еліміздің тұрғындары мен бизнесі үшін ең жоғары пайда алуына бар күш-жігерімізді салатынымызды жауапкершілікпен мәлімдеймін, дейді Алдияр Тоқтаров.

Фото интернеттен алынды.